Төрт түліктің берекесі – ауыл экономикасының тірегі

Oinet.kz 15-06-2025 5

Экономиканың тұрақты дамуы – ауыл шаруашылығы саласының серпінімен тығыз байланысты. 

Screenshot_8.jpg

Сайрам ауданында соңғы жылдары ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы ерекше қарқынмен дамып келеді. Бұл өсім – ел экономикасына қосылған нақты үлес. Төрт түлік мал өсіріп, ауыл тіршілігін түлетіп отырған малшылардың қажырлы еңбегі – осы жетістіктің алтын арқауы.

Осыған орай, елімізде жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Түркістан облысында Малшылар күні кәсіби мерекесі кең көлемде аталып өтуде. Атаулы күнге арналған негізгі салтанатты жиын биыл Сайрам ауданында ұйымдастырылып, өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған еңбек озаттары, сала ардагерлері мен жас мамандар бас қосты.

Мал шаруашылығы – облыс экономикасының басты тіректерінің бірі. Бұл басқосу – төрт түлікті түлетіп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген еңбек адамдарына деген зор құрметтің белгісі. Олардың тынымсыз еңбегі арқылы ауыл өмірі жанданып, береке мен бірлік нығайып келеді.

Салтанатты жиынды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жолдасбеков Жорабек ашып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Ол ауыл еңбеккерлерінің табанды тірлігі мен маңдай тері ел дамуына қосылып жатқан зор үлес екенін атап өтті. Сонымен бірге, өңірдегі мал шаруашылығы саласының жетістіктеріне тоқталып, еңбек адамын жаңа белестерге ұмтылуға шақырды.

Мерекелік жиында аудан әкімінің орынбасары Убайдуллаев Шухратулла:

«Құрметті мал шаруашылығы саласының еңбеккерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Малшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында ауыл шаруашылығы өркендеп, халықтың ырысы артып отыр. Қораларыңыз малға, көңілдеріңіз шаттыққа толсын!», – деп жүрекжарды лебізін білдірді. Шара аясында ауыл өнерпаздары өнер көрсетіп, ән-жырдан шашу шашты. Күмбірлеген күй мен ұлттық билер көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Бұл басқосу – экономиканы ілгерілетіп отырған еңбек адамдарына көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі. Сонымен бірге, ауыл мен ел арасындағы ынтымақ пен бірліктің де нышанына айналды.

С.АБЫЛБЕКОВА

Құрылыс сапасы - партия бақылауында
Сапалы медицина – экономикалық өсім
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу