Вашингтонда Рамазан айы мемлекеттік деңгейде мойындалды
Вашингтон штаты АҚШ-та Рамазан мен Құрбан айт мерекелерін ресми түрде мойындаған алғашқы өңір атанып, мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айына ресми мәртебе берді. Бұл туралы штат губернаторы Боб Фергюсон X әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлады Анадолы агенттігі.

Губернатордың айтуынша, штаттағы мұсылман қауымы қоғамның ажырамас бөлігі саналады. Олар білім беру, денсаулық сақтау, экономика, технология, өнер және азаматтық қоғам салаларының дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Фергюсон Рамазан айының бүкіл әлемдегі миллиондаған мұсылман үшін қасиетті кезең екенін атап өтті. Бұл уақытта мұсылмандар ораза ұстап, құлшылық жасап, қайырымдылықпен айналысып, өзара ынтымақты нығайтады. Оның сөзінше, бұл құндылықтар жомарттық, өзін-өзі тәрбиелеу, шүкіршілік пен әлеуметтік жауапкершілікті арттыра түседі.
Губернатор сондай-ақ Вашингтон штаты Рамазан мен Құрбан айт мерекелерін ресми түрде мойындаған алғашқы штат екенін еске салды.
— Рамазан айын ораза және дұғамен қарсы алып жатқан Вашингтон штатындағы мыңдаған мұсылмандарды құттықтаймын. Вашингтон штаты мұсылман қауымдастықтарын қолдайды, — деп жазды ол.
Боб Фергюсон ай күнтізбесіне сәйкес жаңа айдың тууымен басталатын 2026 жылғы 18 ақпан мен 19 наурыз аралығын Рамазан айы деп ресми түрде жариялайтынын мәлімдеді.


