Қарабұлақтағы тігін фабрикасы

Oinet.kz 18-06-2025 3

Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Ауыл шаруашылығы мен шағын бизнесті дамыту бағытында жүйелі шаралар қабылданып, жаңа өндіріс орындары ашылуда. 

Screenshot_15.jpg

Бұл өз кезегінде аудан халқының әл-ауқатын жақсартуға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға оң әсерін тигізуде.

Осы тұрғыда, Қарабұлақ ауыл округінде орналасқан «RaiINTEX» тігін фабрикасы – аудан экономикасын әртараптандыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Заманауи жабдықтармен жарақталған өндіріс орнында арнайы киімдер – куртка, костюм, формалық киімдер тігілуде. Жобаның жалпы инвестициялық құны 80 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда фабрикада 30 маман еңбек етсе, толық қуатына шыққанда бұл көрсеткіш 110 тұрақты жұмыс орнына жетпек.

Фабриканың жылдық өндірістік қуаты – 120 мың дана арнайы киім. Өнім сапасы ішкі нарықтың талабына толық сай, ал тапсырыс берушілер қатарында құқық қорғау органдары мен түрлі өндірістік кәсіпорындар бар.

Сала мамандарының айтуынша, бұл өндіріс орны тек Қарабұлақ тұрғындары үшін емес, жалпы аудан халқы үшін айтарлықтай мүмкіндіктер ашады. Себебі, мұнда тігінші, дизайнер, технолог секілді жаңа кәсіп иелерін даярлауға жол ашылып, әйелдер мен жастардың еңбекке тартылуына ықпал етуде.

Айта кетейік, Сайрам ауданында қазіргі таңда өңдеу өнеркәсібінде 50-ден астам өндірістік кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде сүт және ет өнімдерін өңдеу, өсімдік майы, консервілеу, құрылыс материалдары мен пластмасса бұйымдары өндірісі кең қанат жайған. Бұл көрсеткіш ауданның экономикалық құрылымын әртараптандыру мен агроөңдеуші аймақ ретінде дамуына нақты дәлел бола алады.

«RaiINTEX» тігін фабрикасы – осы үрдістің бір бөлшегі. Алдағы уақытта кәсіпорын өз өнім көлемін арттырумен қатар, Көлкент ауылында қосымша филиал ашуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға жаңа тыныс береді.

Сайрам – еңбек пен өндіріс түйіскен өркениетті өңір. Мұндай нақты жобалар – өңір экономикасының өрлеуінің айғағы ғана емес, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған табысты саясаттың жемісі.

С.СӘУЛЕБАЙ

Әлеуеті зор өңір
Сайрам ауданында өсімдік шаруашылығы қарқын алып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу