Таза орта —тәртіп пен жауапкершіліктің көрінісі
Қоршаған ортаны тазалыққа ұмтылу — әрбір азаматтың парызы. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы елімізде халықтық ықпалмен жүзеге асырылып жатқан жаппай сенбіліктердің бірі. Осы бағдарламаның аясында жетісайлықтар да белсенді қатысып, өз елді мекенінің көркеюіне үлес қосты.
Бүгін ұйымдастырылған ауқымды сенбілікке мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары, жастар ұйымдарының өкілдері, ауыл тұрғындары мен қоғамдық құрылымдар бірігіп қатысты. Әрбір ұжымға бекітілген аумақтар мен көше-жолдардан қоқыстар шығарылып, тұрғындардың таза ортаға деген жауапкершілік сезімі көрсетілді. Жалпы, шамамен 3 700 адам қатысқан іс-шарада санитарлық тазалық жұмыстары қатарында 300-ден астам көшет егілді.
«Тазалықты сақтау — туған жерге деген махабаттың көрінісі. Әр азамат қоқыс қалдықтарын кез-келген жерге тастамауға тиіс. Қала мен ауылдың сұлулығы — бізден басталады. Сенбілік жұмыстары болашақта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады», — деді аудан әкімі Серік Мамытов.
Ал, Түлкібаста өткен сенбілікке көптеген ұрпақтар қатысты: КСРО тұсында тоғыз дүркін көкпардан чемпион болған Дауылбаев Әбілхан бастаған ардагерлер, мекеме басшылары, жастар белсенділері және жергілікті тұрғындар бірігіп еңбек етті. Олар «Жанкент» саябағында бас қосып, «Жастар» алеясына 20 шырша көшетін отырғызды. Ал жалпы ауыл-елді мекендерде 300 көшет егілді.
Ақсақалдар арасында 88 жастағы Сұлтанбек Төреманов та болды. Туған жерге деген сүйіспеншілігі мол абыз ақсақал бұрын осы саябақта Қазақстанның алғашқы Премьер-министрі Сергей Терещенкомен бірге көшет егіп, саябақтың қалыптасуына үлес қосқан еді. Ол да бүгінгі іс-шараға қатысып, ескіні жаңғыртуға атсалысты.
Сенбілік барысында туристік бағыттарға апаратын жолдар бойы да тазартылды: қоқыстар жиналып, табиғи ландшафт қалпына келтірілді. Мекемелерден 1 500-ден астам қызметкер, 32-ден астам арнайы техника жұмылдырылып, 70 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сонымен бірге 320 көшет егілді, жергілікті экология мен гүлдену бағытына назар аударылды.
Жалпы Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы кең көлемде өтіп, оған 50 000‑нан астам адам қатысты, 17 000 ағаш көшеті отырғызылды. Бұл бастамаға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те қатысып, «Парасат» саябағында жасыл желек отырғызып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға шақырды. Ол: «Таза орта — қоғамның тазарақ бейнесі. Ағаш отырғызу мен айналаны ұстау әр адамның міндеті болуы керек» — деді.
«Парасат» саябағында 120 көшет егілді, жасыл аймақ кеңейді. Белсенді қатысушылардың бірі – мәдениет саласының қызметкері Ұлжан Мұстафаева: «Біз бүгін ардагерлермен, аналар алқасымен бірге болдық. Мақсат — туған қалаға үлес қосу. Барша түркістандықтарды осы шараға қатысуға шақырамын» — деді.
Экологиялық бастама тұрақты түрде жалғасатын болады. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында сенбіліктер ғана емес, нөлдік төзімділік қағидаты да насихатталады — яғни, қоқыс салуға, заңсыз күл-қоқыс қалдыруға ешқашан жол бермеу. Қоғамдағы заң мен тәртіпке, құқықбұзушылық мәдениетіне деген көзқарасты өзгерту — ұзақ мерзімді жұмыс. Таза орта — бұл мәдениеттің, тәртіптің және азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.
Міне, бүгінгі сенбілік — сол мәдениеттің алғашқы жемісі. Аудан, қала, облыс көлемінде жалғасатын осындай бастамалар арқылы біздің орта таза, көгалды әрі жасыл болуы тиіс.