Сайрамда жаңа шағынауданның құрылысы басталды

Oinet.kz 11-06-2025 3

Экономика – кез келген өңірдің даму көрсеткішінің басты тірегі. Халықтың өмір сүру сапасы, әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігі мен еңбек нарығының тұрақтылығы тікелей осы саладағы жүйелі жоспарларға байланысты.

Screenshot_40.jpg

Осы тұрғыдан алғанда Түркістан облысы, оның ішінде Сайрам ауданы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық реформаларды табысты жүзеге асырып келе жатқан өңірлердің қатарында. Облыс басшылығының бастамасымен қолға алынған жобалар елді мекендердің ең өзекті мәселелерін шешіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға нақты ықпал етіп отыр. Солардың бірі – Қарасу ауылында басталған жаңа шағынаудан құрылысы. Жалпы аумағы 60 гектарды құрайтын бұл жобаның экономикалық және әлеуметтік салмағы зор. Жоба аясында 2300-ге жуық пәтерлік 47 көпқабатты тұрғын үй бой көтермек. Бұл дегеніміз – ұзақ жылдар бойы жер телімі мен үй кезегінде тұрған мыңдаған азаматтың баспана мәселесінің оң шешім табуы. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары жаңа жұмыс орындарын ашып, құрылыс материалдары өндірісі мен қызмет көрсету саласына да жан бітіретіні анық. Яғни, бұл бастама – тек әлеуметтік қолдау емес, тұтас аудан экономикасының айналымын кеңейтуге бағытталған қадам.

Экономикалық әсері бұнымен шектелмейді. Жаңа шағынауданда заманауи 600 орындық мектеп, 280 балаға арналған балабақша, 250 адам қабылдайтын емхана, әкімшілік ғимараттар, мәдениет үйі мен жастар сарайы салынады. Мұндай кешенді жоспар – ауылдық аумақтың инфрақұрылымын жаңартып, урбанизация үдерісін ауылдан бастауға мүмкіндік береді. Бұл – ауыл мен қала арасындағы өмір сапасының алшақтығын азайтып, тұрғындардың өз жерінде өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау деген сөз. Мұндай жобалар әсіресе жастардың туған жерінен кетпеуіне, керісінше, ауылға қайта оралып, отбасын құрып, кәсібін жүргізуіне серпін бермек. Бұл – тек құрылыс емес, болашаққа салынған инвестиция. Облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің айтуынша, халықтың тұрмыс сапасын арттыратын басты көрсеткіш – баспана. Сондықтан әкімдік тарапынан мұндай жобаларға барынша қолдау көрсетіліп отыр. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауданға техника жаңартуға 175 млн теңге қаралып, 455 млн теңгеге 20-дан астам арнайы техника сатып алынған. Бұл – тек тазалық емес, қызмет көрсету саласындағы экономика айналымының бір тармағы. Осылайша, ауылдан басталған бұл ауқымды құрылыс жұмысы – Сайрам ауданының ғана емес, бүкіл Түркістан облысының әлеуметтік және экономикалық даму қарқынының айқын көрінісі. Мемлекет басшысының халықты баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы осылайша нақты іске асуда.

С.АБЫЛБЕКОВА

Сайрамда көлік жабдықтарын шығаратын цех ашылды
​Сайрам ауданындағы экономикалық серпіліс
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу