Табиғи сүт – сапалы өнім
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Қазақстанның ауыл шаруашылығы – ұлттық экономиканың маңызды драйверіне айналуы керек.
Біз шикізат өндірумен шектелмей, өңдеу саласын дамытып, отандық өнімдерді ішкі және сыртқы нарыққа шығаруымыз қажет», – деп атап өтті. Бұл – ауылды өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған нақты тапсырма. Осы орайда Сайрам ауданында экономиканы әртараптандыру, жергілікті өндірісті жандандыру, инвестициялық тартымдылықты арттыру және ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сайрам ауданы бүгінде Түркістан облысының индустриалды-аграрлық аймақтарының біріне айналып келеді. Экономикалық өсімге ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, отандық тауар өндірушілерді қолдау және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру айтарлықтай үлес қосып отыр. Жеке кәсіпкерлер мен фермерлердің белсенділігі, мемлекеттік бағдарламалар аясында берілетін қолдаулар мен гранттар – аудан экономикасының өздігінен дамуына жол ашуда. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының көбеюіне, халық табысының артуына және өмір сапасының жақсаруына ықпал етуде. Осы бағыттағы нақты үлгі – «TAYIBA» сүт өңдеу зауыты. Алғашқыда шағын ғана цех ретінде ашылған бұл кәсіпорын бүгінде аудандағы өндірістік әлеуеттің айнасына айналды. Ақсукент ауылдық округінде орналасқан зауыт жыл сайын өндірістік қуатын арттырып келеді. Қазіргі таңда мұнда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдеуге қауқарлы. Қажетті құрал-жабдықтар Ресей, Қытай және Түркиядан жеткізілген. Ал негізгі шикізат – яғни сүт – жергілікті шаруалар мен фермерлерден сатып алынады. Бұл өз кезегінде ауылдағы шағын шаруашылықтардың да табысын арттыруға, еңбек өнімділігін көтеруге жол ашты.
Кәсіпорын айран, қаймақ, құрт, сары май және басқа да 10-12 түрлі өнім шығарады. Барлық өндірістік процестер автоматтандырылған жүйе арқылы бақыланып, өнімдер арнайы мұздатқыш камераларда сақталады. Бұл – өнім сапасын жоғары деңгейде ұстауға мүмкіндік беретін шешім. Тұтынушылар тарапынан сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Табиғи әрі дәмді өнімнің бағасы да қолжетімді. Зауыт өнімі облыс көлемінен тыс жерлерге де жөнелтіліп жатыр. Бұл өндірістің ішкі нарықпен қатар сыртқы нарыққа шығу әлеуеті бар екенін көрсетеді. Сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын тағы бір табысты кәсіпорын – «Айкан» ЖШС. Бұл мекеме де табиғи ашытылған сүт өнімдерін дайындап, тұтынушылардың сеніміне ие болды. Қазіргі уақытта кәсіпорын өз өнімдерін еліміздің басқа өңірлеріне жөнелтуді көздеп отыр. Бұл ретте қаптама сапасына, сақтау технологиясына, өнім түрлерін көбейтуге ерекше мән берілуде. Мемлекет тарапынан ұсынылып отырған экспорттық қолдаулар, логистика және стандарттау саласындағы көмектер отандық өндірістің өсіп-өркендеуіне үлкен серпін беруде. Мұндай мысалдар аудандағы қайта өңдеу өнеркәсібінің дамып келе жатқанын және бұл бағыттың стратегиялық мәнге ие екенін көрсетеді. Жергілікті өндірістің көбеюі бір жағынан бағаның тұрақтылығын сақтауға, тұтынушылардың сапалы әрі қауіпсіз өнімге қол жеткізуіне ықпал етсе, екінші жағынан – аудандағы әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дербестікке негіз қалайды. Сайрам ауданының экономикалық дамуында осындай өндіріс ошақтарының орны ерекше. Бұл тек экономикалық емес, әлеуметтік тиімділікке де жол ашады. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жастар жергілікті жерде тұрақтап, кәсіби дағдыларын жетілдіруде. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай және ақпараттық қолдаулар өз нәтижесін беруде. Ұлттық өнімді қолдау, оның сапасын арттыру және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту – аудан деңгейінде нақты жүзеге асып жатқан жұмыстардың айғағы. Осындай табысты кәсіпорындар арқылы ауданда азық-түлік қауіпсіздігі, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, баға тұрақтылығы, өндіріс мәдениеті мен санитарлық талаптардың орындалуы жүйеленіп келеді. Бұл өз кезегінде өңірдің ғана емес, бүкіл елдің дамуына үлес қосатын маңызды үдерістердің бірі болып қала береді.
С.СӘУЛЕБАЙҚЫЗЫ