Сайрам ауданының өнімдері жәрмеңкеге жол тартты

Oinet.kz 19-07-2025 22

Сайрам ауданы – Түркістан облысындағы агроөнеркәсіптік әлеуеті жоғары, еңбекқор тұрғындары мен қолайлы табиғи-климаттық жағдайының арқасында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. 

Screenshot_20.jpg

Соңғы жылдары ауданда егін және мал шаруашылығымен қатар қайта өңдеу, тамақ өндірісі, жылыжай кешендері мен кооперативтік құрылымдар жүйелі түрде жолға қойылған. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының тұрақты дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға үлкен серпін беруде.

Бүгінде Сайрам ауданы республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен экспорттауда алдыңғы қатарда келеді. Мұнда дихандар мен шаруа қожалықтары заманауи технологияларды пайдалана отырып, сапалы әрі экологиялық таза өнім өндіруге ден қойып отыр. Өңірдегі жылыжайлардың жалпы көлемі жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар кооперативтер мен қайта өңдеу кәсіпорындары өз өнімдерін ішкі нарықпен қатар сырт аймақтарға да жөнелтіп отыр.

Осы жұмыстардың нақты нәтижесі ретінде Сайрам ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері еліміздің өзге өңірлерінде ұйымдастырылатын жәрмеңкелерге тұрақты түрде қатысып келеді. Бұл жолы да сол дәстүр өз жалғасын табуда.

2-3 тамыз күндері Абай облысы, Семей қаласында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне Сайрам ауданынан бірқатар ірі және шағын шаруа қожалықтары мен өндірістік кооперативтер қатысатын болады. Ауданнан жалпы салмағы 4 тоннаға жуық көкөніс, жеміс-жидек және қайта өңделген өнімдер жөнелтілді.

Жәрмеңкеге жол тартқан өнімдердің қатарында пияз, сәбіз, картоп, қызанақ, қияр сынды көкөністер, алма, өрік, шие сияқты маусымдық жемістер, сондай-ақ шұжық, сүт өнімдері, тосап және өзге де жергілікті өндіріс тауарлары бар. Айта кетерлігі, бұл өнімдердің барлығы нарық бағасынан 15–20 пайызға төмен бағада ұсынылып, семейліктерге арзан әрі сапалы азық-түлікпен қамтылуға мүмкіндік береді.

Сайрам ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылып отырған бұл бастама бағаны тұрақтандыру, аймақаралық ынтымақтастықты дамыту және отандық өнімге деген сұранысты арттыруды көздейді. Сонымен қатар, бұл іс-шара жергілікті шаруаларға өнімдерін жаңа нарықтарға шығарып, тәжірибе алмасуға да жол ашады.

Бүгінгі таңда елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – стратегиялық маңызды міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында бұл мәселеге үнемі ерекше назар аударып келеді. Осы ретте Сайрам ауданының ауыл шаруашылығы саласында атқарып жатқан жұмыстары – ұлттық азық-түлік қауіпсіздігіне қосылған нақты үлес.

Сайрамдық дихандардың еңбегі мен жергілікті өнімдердің сапасы Семей жұртшылығы тарапынан жоғары бағаланарына сенім мол. Жәрмеңке аясында ауданның өнімдері ғана емес, өңірдің танымалдылығы да арта түспек. Ал бұл өз кезегінде инвестиция тартуға, сауда байланыстарын кеңейтуге ықпал етері анық.

С.СӘУЛЕБАЙ

Шалғай ауылдарда қауіпсіздік қамалы нығаюда
Ауыл шаруашылығы алға басты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу