Әлеуеті зор өңір

Oinet.kz 18-06-2025 3

Сайрам ауданы – Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды жүріп жатқан іргелі өңірлерінің бірі. 

Screenshot_14.jpg

Тарихы терең, халқы тығыз орналасқан бұл аймақ соңғы жылдары жаңа даму сатысына аяқ басып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, өңірде экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, инвестиция тарту және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.

2025 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша ауданның бірқатар салаларында өсім байқалды. Бұған дейінгі жылдары қалыптасқан экономикалық тұрақтылық бүгінгі күні жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Мәселен, ауданның жалпы өңірлік өнімі 202 млрд теңгеге жетіп, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында айтарлықтай көрсеткіш тіркелген. Ауыл шаруашылығы өнімдері 108,4 млрд теңгеге жетсе, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 47,9 млрд теңгеге жетіп, 34 пайыздан астам өсімге қол жеткізілген. Бұл – кәсіпкерлер мен ауыл еңбеккерлерінің еселі еңбегінің нәтижесі.

Инвестициялық белсенділік те жоғары деңгейде. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Сайрам ауданына тартылған инвестиция көлемі 32,9 млрд теңгені құраған. Бұл көрсеткіш облыс бойынша үздік үштік қатарынан орын алғанын аңғартады. Бүгінде аудан бойынша «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына» 13 жоба енгізіліп, нәтижесінде 391 жаңа жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру бағытындағы бұл жобалар негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге, жеңіл өнеркәсіп пен логистика саласына бағытталған. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының бір ғана салаға тәуелді болмай, әртараптануына ықпал етіп отыр.

Инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер бар. Аудан халқының 97 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Манкент елді мекенінің екінші бөлігін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 690 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. Сонымен қатар, соңғы жылдары 23 ауылдық округ көгілдір отынмен қамтылды. Биылғы жылы тағы 10 елді мекенге табиғи газ жеткізу жоспарда тұр. Бұл жұмыстар аудан халқының тұрмыс сапасын жақсартуға, әсіресе шалғай елді мекендердің әлеуетін арттыруға бағытталған.

Дегенмен, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Соның ішінде құрылыс саласындағы құлдырау назар аударуды қажет етеді. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында аудан бойынша бар болғаны 2,6 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылған. Бұл көрсеткіш тұрғын үй тапшылығы мен құрылыс қарқынының бәсеңдігін аңғартады. Сондай-ақ, бірқатар ауыл шаруашылығы және әлеуметтік индикаторлар жоспарға сай орындалмаған. Әсіресе білім, құқық қорғау және қоғамдық қауіпсіздік салаларында белгілі бір тежеліс бар екені байқалды. Бұл туралы аудан әкімдігі жанынан өткен арнайы жиында кеңінен талқыланып, нақты тапсырмалар берілді.

Сайрам ауданы үшін маңызды бағыттардың бірі – кәсіпкерлікті қолдау және отандық өнім сапасын арттыру. Аудан аумағында өндірілетін өнім түрлері жылдан-жылға артып келеді. Олардың қатарында жылыжай өнімдері, сүт өнімдері, ет өңдеу, құрылыс материалдары мен нан өнімдері бар. Бұл өнімдер тек жергілікті нарықты қамтып қана қоймай, өзге өңірлер мен шекаралас аймақтарға да жөнелтіледі. Демек, Сайрам ауданы экспорттық әлеуеті бар өңірлер қатарына енуде.

Аудан басшылығы халықпен кері байланысты нығайту, мемлекеттік бағдарламалар туралы тұрғындарды кеңінен ақпараттандыру бағытында да бірқатар жұмыстарды қолға алған. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, кәсіпкерлікке берілетін жеңілдіктер мен ауыл тұрғындарының мүмкіндіктері туралы түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарының белсенділігі мен жауапкершілігін арттырып отыр.

Жалпы алғанда, Сайрам ауданы қазіргі таңда тұрақты даму жолында. Экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту, инвестиция тарту және халықтың әл-ауқатын арттыру сынды маңызды басымдықтар нақты іспен дәлелденуде. Әрине, шешімін күткен мәселелер де бар. Алайда оларды ашық айту, жоспарлы түрде жоюға қадам жасау – аудан басшылығының стратегиялық бағытты дұрыс таңдағанының айғағы. Өзін-өзі қамтамасыз ете алатын, сапалы өнім өндіре алатын және заманауи инфрақұрылыммен қамтылған Сайрам ауданы – келешегі кемел, әлеуеті зор өңір.

С.АБЫЛБЕКОВА

Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды
Қарабұлақтағы тігін фабрикасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу