Жаңа мектеп, жаңа мүмкіндік

Oinet.kz 15-06-2025 4

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында елдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігі екенін атап өткен болатын. 

Screenshot_10.jpg

Осы орайда Түркістан облысының Сайрам ауданында тұрғындар игілігіне бағытталған бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары аудандағы экономика мен құрылыс саласында айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Атап айтқанда, әлеуметтік нысандар, жол-көлік инфрақұрылымы мен жаңа білім ошақтары бой көтеріп келеді.

Сайрам ауданындағы Ақсукент ауылдық округінде орналасқан 600 орындық жаңа мектептің құрылысы – осы даму динамикасының жарқын көрінісі. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың 1 желтоқсанында басталған. Жобаның толық аяқталуы 2025 жылдың 30 тамызына жоспарланған. Бұл білім ұясының тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Жобаның жетекшісі – Жанполат Ниязович Эрмуратов. Құрылыс жұмыстарын «КДСМ» ЖШС бас мердігер ретінде жүзеге асыруда, ал бас жобалаушы әрі авторлық қадағалаушы ретінде «Градострой Project» компаниясы қызмет атқаруда.

Жобаның жалпы аумағы 3,14 гектарды құрайды. Ғимараттың өзі 4024,7 шаршы метрді алып жатыр. Құрылыс жұмыстарының жалпы сметалық құны – 4 миллиард 920 миллион 908 мың теңге. Қазіргі таңда нысандағы құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сай әрі сапалы орындалып жатыр.

Осы мектептің құрылыс барысымен танысу мақсатында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Асқар Еркінбеков арнайы іссапармен Сайрам ауданына келді. Сапар барысында ол нысандағы құрылыс жұмыстарын өз көзімен көріп, жұмысшылармен және жобалаушылармен пікір алмасты. Бүгінде бұл құрылыс алаңында «AMANAT» партиясының партиялық бақылау бекеті орнатылған. Бұл – партияның халық алдындағы жауапкершілігі мен ашықтыққа негізделген саясатының нақты көрінісі. Партиялық бақылау бекеті құрылыстың уақытылы және сапалы орындалуын бақылап, туындаған мәселелерді дер кезінде тиісті органдарға жеткізіп отырады. Сонымен қатар партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Акмалжан Исақов, ауыл билері, қоғамдық кеңес мүшелері мен аудандық білім бөлімі өкілдері де құрылыс барысымен танысты. Жергілікті тұрғындар мен қоғам белсенділері тарапынан бұл нысанға ерекше назар аударылуда. Себебі бұл – болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына негіз болатын маңызды әлеуметтік нысан. Мектептің пайдалануға берілуі – тек білім саласының ғана емес, аудандағы жалпы экономикалық және әлеуметтік дамудың да көрсеткіші. Жаңа мектеп оқушылар үшін заманауи білім алуға қолайлы жағдай жасаса, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. «AMANAT» партиясы осындай іргелі жобаларға қоғамдық бақылау орнату арқылы халық пен билік арасындағы сенімді нығайтып, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуді мақсат етеді.

С.АБЫЛБЕКОВА

Сапалы медицина – экономикалық өсім
Сайрамда банан өсірілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу