​Сайрам ауданындағы экономикалық серпіліс

Oinet.kz 11-06-2025 2

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының бағыттарына сәйкес аудан экономикасын өркендету жұмыстарында ілгерілеушілік басым. Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау бағытында аудан экономикасын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары Айжан Кембаевамен сұқбаттасқан болатынбыз.

Screenshot_41.jpg

- Сайрам ауданы – экономикалық әлеуеті жоғары, халық көп шоғырланған аудандардың бірі. Аудан экономикасын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.

- Сайрам ауданының аумағы 114761 гектарды құрайды,11 ауылдық округ,42 елді мекеннен тұрады.Ауданда 241 мыңнан астам халық бар, бұл жалпы облыс халқының 11%-ын құрайды.

Бүгінде аудан экономикасы тұрақты дамып, даму динамикасы нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді.

2025 жылдың 4 ай қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 84,5 млрд.теңгеге жетіп, өсім 29%-ды құрады (2024 жылдың 4 айында 65,6 млрд.тг.).

Жалпы өнімнің 34,8%-ы ауыл шаруашылығына, 28,7%-ы өнеркәсіп саласына 33,2%-ы сауда, 3,2%-ы құрылыс саласының үлесінде.

Жыл басынан аудандағы кәсіпорындармен                             24,3 млрд.теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, былтырғы жылға қарағанда өсім 12,2%-ды  құрады.  Облыстың өнеркәсіп өнім көлемінде ауданымыз екінші орында немесе үлесі  5%-ды құрайды.

- Ел экономикасының негізгі буы¬ны саналатын ауыл шаруашы¬лы¬ғы¬¬ның тұрақты дамуы - қай кез¬де де мемлекеттің басты назарын¬да. Ауданда ауыл шаруашылығы саласының  даму барысы қалай?

- Сайрам – ауыл шаруашылығы өркендеген аграрлы аудандардың бірі. Агроөнеркәсіп кешені мал мен егін шаруашылығы және қайта өңдеу бағытында дамуда. 

Аудан шаруаларының еңбегі жоғары бағаланып, өткен жылы облыстық «AGRO FEST» іс-шарасында Сайрам ауданы1-орынды иеленді. Сонымен қатар, ет өндіруден және қайта өңдеу саласын дамытудан озат аудан атанды.

Ауыл шаруашылығында 2025 жылдың 4 айында 29,5 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 1,9%-ға жеткен.

Оның ішінде мал шаруашылығында 28,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102%-ға артқан.Жыл басынан11,9 мың тонна ет, 55,7 мың тонна сүт өндірілді.  Ірі қара мал басы көбейген. 

Өсімдік шаруашылығында былтыр 52,2 мың гектарға (24,6 мың га дәнді және бұршақты дақылдар, 6,3 мың га майлы дақылдар, 11,6 мың га мал азықтық дақылдар, 5,8 мың га көкөніс, 3,9 мың га картоп) ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, 51,5 мың тонна дәнді дақылдар,155,7 мың тонна көкөніс, 81,8 мың тонна картоп өнімі алынды. Ағымдағы жылы 52,8 мың га жерге егістік егу жоспарланған.

- Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар бойынша мәлімет беріп өтсеңіз.

- Сайрам ауданы – өндірілген етпен ауданды ғана емес, республикамыздың басқа да өңірлерін қамтып отыр. 

Осыған орай, Арыс ауылдық округінен 587 гектарға бір мезетте 100 мың бас мал бордақылау алаңдары, мал сою және мал өнімдерін қайта өңдеу орындары, тауарлы сүт фермалары мен органикалық биоотын өндіру бағытындағы жобаларды іске асыруға «Сайрам агро» индустриалды аймағы  құрылды. Болашақта индустриалды аймақ ет өңдеу кластері мен ауданның экспорттық әлеуетін жоғарылатуға үлкен мүмкіндік беретін болады.

Жалпы биылғы жылдың 4 айында ауыл шаруашылығы саласына 1,9 млрд.теңге инвестиция тартылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет екенін атап өтті. Яғни, Мемлекет басшысы елімізде басым бағытты  кәсіпкерлерге беріп отыр.

Ауданда белсенді жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік субьектілер саны 23 178  бірлікті құрап, 5,3 пайызға өскен. 2024 жылдың қорытындысымен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің  өндірген өнім көлемі 289,2 млрд.теңгені құрап, өсім 29,8%-ға жеткен.

