Сайрамда көлік жабдықтарын шығаратын цех ашылды
Еліміздің экономикалық дамуы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үнемі назарында.
Президенттің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында атап өтілгендей, еліміздің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін өңдеу өнеркәсібі, кәсіпкерлік және инновацияларды дамыту, ұлттық өнімнің сапасын арттыру, сонымен қатар жұмыс орындарын ашу мен халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту басты міндеттердің бірі болып табылады. Осы мақсатта Түркістан облысының Сайрам ауданында жергілікті кәсіпкер Ділшат Давранов көлікке арналған жабдықтар шығаратын шағын цех ашып, өңірдің экономикалық дамуына жаңа серпін беруде.
Түркістан облысы, Сайрам ауданында кәсіпкер Ділшат Давранов көлікке арналған жабдықтар шығаратын шағын цех ашты. Бұл жоба өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына және жергілікті экономиканың әртараптануына қосылған елеулі үлес болып табылады. Мемлекеттік гранттар арқылы өндірістік станоктар сатып алған кәсіпкер қазіргі уақытта 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, автоорындықтарға арналған қаптағыштар мен көлік панельдерін шығару үстінде.
Жобаның басты ерекшелігі — өңірдің экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету қабілетін арттыру. Өнімдер «Сайрамда жасалған» деген аудандық брендпен шығарылып, тұтынушылар тарапынан жоғары бағаланады. Кәсіпкердің айтуынша, шикізат әзірге Қытайдан жеткізіледі, бірақ болашақта өндірістік құрал-жабдықтарды толықтыра отырып, шикізатты өз елімізде өндіру жоспарланып отыр.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында іске асырылып жатқан бұл жоба жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, өнімдердің сапасы жоғары, бағасы қолжетімді болғандықтан, сауда жаз мезгілінде ерекше сұранысқа ие болады. Бұл өз кезегінде Сайрам ауданындағы экономикалық белсенділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Ауданының кәсіпкерлік саласындағы осындай бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инвестиция тарту мен жұмыссыздық деңгейін төмендетуге едәуір әсер етеді. Алдағы уақытта бұл жоба шекара маңындағы сауданы дамыту, ұлттық экспорттаушыларды қолдау және еліміздің ішкі нарығында сапалы өнімдер шығару тұрғысынан маңызды қадам болады.
С.СӘУЛЕБАЙ