Сайрам ауданында өсімдік шаруашылығы қарқын алып келеді
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Әсіресе, климаттық жағдайы қолайлы, еңбекқор халқы бар өңірлерде егіншілік саласының әлеуеті жоғары.
Соның жарқын мысалы ретінде Түркістан облысындағы ірі аграрлы аймақ – Сайрам ауданын атауға болады.
Бүгінде Сайрамда агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамып келеді. Мал шаруашылығымен қатар, өсімдік шаруашылығы – аудан экономикасының маңызды саласына айналды. Аудан шаруалары әр маусым сайын егістік көлемін ұлғайтып, өнім көлемін арттыруда. Бұл көрсеткіштер ауданның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ішкі нарыққа сапалы өнім ұсынуға жол ашып отыр.
Өткен жылы, яғни 2024 жылғы қорытынды бойынша, Сайрам ауданының аумағында 52,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның құрылымы келесідей:
24,6 мың гектарға – дәнді және бұршақты дақылдар,
6,3 мың гектарға – майлы дақылдар,
11,6 мың гектарға – мал азықтық дақылдар,
5,8 мың гектарға – көкөніс,
3,9 мың гектарға – картоп егілген.
Бұл егістік алқаптарынан 51,5 мың тонна дәнді дақыл, 155,7 мың тонна көкөніс, 81,8 мың тонна картоп өнімі жиналды. Аудан диқандары ауа райының күрделілігіне қарамастан, уақытылы агротехникалық шараларды жүргізіп, мол өнім алуға қол жеткізді. Мұндай нәтижеге жету – тыңғылықты еңбек пен тиімді жоспарлаудың жемісі екені анық. Алдағы уақытта аудан шаруалары егістік көлемін одан әрі арттырып, 52,8 мың гектарға егіс жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл – жер көлемін тиімді пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің құрылымын әртараптандыру мен өнімділікті арттыруды көздейтін стратегиялық қадам.
Сайрамдық шаруалар көкөніс пен картоп егуде тәжірибелі. Жергілікті жердің құнарлылығы мен қолайлы табиғи-климаттық жағдайын пайдалана отырып, олар отандық нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп келеді. Ауданнан жиналатын көкөніс өнімдері Түркістан облысымен қатар, еліміздің өзге өңірлеріне де жөнелтіледі.
Сайрам аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің мәліметінше , өсімдік шаруашылығында өнім көлемі жыл сайын артып келеді. Егін шаруашылығының дамуына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулар, субсидиялар мен заманауи технологияларды қолдану өз септігін тигізуде. Бұған қоса, егін шаруашылығын әртараптандыру арқылы аудан аграршылары тәуекелдерді азайтып, еңбек өнімділігін арттыруда. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды шаралардың бірі.
Сайрам ауданының өсімдік шаруашылығындағы осындай оң өзгерістер – ауылдық жерлердің әлеуеті зор екенін дәлелдейді. Тіршілігін жерден тапқан диқандардың маңдай тері мен табанды еңбегі аудан экономикасын ілгерілетуге өз үлесін қоса бермек.
С.АБЫЛБЕКОВА