Сайрам ауданындағы ең үлкен ауыл - Қарабұлақта даму қарқынды

Oinet.kz 02-08-2025 13

Сайрам ауданының экономикалық дамуында айрықша рөл атқарып отырған ең ірі елді мекен – Қарабұлақ ауылдық округі. 

Screenshot_49.jpg

Халық саны жағынан да, шаруашылық ауқымы тұрғысынан да бұл ауыл округі ауданда ғана емес, өңір көлемінде де көш бастап тұр. Инвестиция тарту, өнім өндіру және экспортқа шығару бойынша алдыңғы қатарда келе жатқан Қарабұлақ жыл сайын әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін тұрақты түрде жақсартып, инфрақұрылымын жаңартып келеді. 2024 жылы да ауыл өмірінде бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды, нәтижесінде ауыл экономикасы мен тұрғындардың тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсарды.

Округ аумағында бір ғана елді мекен бар. Жалпы халық саны 59 759 адамды құрайды, тіркелген үй саны 10 633. Мұнда сегіз ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүреді. Ауылдың жалпы жер көлемі 10 957 гектарды қамтиды. 1 657 агроқұрылым, 420 кәсіпкерлік нысан, 20 мектеп, 2 колледж, 1 аудандық аурухана, 1 емхана, 8 жеке клиника, учаскелік полиция пункті, 2 пошта бөлімшесі, 5 мешіт, 46 намазхана, 14 жеке меншік балабақша жұмыс істейді. Бұл әлеуметтік және мәдени инфрақұрылым ауылдың дамуы мен тұрғындардың өмір сүру деңгейінің жоғары екенін айғақтайды.

2024 жылы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 8 млрд. 500 млн. теңге болып жоспарланса, нақты 9 млрд. 600 млн. теңге игеріліп, жоспар 106,5 пайызға орындалды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 153 млн. 500 мың теңгеден 155 млн. теңгеге жетіп, 101 пайыздық көрсеткішке қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 47 млрд. 516 млн. теңге болып жоспарланып, іс жүзінде 53 млрд. 950 млн. теңгені құрап, 113,5 пайыз орындалды.

Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кірістері жыл басында 419 388 мың теңге болып бекітіліп, нақты түсім 434 236 мың теңгеге жетіп, жоспар 103,5 пайызға орындалды. 2024 жылғы шығыс жоспары 475 466 мың теңге болса, 475 447,7 мың теңгесі игеріліп, жоспардың орындалуы 99,9 пайыз болды. Бұл қаражат есебінен ауылдың 19 көшесіне трансформаторлар орнатылды, бірнеше көшеге жарық шамдары қойылды, жолаяқтар салынып, қоршаулар орнатылды, сондай-ақ жол белгілері мен жаяу жүргінші өткелдері жаңартылды.

Инфрақұрылым саласында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Облыстық маңызы бар жолдардың ұзындығы 21 шақырым болып, толық жөндеуден өтті. Аудандық маңызы бар 2,4 шақырым жолдың 70 пайызы қалпына келтірілді, ал ішкі жолдардың 232,9 шақырымының 50 пайызы жөнделді. Ауылдың 80 пайызы табиғи газға қосылған, электр энергиясымен толық қамтамасыз етілген. Орталықтандырылған ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілуде және 2026 жылы толық аяқталмақ.

Ауылда жалпы 4 223 электр бағанасы мен 179 КТП бар. Пайдалану мерзімі 40 жылдан асқан 3 мыңнан астам бағаналар кезең-кезеңімен ауыстырылуда. 2024 жылы жұмыспен қамтылғандар саны 375 адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз болды. Әлеуметтік қолдау шаралары аясында 307 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Мерекелік іс-шаралар, қайырымдылық акциялары, «Таза Қазақстан» науқаны шеңберінде 36 сенбілік өткізіліп, 5 400 түп ағаш көшеті отырғызылды.

Ауыл тұрғындарымен кездесулерде көтерілген 13 мәселенің 5-і толық шешілді, 7-і орындалу үстінде, 1-і түсіндірілді. Атап айтқанда, заңсыз құрылыстар мен құмар ойынханалар жойылды, мал сою алаңдарына бақылау күшейтілді, электр бағаналарын ауыстыру және жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, спорт кешені салу, қосымша мектеп ғимаратын тұрғызу және медициналық орталық ашу жобалары қолға алынды.

2025 жылға ірі инвестициялық жобалар жоспарланған. Соның ішінде «MEAT MAGNAT» мал бордақылау және ет өңдеу кәсіпорнының жалпы құны 6 млрд. 700 млн. теңге, ол 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. «KUZOV KARABULAK» ЖШС автобөлшектер шығаратын кәсіпорнының құны 2 млрд. 500 млн. теңгені құрап, 150 жұмыс орнын ашады. Сонымен қатар, ауылдық округ экспортқа шығару бағытында жаңа жобаларды іске қосып, өнімнің өңделу және экспортталу көлемін арттыруға ерекше көңіл бөлуде.

Кәсіпкерлер мен демеушілердің қолдауымен ауылдың жолдары асфальтталды, электр желілері жаңартылды, аялдамалар орнатылды, өрттен зардап шеккен екі отбасыға жаңа үйлер салынып берілді. Жалпы демеушілік көмектің көлемі 79 млн. 470 мың теңгені құрады. Бұдан басқа, мектептер мен балабақшаларға заманауи құрал-жабдықтар жеткізіліп, әлеуметтік нысандардың қызмет көрсету сапасы артты.

Қарабұлақ ауылдық округі өзінің ауқымды әлеуетін тиімді пайдалана отырып, ауданның экономикалық өсіміне және әлеуметтік тұрақтылығына айтарлықтай үлес қосып келеді. Инфрақұрылымды жетілдіру, өндірісті дамыту, инвестиция тарту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы жылдары да жүйелі жалғасатын болады. Ауылдық округтің дамуы аудандағы басқа елді мекендер үшін үлгі болуда, ал инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін тұрақты серіктес ретінде танылуда.

С.АБЫЛБЕКОВА

Жол қозғалысы– қоғамның мәдени деңгейінің айнасы
60 мыңға жуық тұрғыны бар Қарабұлақтың жетістіктері жетерлік
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу