Шалғай ауылдарда қауіпсіздік қамалы нығаюда
Түркістан облысындағы Сайрам және Ордабасы аудандарында нағыз патриотизмнің озық үлгісі көрсетілуде.
Бұл жолы оны сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеген – жергілікті кәсіпкерлер. Олар өз қаржысы есебінен «Ауыл құтқарушылары» атты заманауи өрт сөндіру бекетінің құрылысын бастап кетті. Бұл тек қауіпсіздік шарасы емес, сонымен бірге ауыл инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ауқымды қадам. Жоба аясында салынатын нысандар Сайрам және Ордабасы аудандарындағы 16 мыңнан астам тұрғыны бар 11 елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл бастама тек қауіпсіздікпен шектелмей, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға, ауылдағы маман тапшылығын жоюға да ықпал етпек.
Өрт – тілсіз жау. Әсіресе, алыс ауылдарда өрт сөндіру техникасының жетіспеуі, уақытында көмек жете алмауы көптеген қайғылы оқиғаларға себеп болып жатады. «Ауыл құтқарушылары» жобасы осы олқылықтың орнын толтырып, азаматтардың жеке жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бұл – бір адамның әрекеті бүтін бір ауылды апаттан құтқара алатынын дәлелдейтін өмірлік мысал.
Бұл бастама тек қауіпсіздік саласында емес, аудан экономикасына да тың серпін беруде. Құрылыс барысында жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, арнайы техникалар сатып алынуда, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Кәсіби өрт сөндірушілер даярланып, болашақта олар ауылда тұрақты қызмет атқарады. Мұның бәрі жастарға жаңа мүмкіндік, жергілікті бюджетке қосымша салық түсімі, шағын және орта бизнестің белсенділігіне себеп болады.
Сонымен қатар, аталмыш жоба шеңберінде ауыл инфрақұрылымын жақсарту жоспарланған. Жаңадан тартылатын жолдар, байланыс желілері мен су жүйелері тек өрт сөндіру қызметінің ғана емес, ауыл өмірінің сапалы дамуына негіз болмақ.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінен туындаған, мемлекет пен халық үшін ортақ мүддеге айналған жоба. Бұл бастама мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бәсекеге қабілетті Қазақстан – жауапты азаматтардан құралған ел» деген ұстанымымен үндес. Себебі, шынайы патриотизм тек ұранмен емес, нақты іспен, халыққа пайдалы тірлікпен өлшенеді.
Сайрам мен Ордабасыдағы кәсіпкерлердің бұл игі ісі басқа аймақтарға үлгі болуы тиіс. Ауылдағы өрт қауіпсіздігімен қатар, экономикалық, әлеуметтік тұрақтылыққа да серпін беретін бұл жоба – нақты патриотизмнің көрінісі. Ел болашағы үшін жеке жауапкершілікпен жұмыла кіріскен әр азаматтың ісі – мемлекет дамуының мызғымас тірегі.
С.АБЫЛБЕКОВА