Мемлекеттік бағдарламалар арқылы («Бизнестің жол картасы 2025»/Ұлттық жобаның 2-ші бағыты)  кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиелендіру бойынша биыл 26 жоба 1 814,2 млн.теңгеге қаржыланды. 

Мемлекет басшысы  өзінің  Жолдауында «Экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екені анық. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасау керек» деді. 

Ауданға жыл басынан 17,0 млрд.теңгеге инвестиция тартылып, былтырғы жылға қарағанда өсім 66,8%-ға жетті. Жалпы тартылған инвестицияның  63%-ы  жеке инвестиция. 

Яғни, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына жеке инвесторлардың қосып жатқан үлесін де осы тұста атап айтып кеткен жөн. 

Мысалы, 2024 жылы құны 15,5 млрд.теңгеге 11 инвестициялық жоба іске қосылып, 235 жұмыс орны ашылды. 

Ал, биылғы жылы жалпы құны 50,4 млрд.теңгені құрайтын18 инвестициялық жобаны іске асыру нәтижесінде 1223 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Инвестициялық жобалардың қатарында мал қалдықтарын өңдейтін цех, сүт өнімдерін өндіру, арнайы жасақталған көліктер мен автобөлшектер шығару сияқты жобалар іске асырылатын болады.

- Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Осы міндет ауданда қалай атқарылып жатыр?

-  Мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Жыл басынан 3823 адамға әлеуметтік жәрдемақы төленді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға ұсынылатын кепілдендірілген әлеуметтік пакет заттай көмектен монетизацияланған көмек түріне ауыстырылған. Бұл бастама ата-аналарға баланың жеке қажеттіліктеріне қарай өз бетінше азық-түлік сатып алуға мүмкіндік береді. Бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі қосымша төлем әрбір балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді. Осы мақсатта биыл 3 айда аз қамтылған отбасылардағы 1258 балаға 14,3 млн.теңге төленіп отыр.

- Ауданда жүргізіліп жатқан инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жайында айтып өтсеңіз.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының төртінші бағыты инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.

Жолдауда «Инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес.»-делінген. Қазіргі таңда ауданымызда бірінші кезекте инфрақұрылым, ауыз су, электр, газ, жол саласындағы өзекті мәселелерді шешуге басымдық берілуде. 2024 жылы инфрақұрылым жүйелерімен қамту бойынша 16 нысанға 1,1 млрд.теңге бөлініп, 163 гектар жер аумағына инфрақұрылым жүйелері жүргізілген болатын.

Биыл да 245 га жер аумағына 11 нысан құрылысына 1,5 млрд.теңге қарастырылып, елді мекендерді инфрақұрылым жүйелерімен қамту жұмыстары жалғасуда.

Халықты таза ауыз сумен  қамту бағытында былтыр 10 елді мекеннің ауыз су жүйелері ағымдағы жөндеуден өтті. Сондай-ақ, тозығы жеткен Жібек жолы ауылының су құбыры желісі күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, биыл Қарабұлақ, Қожақорған және Нұржанқорған ауылдарының ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Инфрақұрылым саласының тағы бір маңызды тармағы – тұрғындарды сапалы электр  жарығымен қамту. 2024 жылы 8 елді мекенге электр жүйелерінің құрылысы жүргізіліп, 4 елді мекеннің электр жүйелерінің құрылысы аяқталып, тұрғындар сапалы электр энергиямен қамтылды. Биыл да бұл бағытта жұмыстар жалғасын тауып отыр.

Табиғи газбен қамту бойынша айтар болсақ, аудандағы 42 елді мекеннің 39 елді мекені табиғи газбен қамтылған, қамту көрсеткіші  92,8 пайыз.

Биыл Құтарыс пен Қызылжар және Көлкент елді мекендерін газдандыру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.

Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Аудан аумағында 1 298 шақырым жол бар. 

2024 жылы 2 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді  (1 жол-13,3 шқ, 1 көпір), 26,3 шақырым аудандық маңызы бар 5 жолға орта жөндеу, 8 ішкі көшеге ағымдағы жөндеу жүргізілді және «Ауыл Ел бесігі» жобасы аясында 45 көшеге, яғни 55,5 шақырым жолға асфальт төселді, нәтижесінде жақсы жағдайдағы ішкі жолдардың үлесі 74,8 %- ға жетті.

- Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту бойынша атқарып жатқан жұмыстарыңыз берекелі болсын. Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан: Э.ЖАППАРОВА

Сайрамда жаңа шағынауданның құрылысы басталды
Интенсивті бау - өңірлік экономиканың драйвері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу