«Жаназа шыққан үйде үш күнге дейін ас берілмейді» Шариғаттың бұл талабына бүгінгінің көршілері көне

Oinet.kz 18-11-2010 2513

Screenshot_2.jpg

 Түркістан қаласында жергілікті ақсақалдар алқасы және мешіт имамдары бірлесе отырып үлкен  бастаманы жүзеге асырды. Шариғаттың талабы бойынша   жаназадан соң үш күнге дейін ас беруге болмайтыны белгілі.  Дегенмен, бүгінгі таңда бұл талапты орындап жатқандар кемде-кем.  Жаназадан соң  дастархан жайып, ас беру дәстүрге айналғалы қашан.  Бұл мәселе біраздан бері Түркістан қаласында талқыланып келіп, жергілікті ақсақалдар алқасы мен мешіт имамдары бірлесіп халық арасында уағыз жасауға көшті. Аталған мәселеге байланысты бірнеше үлкен жиын өтіп, жергілікті телеарна эфирінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Қаланың бас имамы Омар Елеуұлының айтуынша, бүгінде түркістандықтардың барлығы дерлік жаназадан соң үш күнге дейін  ас беруден бас тартқан. 

Дегенмен, бұл бастамаға қатысты қоғамда түрлі көзқарас туындап отырғаны да жасырын емес. Бір жағынан  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы пәтуасы, екінші жағынан  бұрыннан дәстүр ретінде қалыптасқан жөн-жоралғылар. Қайсысы дұрыс?  Пікір екіге жарылды.  

 Жарылқасын Әзіретбергенұлы, Түркістан қаласы ақсақалдар алқасының төрағасы:

«Бастапқыда қарсылық болып қазір түсіністік таптық» 

-Осы мәселені көтеріп, жаназа кезінде жұртқа айтқан кезімізде қарсылық танытқандар аз болмады. «Сіздің не шаруаңыз бар. Өлікті жөнелтетін біз. Басқа жердің барлығында қой, жылқы сойып ас беріп жатыр. Неге мен әке-шешеме осылай жасамаймын?», деген уәждерін келтіргендер кездесіп жатты. Дегенмен, түсіндіру жұмыстарын жүргізген соң нәтиже шыға бастады.

Бір күні Түркістанда көп жыл бойы заңгер болып істеген үлкен азамат қайтыс болды. Елге белгілі, сыйлы кісі болған соң Алматы, Атырау, Астанадан көңіл айтып, жаназаға қатысуға бір топ  азамат ат басын бұрды. Келген бойда микрофон алып, «ағамыздың жақсы істерін айтамыз, мал сойғызамыз» деп әрекет жасады.  Марқұмның туыстары «қазір бізде олай жасалмайды, Жақсылық Әзіретбергенұлы бастаған жергілікті ақсақалдар алқасының ұсынысымен үш күнге дейін ас берілмейтін болды» дегенде әлгілер ашуланып, араларынан  «Әзіретбергенұлы деген біреу шығарыпты, кім ол?», деді ашулы үнмен.  «Мен, - дедім. -  Бірақ мұны мен  шығарғаным жоқ. Алла тағаланың шариғатында бар нәрсе, үш күнге дейін ас беру өлікке қайта зиянын тигізеді екен. Сіз Құран кәрімге бағынасыз ба?», дедім. Осы кезде марқұмның ағайын-туыстары да бізді жақтап, үш күнге дейін ас бермеуді дүние салған азаматтың өзі де талап еткенін жеткізді. Қазір Құдайға шүкір деп айтайық, Түркістанда жаназаның барлығы дерлік  ешқандай ас берусіз өтіп жатыр. 

 Омар Елеуұлы, Түркістан қаласының бас имамы:

«Шариғатта жоқ шығынды жасап жүрміз»

-Біз осы мәселеге қатысты  бұған дейін ел арасында уағыз насихат жүргізіп келгенімізбен, айтарлықтай нәтиже шыққан жоқ. Бұл бастаманы іске асыруға  2007 жылы түбегейлі  кірістік. Себебі, халық арасында «біздегі жаназа өлім-жітімге ұқсамай, керісінше бәсекеге айналып кеткендей сипат алды. Дастарханды гүлдендіріп, тіпті той жасағандай болады» деген ой-пікірлер айтыла бастады.

Жалпы,   қара жамылған отбасыға ауыртпалық  түспеуі керек. Барлығына бірдей қойылған талап: мәйітті жуу, арулап жаназасын  шығарып, жерлеу. Бұл исламда  парыз кифая деп аталады. Ал мал сойып,  ас берілсін деген талап  қасиетті дінімізде жоқ. «Мейлі, жағдайы барлар берсе бере қойсын, шамасы келмегендер ас бермесе де болады» дейтін болсақ, жағдайы жоқ отбасылар басқалардан қалғысы келмей жанталаса бастайтыны айтпаса да түсінікті. Яғни, қасиетті дініміз адамдардың шамасы келетін нәрсені ғана  әмір етеді.

 Әбілда Аймақ, Оңтүстік Қазақстан жазушылар одағының төрағасы:

«Мәйітті жерге қоймай жатып-ақ ас беретіндер бар»

-Қазақ қызық халық қой. «Өлік -  бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деп мақалдатып қояды да, бәз-баяғынша ас беруін жалғастыра береді. Бұл өте дұрыс бастама. Мысалы, жас бала дүниеден өтсе, сол үйге келіп көңіл айтуға келгендер түк болмағандай тамаққа отырыса қалады. Беймарал шайын ішіп, асын жеп әңгіме-дүкен құрады. Бұл дұрыс емес. Өлік шыққан үйден дәм татпау керектігі шариғатта бекер айтылмаған ғой.  Ауылда әдетте өлік шыққан үйге ағайын-туыстары жиналып бейсенбілігін беріп, Қүран оқытып жатады. Қара жамылған үйге дастархан жасатпау керек. Адам өліп жатса, қайғының үстіне қосымша шығынға батыру мүлдем жараспайтын тірлік деп есептеймін.

- Бұған қарсы пікір айтушылар қазіргі көршілердің бұрынғыдай емес, қала тұрғындары көбінесе бірімен-бірі араласпайтынын алға тартады.

- Көрші табылмай қалған күннің өзінде  алыс-жақын ағайындары бар емес пе? Түптеп келгенде Құранда бекер жазылмайды ғой,  шариғат жолымен жүрсе ешкім адаспайды. Оның қалада не ауылда болуының қандай маңызы бар? Көршілердің араласпауы шариғат талабын орындауға  кедергі келтірмесе керек.  Шариғаттың талабы бүкіл мұсылман үшін ортақ. Өткенде мынаның  куәсі болдым. Шәуілдір жаққа бір кісінің жаназасына бардық. Сөйтсем, ол жерде мәйітті жерге қоймай жатып-ақ ас береді екен. «Бұларың не?» десек, «бізде сондай, асыққандар болса мәйітті қоймай жатып тамақ жеп кете береді» дейді.  Менің ойымша,  дүниеден өткен адамды сыйламау деген осы. Шыны керек, қазір бізде жаназа үстінде ас беру жарысқа ұқсап кетті. Кім дүниеден өтсе де үлкен тойханаларға ас беріп жатады. Мұның енді несі дұрыс?

Жалпы, бұл бастаманы қоғам бірден қабылдайды деп айта алмаймын. Ас беруге көпшілік үйреніп қалған. Бұл қанша жылдан бері қалыптасқан, қанға сіңген әдетке айналды. Ол үшін қоғамның санасын өзгерту қажет.  «Арыстай азамат дүниеден өтіп жатса неге ас бермейді? Тамағын қызғана ма? Әруағына бағыштамай ма?», деп ас бермеген үйді мазақ қылуға көшеді. Ал кедей отбасы  дастархан жаю үшін амалдың жоқтығынан қарызданатыны ешкімді қызықтырмайды.  Жаназасы, жетісі, қырқы бар. Осының үшеуі-ақ кімді де болсын титықтатып бітеді. Қарызға белшесінен батса не болады сонда?

    Амантұр Мұсаев,

 «Бұл кешегі күннің талабы»

- Шариғатта өлік шыққан үйде үш күнге дейін тамақ әзірленбеуі тиіс деген талаптың бары рас. Бұрынғы заманда асты негізінен көршілер беретін.  Бірақ қазіргі жағдай басқа ғой.  Алыстан келген қонақтарға қалайша ас бермейсің? Айталық, жаназаға сонау Алматы, Ақтау, Астана, Ақтөбе, Семейден келді делік. Сонда олар үш күнге дейін аш құрсақ жүре ме? Келген адамға тамақ бермесін, қазан асылмасын деу дұрыс па? Бұл дұрыс емес.

- Көршілер бар емес пе?

- Қазіргі жағдай басқа ғой, бұрынғының көршісін қазіргілермен салыстыруға келмейді. 

- Жағдайы жоқ отбасылар қайтеді?

- Қазақтың дәстүрінде бұрыннан бар, жағдайы жоқтарға ағайын-туысқаны келіп жәрдем береді.

- Сонда діннің талабы орындалмай қала бере ме?

- Ол енді бұрынғы жағдайда керек болған шығар. Ал бірақ қазір қалай болады? Демек, бұған өмірдің өзі өзгеріс енгізгені ғой.  Өз басым ас бермеу дегенге өзім мүлдем қосылмаймын.

 Жеңісбек Тұрғанов, облыстық мәслихаттың депутаты:

-Үш күнге дейін тамақ бермесін деген өте дұрыс емес нәрсе деп ойлаймын. Себебі, көңіл айтуға үйдің айналасындағылар ғана емес, сонау алыстан көптеп адамдар келеді ғой. Көршілерге жүгінейін десе қазір нарықтық заман ғой. Өз басым бұл талапқа қосылмаймын. Қара жамылған шаңырақ иелерінің құда-жекжаты, ағайын-туысқаны бар емес пе. Солар қызмет етсін. Көршілерге жүгінудің реті келмейді. Келген қонақтар  қашанғы көршінің үйінде отырады? Қазір қай көрші көмекке келіп, үйін бірнеше күнге босатып береді дейсіз?  Діннің талабы бар да шығар, бірақ бұл енді әркімнің өз ниеті, пейіліне байланысты деп ойлаймын. Осыдан екі жыл бұрын анам қайтыс болды, алты жыл бұрын інім дүние салды.  Тиісті жоралғылардың барлығын жасадық, көңіл айтуға келген кісілерге ас бердік. Баршылық заман ғой қазір, көрпеңе қарай көсіліп, келген адамға тым болмаса қарапайым жағдай жасап, шай беруге болады деп ойлаймын.

Ауызашар берудің сауабы қандай?
Бейбіт Мырзагелдиев: «Дін мәселесінде арабтарға мұқтаж емеспіз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу