Әділбек Ыбырайымұлы: Мені үлкен өмірге бейімдеген интернат

Oinet.kz 22-04-2022 2499

Screenshot_1.jpg

Әділбек Ыбырайымұлы,  ақын, жазушы, Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты:

Мен жарық дүние есігін Алматы облысы (бұрынғы Талдықорған) Ақсу ауданының Қызылағаш ауылында ашқан екенмін. Малшының отбасында туғандықтан тіршіліктің қыр-сырын түз төсінде тани бастадым. Сағымы бұлдыраған бұйрат-бұйрат дала, найзатасы көкке шаншылған қарлы тау, ыстығы табаныңды қарып түсіретін майлы топырақ. Осындай жұмбақ дүниенің арасында асыр сап, аунап-қунап өстім. Төрт қыздан кейін туғаннан соң еркелігім шектен шығатын. Малшылардың үйлері бір-бірінен алыс отырады, солардың балаларына барып ойнауым үшін ата-анам ат ерттеп қояды. Тұра сап оразамды ашысымен ойын қуып, атпен кетемін. Ол бір жуас ақбоз ат еді. Жануар ұзақты күнге аш байлаулы тұрады. Оған кейде бүкіл бала жабылып, мінгесіп аламыз. Менде бүгінгі балалар секілді түрлі-түсті ойыншық болмады. Бірде анам желкесіндегі жібін тартсаң кісінейтін қуыршақ-ат әкеп берді. Әлгімен екі-үш күн ойнағаннан соң, ішінде не барын көруге құмартып «соғымға сойып» тастадық. Басты ермегім – қозы-лақ, бұзау, құлыншақ... Жетіге дейін балалық шағым жайлау мен қыстауда қыр қойнауында алаңсыз өтті.

Оқу жасына іліккен соң күзде ауылға сабаққа алып келді. «Сен үлкен болдың, оқисың» деп қояды. Бір әріп танымаймын, қалам ұстамағанмын, санау да білмеймін. Нағашы апам жетелеп адам шоғыры көп бір жерге келдік. Өңкей бөтен кісілер, балалар... мұндай қалың адамды көрмеген басым жатсына қарадым. Оңтүстіктегі қыркүйек айы – ыстық. Үстімде костюм-шалбар, шашымды ұстарамен алып тастаған тақыр басыма драптан тігілген қалың кепкіні нығарлай кигізіп қойған. Оның мөлшері кішілеу ме маңдайымды қысып, төбесі жып-жылтыр құйқама жабысып қалған. Күннің ыстығынан да, елден де қысылып, борша-борша тер самайымнан саулайды. Әсіресе, мынандай ығы-жығы, қалың адамды алғаш рет ұшыратуым, аң-таңмын... бәріне тосырқай көз жүгіртем. Одан кейінгі дәріс, әліпбиді меңгеру, мұғалімнің салқын жүзі ерке өскен ұлға қатал көрінді. Қырда қалған саяқ өмірден топтасқан қоғамға үйрену, сіңісіп кету маған өте қиынға соқты.  

Екінші сыныпта малшылардың балаларына арналған 8 жылдық Қапал мектеп-интернатына ауыстым. Ондағы адам саны мүлде көп – 250 бала. Күнделікті тірлігіңді кестеге салып, бір тәртіпке бағындырып қойған. 

Күн сайын бірыңғай тіршілік қайталанғанымен интернаттың өзіндік қызықтары ұшырасады. Әр сыныптың ұзын казарма тектес бөлмесі бар. Қыздар бөлек, ұлдар бөлек блокта. Ылғи жатар алдында балалар әңгіме айтады. Бірде  «қуыршақ!» деген айқай естілді. Мен төсегімнен түспей бүрісіп жата бердім, қорқып жатырмын. Бөлмеде өлі тыныштық орнады. Кенет есік ашылды да ақ киімді біреулер ішке енді. Үстіне әппақ жабындысы бар әлдекімді сұлатып көтеріп алыпты. Қараңғыда ағараңдап, тура төрге қарай беттеп келеді.  Зәреміз ұшты. 

Сөйтсек біреуі басын шалқайтып, қолын созып, алдындағы баланың иығына қояды екен. Ол басын төмен тұқитып, екі қолын алға соза алақанына тәпішке киіп алады екен. Үстіне қулар жамылғы жауып бүркейді. Өзге балалар жанында демеп жүреді. Сонда әлдекімді сұлатып сап көтеріп келе жатқандай көрінеді. Мұндайды күтпеген кішкене бала үшін көрініс тым үрейлі. Содан кейін «қуыршақ» дегенде төсектің астына кіріп кетесің. 

Интернаттың шабдар қасқа аты мен арбасы бар. Арбакеш елуден асқан пірәдар кісі. Ол кезде діни адамдар мүлде жоқ, молдалар жетпіске таянған, одан да егде қариялар. Сондықтан бұл кісінің лақап аты «жас молда» еді. «Жас молданың» шаруасы – күнiне бiр рет ырдуанды толтыра интернатқа нан әкелу. Шабдарының делбесiн қағып, анадайдан бала көрсе «әй, былай тұр жолдан!» деп ақыра ақияды. Онысы – алдын ала сақтанғандығы. Әйтпесе, жүгермектер қаумалай қоршап, бақырған-шақырғанына қарамай бiр-екi бөлке қара нанды суырып алып қалады. Егерде оларды тұра кеп қуса, тағы да екі-үш бөлкесінен айырылатыны ақиқат. Сондықтан жақсылап бiр сыбап ап, жуып кеткендi бишiкпен салып жiбередi. Әккi балалар қулыққа көшiп, «ата, құдай жоқ!» деп айқайлайды. «Мынау не дейдi, ей?!» деп арбасынан ерiксiз түсiп, соңдарынан доң лақтырады. Осы кездiң өзiнде-ақ қалтарыста тұрған жүгермектер және бiр-екi бөлкенi жымқырып кететiн. Сондықтан ол балалардың сыныпта отырған кезінде келуге тырысады. 

Он жасымда  Көшербай деген ағайынымыздың баласы екеуміз 32 жастағы Жетпісбай деген жігітпен дос болдық. Жылқышының көмекшісі еді. Каникул кездерінде үшеуміз жиі сырласамыз. Оның әңгімелерін тыңдауды ұнататынбыз. Оқулықтағы октябрь көсемдері емес, ел аузында жүрген ақын, жазушы, сал-серілер туралы көп айтады. Қазақта Ақандай серінің, Мәдидей батырдың, Балуаншолақтай мықтылардың және де көптеген марқасқалардың болғанын алғаш сол кісіден естідім.  «Өлең» дегенде мектеп бағдарламасындағыдай туған жерді, октябрьді жырлау деп ұғатын ек, сөйтсек, өлең мүлде басқа екен. Бір күні қолыма «Жалын» альманағы түсті. Қарасам мұндағы өлең біздің оқулықтағы сірескен дүние емес, өзінің иірімімен тартып әкетіп барады. Оқи түстім, сөйтсем бұл «махаббат ақыны» атанған лирик Тұманбай Молдағалиевтің өлеңдері екен. Сөйтіп, идеологиялық әдебиет пен ұлт әдебиетінің арасын аңдадым. 

4-5-ші сыныптарға келгенде екі-үш бала «Қазақстан пионері» газетіне хат жазып, шатпақтарымызды жібереміз. Сосын редакциядан хат күтіп жүреміз. Жауап келе қалса, бір-бірімізден тығып, көрсетпейміз – намыстанамыз. Себебі онда «сіздің жазуға ынтаңыз бар, бірақ қаламыңыз төселмеген, әлі үйренеріңіз көп» деген сыңайлы сөздер жазылғанын білеміз. 

Интернаттың оқушылары бірдей киінеді әрі үнемі бірге жүретіндіктен ауылдың балалары бізді «инкубатор» дейтін. Екі жақтың «кездесуі» төбелессіз аяқталмайтын. Интернат пен орта мектептің арасын шарбақ қана бөліп тұрады, кейде тас атысып қаламыз. 

9-10-ды ауылдағы  Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектепте оқыдым. Түнімен кітапқа (көркем) шұқшиып, таңертең уағында тұрмаймыз. Үйде мені оятатын ешкім жоқ, бәрі малдағы қыстауда. Екінші, үшінші сабаққа бара жатқан кезде алғашқы әскери дайындық пәнінен беретін ағайымыздың көзіне түсіп қала беремін. Сонда ол кісі «Әй, стундент!» дейтін. Оныншы сыныпта мотоцикл сатып алдым. Соның қызығымен жүріп, мектептен тіпті қол үзіп бара жатқанымды байқадым... Қазір сол әрекеттерімді ойласам, менікі тым еркелік болған екен.  

Шіркін, балалық кез қайта оралмайды! Ғайыптан тайып маған балалық шаққа бір күнге саяхаттап келуге мүмкіндік берсе, интернаттағы уағымды таңдар едім. Интернат – мінезі әртүрлі баланы тоғыстырған мекен. Менің қанатымды қатайтып, үлкен өмірге бейімдеген орта. Әртараптан жиылған балалар бір бөлмеде жатып, бірге ас ішіп, бір нанды бөліп жеген достарға айналдық. Саяхаттың бір күнін осы достарыма арнар едім.  

Жазып алған: Айнұр АСАНҚЫЗЫ

Еділ Ермекбаев: Оператор жүз пайыз шығармашылықтың адамы
Асхат Жұмабеков: Шәкірттерге өзіңді қорқытып сыйлатқыза алмайсың
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу