Қазақты тәрбиелеген 3 ауыз сөз

Oinet.kz 20-10-2020 1640

image.png

Қазақты тәрбиелеген 3-ақ ауыз сөз бар. Ол - «ұят болады», «обал болады», «сауап болады» деген ұғымдар.

Бүгін қазақтың бүкіл өмірімен біте қайнасып, қанына сіңіп кеткен осы 3 ұғымның мәнін талқылап көрсек дейміз:

1. ҰЯТ БОЛАДЫ.

Иә, бәрімізді ата-анамыз осы бір сөзбен өсіргені рас. Ұят боладыдан өлген адам жоқ. Керісінше, жетілді)

«Үлкендерді атын атама, ұят болады», «алдын кесіп өтпе, ұят болады», «көршінің затын алма, ұят болады», «қарқылдап күлме, ұят болады», «мұғалімге сөз қайтарма, ұят болады»

Қарап отырсаңыз осының бәрі айналып келгенде адамның өзіне, қоғамға пайдасы тиетін дүниелер екен.

«Ұят боладының» ар жағында «Ұят – иманнан», «Ұялмасаң білгеніңді істе» деген хадистер жатқанын ескерсек, дана қазақ осы бір –ақ сөз арқылы ұрпағын жамандықтан, арсыздықтан, азғындықтан тыйған екен ғой.

2. ОБАЛ БОЛАДЫ.

Шариғатта «обал» деген сөз «артында жазасы, сұрауы бар» деген мағынаны білдіреді. Мұны білген қазақ «нан қоқымын жерге тастама, обал болады», «нанды теппе, обал болады», «құмырсқаны өлтірме, обал болады», «құсты азаптама, обал болады», «біреуге қиянат жасама, обал болады» деп сол адамның басына қайта айналып келетін жамандықтан тыйған, ескерткен, тоқтау салған. Ал Алла Құранда: «Кім заттың ең кішкентай бөлшегінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Және кім заттың ең кішкентай бөлшегінің салмағындай жамандық істесе, оны да көреді», - деп ескертеді. («Зілзала» сүресі, 7,8-аяттар)

Демек, бұл – Қиямет күні адам Алланың алдында есеп беріп, жасаған жамандығының обалына қалады деген сөз.

Қазақтың мұны да білгенін және соны орындап келе жатқанын есіңізге ұстай отырыңыз)

3. САУАП БОЛАДЫ.

Бұл – таза шариғи термин. Сауап сөзі «сый», «ақы», «қайтарым» деген мағыналарды береді.

Қазақ неге баласын осы сөзбен тәрбиелеген десеңіз, бұл таза иманмен байланысты нәрсе екен. Әрбір жақсылыққа он есе сауап берілетінін ескерсек, қазақ:

«Жетім-жесірге қарайлас, сауап болады»,

«Туғаныңа қайырым қыл сауабы тиеді»,

«Мұқтаж адамға бөліп бер, сауап аласың»

деу арқылы баласын Есеп беретін күнге дайындалуға, Алланың сүйікті құлы болуға дағдыландырған. Адам істеген жақсылығының сауабын, қайтарымын Қияметте көреді. Иманды адам болған болса, көз көрмеген, құлақ естімеген сыйға, құрметке ие болып, мәңгілік рахатқа кенеледі. Ендеше, мұндай сөзді сауаптың не екенін шын түсінген және иманның қадірін ұққан адам ғана айта алса керек.

Демек, қазақтың «Ұят болады», «Обал болады», «Сауап болады» дейтін тәрбиесінің астында үлкен мән, ерекше тағылым бар екен. Бала тәрбиелеудің бұдан асқан үлгісі бар ма, айтыңызшы?

Сені таң намазына оятатын 8 себеп
Адам өзінің кемшіліктерін төрт түрлі жолмен түзей алады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу