Реинкарнация: Өлімнен кейін де өмір бар...

Oinet.kz 24-02-2019 1161

Біздің ата-бабаларымыз өлімнен кейін өмір бар дегенге ешқашан сенген емес. Тіпті ол туралы ойлаған емес. Тек материалистік түсінік үстемдік еткендіктен  бәріміз өлген соң санамыз жойылып, тәніміз шіріп жоғалатынына кәміл сенген.Қазір ғылымның шарықтап дамығаны сонша - реинкарнация немесе өлген тіршілік иесінің басқа тәнге ауысып қайта жаратылуы туралы ілім пайда болған. Бұл ілім индуизм және буддизм діндерінде кең орын алады. Иудейзм дінінде ол жайында болар-болмас түсінік болса, христиан және ислам діндері реинкарнация құбылысын мүлдем теріске шығарады. Бүгінгі күні реинкарнация құбылысын зерттеуге ғылым да бет бұрып, осы салада бірқатар жетістіктерге де жетіп отырған жайы бар.

proshlye_zhizni.jpg

Қазіргі таңда  АҚШ-та өткен өмірді зерттеумен айналысатын ассоциация  жұмыс істейді. Оның құрамында әлемнің әр елдерінен кірген психолог, медицина саласының ғалымдары бар. Бұл салада зерттеулерімен көзге түскен ірі ғылыми тұлға қатарында американдық ғалым Ян Стивенсонды атап өтуге болады.

Бүгінде Вирджиния штатында психиатрия медицина мектебінде қызмет ететін профессор Стивенсон бар саналы өмірін реинкарнация құбылысын зерттеуге бағыштап келеді. Қазіргі күні ол өткен өмірін естерінде сақтаған 2 мыңдай адаммен тілдесіп, олардың айтқандарын құжаттап алған. Ғалымға түсінік бергендердің басым көпшілігі 3-5 жастағы сәбилер екен. Осыған қарап, адам дүниеге келгеннен кейінгі 3-5 жылға дейін өткен өмірінің ықпалында болып, содан кейін оны ұмыта бастайды деген тұжырым жасауға болатындай.

Ғалым өзі жинаған деректердің басын құрап «Өткен өмірлерін естерінде сақтаған сәбилер» атты кітап жазады. Ол кітаптың кейіпкерлері тәй-тәй басқан сәбилер болса да, олардың сөздері мен әрекеттері еріксіз таңдай қақтырып таң қалдырады. Жап-жас сәбидің өмірі көрмеген елді мекендер, адамдар туралы дәл айтып берулерінің астарында не бар?

Реинкарнация ілімінің бар екенін дәлелдейтін оқиғалар тіркелген. Мысалы, Ливан мемлекетінің Корнаел деген елді мекенінде тұратын Имад Элавар атты сәбидің өткен өмірі жайында айтқан әңгімелері ата-анасын таңғалдырып, бұл жайт ғалым Стивенсонға жетеді. Ол Ливанға арнайы келіп, сәбимен жүздеседі. Оның айтуынша, өткен өмірінде сол өңірдегі басқа бір елді мекенде өмір кешкен. Стивенсон бұған көз жеткізу үшін баланы өзі айтқан елді мекенге алып барады. Қызығы сол, сәбидің айтқан сөздерінің бәрі дәлме-дәл келеді. Өмірі көрмеген елді мекенді ол қалай білген деген мәселе басы ашық күйінде қалады.

Сондай-ақ, 1951 жылы Индияда тұратын 3 жастағы Сварнлата деген қыз баланың айтқандарын дәлелдеу үшін Стивенсон тағы да арнайы жұмыс сапарына шығады. Өз есімін Бия деп атаған әлгі сәби сол кезде тұрған мекеннен жүздеген шақырым қашықтықтағы басқа провинцияда өмір кешкендігін айтады. Ол, тіпті қандай отбасында тұрғанын, күйеуі мен балаларының атына дейін айтып береді. Содан Стивенсон сәбиді алып әлгі провинцияға сапар шегеді. Үш жастағы қыздың бөтен үйдің ұңғыл-шұңғылына дейін білетіндігі, тіпті, қайтыс болар алдында күйеуінің берген 2 мың руппи ақшасын қайда тыққанын көрсеткені – жұртшылықты да, ғалымды да айран-асыр таңғалдырады.

Ғалым реинкарнация құбылысын зерттеу бағытында гипнозды да пайдаланып көріпті. 1954 жылы Колорода штатында тұратын Вирджиния Тай деген әйел гипноздың  әсерімен үш ғасыр бұрын Швецияда шаруа отбасында туғанын және өзінің әйел емес, еркек болғанын айтқан болатын. Содан кейін ол швед тілінде сөйлей бастайды. Оның айтқандары бейнетаспаға жазылып алынған. Кейін белгілі боландай, өмірі Швецияда болмаған және швед тілін мүлдем білмейтін әйелдің өзі туып өскен өңір туралы айтқандары мен шведше сөйлеген сөздері ғалымның тағы да реинкарнация құбылысының ақиқаттығына көз жеткізе түседі.

Айдарға кіру
Қадір түнін қалай өткізген дұрыс?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу