Экологиялық таза өнім - ауылдан

Oinet.kz 14-06-2025 5

Сайрам ауданында жергілікті кәсіпкерлік белсенді түрде дамып келеді. Соның ішінде азық-түлік өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бағытындағы жобалар ерекше назарда. 

Screenshot_46.jpg

Мемлекеттік бағдарламалар аясында ұйымдастырылған сатып алулар мен тендерлік тетіктер – кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің пәрменді құралдарының бірі. Соның нақты мысалы ретінде   «Аят-Агро Com» өндірістік коперативінің иелігіндегі жеміс консерві өңдеу цехын атауға болады. Аталған цех – өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды өндіріс орындарының бірі. Кооператив жылына 300 тоннаға дейін консервіленген жеміс-жидек өнімдерін шығара алады. Жергілікті шаруалардан алынатын шикізат – сапалы әрі экологиялық таза. Осы арқылы кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерінің тиімді айналымын қамтамасыз етіп отыр. Цех «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде алынған  жеңілдетілген несие негізінде іске қосылған. Жоба Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының сүйемелдеуімен жүзеге асқан. Бұл – мемлекет тарапынан ауылдық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған тетіктердің тиімділігін көрсететін нақты мысал. Жобаның тағы бір ерекшелігі – тендерлік жүйе арқылы жергілікті тұтынушылармен және мемлекеттік мекемелермен өзара әріптестік орнату. Өндірістік кооператив шығарған өнімдер әлеуметтік мекемелерге, білім беру ұйымдарына және басқа да мемлекеттік тапсырыс аясындағы тұтынушыларға жеткізілуде. Бұл өз кезегінде өнімнің өту нарығын кеңейтіп, кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Цехта бүгінде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашты. Жұмысшыларға қауіпсіз еңбек жағдайы жасалып, тұрақты жалақы қарастырылған. Сонымен қатар, кәсіпорын қызметі ауылдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға да өз үлесін қосып отыр. Мемлекеттік сатып алулар жүйесіне қатысу арқылы «Аят-Агро Com» секілді кәсіпорындар өз әлеуетін толықтай пайдаланып, тұрақты табыс көзіне ие бола алады. Бұл – елдегі кәсіпкерлік саласының дамуына оң әсер етіп қана қоймай, ауылдағы экономикалық белсенділікті арттыратын маңызды қадам. Сонымен қатар, шекара маңындағы сауданың дамуына, отандық өнімді нарыққа шығаруға жол ашады.Жеміс консерві цехының жұмысын үйлестіріп отырған – «Аят-Агро Com» төрағасы Саражов Ибрахым Абдуллаевич. Оның бастамасы мен іскерлігінің арқасында өңірде ауыл шаруашылығын өңдеуге негізделген жаңа өндірістік буын қалыптасып келеді. Бұл жобаның табысты жүзеге асуы – мемлекеттік қолдаудың, тиімді қаржы тетіктерінің және жеке кәсіпкерлік бастаманың тоғысуынан туындаған нақты нәтиже.

Мұндай өндіріс ошақтары болашақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, өңір экономикасының өзін-өзі қамтамасыз етуіне, импортты алмастыруға және ұлттық өнімнің сапасын арттыруға зор үлес қосатыны сөзсіз. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу жүйесінің ашық әрі әділ жүзеге асуы – жергілікті кәсіпкерлердің мүмкіндігін кеңейтіп, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасайды.

Э.ТҮЙМЕБАЙҚЫЗЫ

Айтылған сөз – атқарылған іс
Табиғи сүт – сапалы өнім
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу