60 мыңға жуық тұрғыны бар Қарабұлақтың жетістіктері жетерлік

Oinet.kz 13-08-2025 16

Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округінде инвестиция тартудың экономикалық дамуға үлесі зор. 

Screenshot_50.jpg

Қарабұлақ ауылдық округі былтыр әлеуметтік-экономикалық даму бойынша елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Ауыл округінде халық саны – 59 759, үй саны – 10 633, ал жалпы аумақ көлемі – 10 957 гектар. Мұнда агроқұрылымдар саны 1 657, кәсіпкерлік субъектілері – 420. Округтегі әлеуметтік инфрақұрылым да маңызды деңгейде дамып келеді: 20 мектеп, 2 колледж, 1 аурухана, 1 емхана, 8 жеке клиника, 5 мешіт, 46 намазхана және 14 жеке балабақша жұмыс істейді.

2024 жылы негізгі капиталға бағытталған инвестициялар жоспардан асып, 8,5 млрд. теңгенің орнына 9,6 млрд. теңге болды, бұл 106,5%-ды құрады. Өнеркәсіп өнім көлемі 155 млн. теңге, ал ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 53,95 млрд. теңгені құрап, жоспардан 13,5% артық орындалды. Мұндай көрсеткіштер инвестицияның экономикалық дамудағы тікелей рөлін айқын дәлелдейді.

Инвестициялар ең алдымен өндіріс пен ауыл шаруашылығына бағытталды. Мысалы, 2025-2027 жылдарға жоспарланған «MEAT MAGNAT» мал бордақылау және ет өнімдерін өңдеу кәсіпорнының жалпы құны – 6,7 млрд. теңге, бұл жоба 50 адамға тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, «KUZOV KARABULAK» ЖШС автобөлшектер шығару кәсіпорнын ашу арқылы 150 адам жұмысқа орналастырылады, жобаның құны – 2,5 млрд. теңге.

Ауылдық округтегі кәсіпкерлер мен демеушілердің үлесі де экономиканың дамуына айтарлықтай әсер етті. Махмуд Баба, Т.Садуллаев, Сайрам қақпа, А.Ахун көшелерінде жол жөндеу, асфальт төсеу, электр бағаналарын ауыстыру жұмыстары 26,0 млн.  теңгеден астам қаражатпен жүзеге асырылды. Далабазар көшесіне орнатылған трансформаторлар мен жол инфрақұрылымын жаңарту халыққа тұрақты қызмет көрсетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасы мен балаларға арналған акциялар арқылы 2024 жылы округ тұрғындарының әл-ауқаты артты.

Осылайша, инвестиция тарту тек өндірістік әлеуетті арттырып қана қоймай, ауылдың инфрақұрылымын жаңарту, жұмыс орындарын ашу және тұрғындардың өмір сапасын жақсарту арқылы Қарабұлақ ауылдық округінің тұрақты экономикалық дамуына үлес қосуда. 2024 жылғы көрсеткіштер бұл үрдістің тиімділігін дәлелдейді және алдағы жылдардағы жоспарланған жобалардың сәтті жүзеге асырылуына сенімділік береді.

С.АБЫЛБЕКОВА

Сайрам ауданындағы ең үлкен ауыл - Қарабұлақта даму қарқынды
Шымкенттегі жанжалға байланысты ПД пікір білдірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу