Мешіттің қаржысына қол сұғу мешкейліктен де сорақы ғой

Oinet.kz 19-05-2011 821

Screenshot_7.jpg       

Елден де, Елбасыдан да тағы ұят болды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен әлемдегі ең бай-бақуатты  мемлекеттердің  бірі саналатын Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті Халифа  бен Заид аль-Нахаян екеуі Шымкенттте жиі жүздесіп жүргенде ислам дінінен имандылық іздеген екі мемлекеттің басшылары тек шай ішуге  бас қоспай олардың жылышырайлы кездесуінен кейін көпшіліктің көкейіндегісін дөп басатын игі тірліктер қолға алынуы қуанарлық жайт. Сондай оң бастаманың  бірі Халифа бен Заид Аль-Нахаянның қоры облыс орталығынан 5 мың адамдық сән-салтанаты келіскен зәулім мешіт салып беріп Елбасыға, елге деген құрметін білдіруді көздегендері көрегенділік, көңіл сыйластығы, көңіл қимастығы емес пе?  Өкінішке қарай құрылысы бір жыл ішінде аяқталады деген құлшыныспен басталған мешіт содан бері табаны күректей төрт жыл өтсе де әлі бітпей жатқаны былай тұрсын «Алланың қолдауымен, арабтардың демеушілігімен ел игілігіне ұсынылатын имандылық үйін салуға қаржы дұрыс жұмсалмай талан-таражға түскені» жайлы ақпаратқа жұрт жағасын ұстап жүр. Мешіттің қаржысына қол сұғу  мешкейліктен де сорақы ғой.  Тәрбиенің діңгегін діннен іздеп, бізді де  имандылыққа шақыратын исламның шарапатына, шапағатына бөлеуді ниет тұтқан араб ағайындарды алдау, мешіттің бітуін асыға күткен жергілікті халықты алдау аз күнә еместігі белгілі. Ал Алланың алдындағы күнәдан осыған шын кінәлі адамдар екі дүниеде арыла алар ма екен? Облыстық прокуратураның  мәліметіне жүгініп тақырыпты тарқатып айтайық.  

2007 жылы қыркүйек айында облыстық құрылыс басқармасында өткен сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша «Трансстрой» БҚК» ЖШС жеңімпаз ретінде танылып,  директоры Ш.Төлегенов пен Біріккен Араб Эмиратының Шейх Халиф бен Заид Аль-Нахаян қоры арасында құны  8 миллион АҚШ долларын құрайтын келісім-шартқа қол қойылады. Мердігер компания мешіттің құрылысын 366 күн ішінде, яғни келісім-шарт бойынша  2009 жылдың 2 сәуір күні тапсыруға міндеттелген. 2008-2009 жылдар аралығында Аль-Нахаян қорынан мердігердің есеп-шотына 3,9 миллион АҚШ доллары аударылған. «Трансстрой» БҚК» ЖШС директоры Ш. Төлегенов осы қаржының толық игерілгені жайлы құжаттарды әзірлеп, атқарылған жұмыстың есебін беруі керек еді. Қынжылтарлығы сол, құрылыста кемшіліктер кездесуі көбейіп кеткендіктен арабтар алдымен аударылған ақшаның өзіне есеп айырысуды, қалған тірлікке содан соң көшуді талап етулері түсінікті. 

Себебі еліміздегі сейсмикалық төзімді құрылыс, сәулет ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жобалау институтының мамандары жан-жақты тексеру жүргізгенде  мешіттің құрылыс-монтаждау жұмыстары тиісті нормалар мен ережелерге  сәйкес келмейтіні анықталған. Атап айтқанда, мердігер сапасыз құрылыс материалдарын пайдаланудан арланбаған. Төмен маркалы цемент, сапасыз темір конструкцияларын қолдану өз алдына, мешітті тұрғызуға тәжірибесіз жұмысшылар кеңінен тартылған. Осындай олқылықтардың салдарынан жобадан ауытқушылықтар орын алыпты. Мамандардың пікірінше, ғимараттың бетон конструкцияларын күшейтпесе болмайды.  Әрине, Құдай сақтасын дейік, бірақ сапасыз соғылған мешітке адамдар құлшылық жасауға келіп құрбандыққа шалынса сұмдық қой. Аль-Нахаян қорынан мешіттің құрылысына деп бөлінген 825 мың АҚШ доллары қағаз жүзінде игерілгенімен, іс жүзінде ешқандай жұмыс атқарылмаған болып шықса ертеңгі күні мұндай сұмдықтың болмасына кім кепіл?  «Серпин Аудит» ЖШС-ның мамандары мешіт құрылысына бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына тексеру жүргізгенде, «Трансстрой» БҚК» ЖШС 465  миллионан астам  теңгені ысырап етіп, мақсатсыз жұмсағанын анықтауы бекер деймісіз? Құрылыс басталғалы бері мердігер компания -«Трансстрой» БҚК» 18 миллион теңге көлемінде салық төлеуден де жалтарыпты. Бүгінде қаржы полициясы мердігер компанияның директоры Ш.Төлегеновтың үстінен Қылмыстық кодекстің 176 және 222 бабтары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдары жүргізілуде. Қазір ол үйқамақта отыр. 

     «Трансстрой» БҚК» ЖШС-ның атқарған тірліктерінен шикілік шыққан соң оның орнына «Дина-Н» ЖШС іске кіріскен. Рас--өтірігін анықтау құқық қорғау құзырында, әйтеуір «Трансстрой» БҚК» ЖШС да, «Дина-Н» ЖШС да оңтүстік өңіріне танымал кәсіпкер Нарынбай Асановтың құзырына бағынатынын құлағымыз шалды. Алдын ала сызылған сценарий бойынша бір фирмасы «сәтсіздікке ұрынып», оның жұмысын жалғастыруды  екінші фирмасының еншісіне сыйлауы тым еркінсудің, тым асып тасудың өзі ғой. Үлкен ақша араласқан жерге қолындағы билігі үлкен  адамдар белсеніп кіріспесе, бүйтіп бір тірлікке бір тірлікті сабақтастырған «сәтті сценарийді» Нарынбай Асановтың жалғыз өзі сыза алмайтыны да, сыбайластарынсыз жалғыз өзі жүзеге асыра алмайтыны да айдан анық.  Бизнесте судағы балықтай жүзетін нарқасқа Нарынбай Асанов облыстық мәслихаттағы мандатынан айырылып, сайлаушыларының алдында абыройы айрандай төгіліп сорлаған күйі «көп мөлшерде мемлекетке төлейтін салықтан жалтарды» деген айыппен сотталып тынғанына көп бола қойған жоқ. Мұндайда оған не деп жұбату айтуды білмейміз, бір білетініміз «айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады» деген халық нақылы еріксіз есімізге түсіп отыр.  

Хош. Мешіттің ендігі тағдыры қандай болмақ? Бұл сұрақты бірнеше құзырлы мекеме басшыларына жолдағанымызда жарытымды жауап ала алмай дал болдық. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасындағылар да, қалалық құрылыс бөліміндегілер де ат-тонын ала қашып, түрлі себептермен ақпарат беруден жалтарды. Бұл не, жауапкершіліктен қашу ма, әлде басқа себеп пе, онысын білмедік. Бір білгеніміз былтырдан бері  мешіттің құрылысын  жүргізу «Эристайл-Қазақстан» ЖШС-ға жүктеліпті. Дәл осы мердігер бұған дейін Аль-Нахаян қорының қаржысына Шымкент қаласындағы перинаталдық орталықтың құрылысын талапқа сай жүргізіп алғыс арқалаған болатын. Енді елді шулатқан «сақалды құрылысқа» жан бітіріп сапасы жоғары мешітті көпке созбай халықтың игілігіне ұсынса кәнекей. 

Әттең-ай десеңші. Елден де, Елбасыдан да тағы ұят болды.  Елбасының өзі тікелей араласқан тірліктерден оңтүстікте ши шығып, шу шығып, шикілігі ашылып қалуы әбден әдетке айналып кеткені өкінішті-ақ. Елбасының өзі арнайы келіп ашқан облыс орталығындағы индустриалды аймақтағы жұмысшылардың бірнеше айдан бері жалақылары қолдарына тимеуіне байланысты олардың ұйымдасып шу көтергендерін республикалық телеарнадан көпшіліктің көргені күні кеше ғана. Елбасымен тікелей эфирде мақтанып мәлімдеме жасалғанымен Шымкент қаласындағы қорғасын зауытының  ішіндегі аккумулятор цехының  артынша жұмыс істемей қалғаны, Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы халық «таза ауыз сумен толық қамтылды» деген уәденің жалған болып оның айқай-шуы жылдан жылға жалғасуы сияқты көзбояушы әрекеттер әкімқаралар тарапынан үдемесе тоқтайтын түрі жоқ. Елдің де, Елбасының да алданып жүргенін әшкерелеуге біз тілге тиек еткеннен де өзге фактілер өте көп. Бұл тақырыпқа алдағы уақытта бөлек әңгіме қозғамақпыз.  Енді міне, мешіттің төңірегіндегі дау-дамай болса-мынау. Қайталап айтамыз, басқасы басқа мешітке байланысты дау-дамай туғызу, қаржысына қол сұғу мешкейліктен де сорақы ғой. Мешкей деген жақсы ат емес.  

 Бейбіт Мырзагелдиев, ҚМДБ Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, облыстың бас имамы: 

                    Орталық залдың биіктігі пәс

- Арнайы маманы болмағандықтан  мешіттің құрылыс сапасы жайлы нақты баға бере алмаймын. Байқағаным  орталық залдың биіктігі пәстеу сияқты. Адамның бойынан сәл-ақ асады. 1-1,5 метр көтергенде дұрыс болар ма еді. Бірақ оны енді өзгерте алмаймыз. Соңғы апталарда жұмыс жанданғанын аңғардым.  «Құдай қаласа осы жылы бітіріп  береміз» деп мердігер уәдесін беріп отыр.  

 Еркін Жүсіп, сәулетші: 

      Мешіттің жері сәтсіз таңдалған

-Жалпы, облыс орталығында жаңадан үлкен мешіт салу мәселесі сонау 2005 жылы қозғалған еді. Сол кездегі облыс әкімі   Болат Жылқышиев бұл тірлікке ерекше көңіл бөлді. Мешіт салуға лайықты деп қала шетіндегі «Қайтпас-1» елді мекені аумағындағы көлемі 5 гектар жерді таңдадық.  Мешіт біз таңдаған жерге тұрғызылғанда қаланың кез-келген жерінен көзге шалынатын. Әсіресе түнгі көрініс керемет әсерге бөлейтіні анық еді. Болашақ мешіттің қазығын қағып, тіпті қазаншұңқырын қазып қойғанбыз.  Көп ұзамай облыс басшысы Жылқышиевтің  қызметі ауысқан  соң жаңа әкімнің командасы өзгеріп, мен де жұмыстан босадым. Қысқасы мешіттің дайын жобасы ескерілмей  орнына басқасы  әзірленді.  Қазіргі орналасатын жері  сәтсіз таңдалған. Жол айрығында мешіт салуға бомайды. Сәулетші ретінде бұл жобаны қолдамаймын. 

Oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg


Бейбіт Мырзагелдиев: «Дін мәселесінде арабтарға мұқтаж емеспіз»
Мұқан Шәкіров: «Ең сәтті образым төбеттің рөлі»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу