Облыста мол өнім жиналуда

Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласында оң өзгерістер бар. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, облыста ауыл шаруашылығы субъектілерін қолдауға 48,5 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде облыстық бюджеттен 43,3 миллиард теңге, үкіметтік резервтен 5,2 миллиард теңге қаралған. Осы жылдың 9 айында аймақ агроқұрылымдарына 42 миллиард теңге бөлініп, аграрлық саланы мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр.
Шаруашылықтарды субсидиялару және мемлекеттен берілген жеңілдіктер өңірдің өзіндік кірістерін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға өз септігін тигізбей қоймады. Атап айтар болсақ, бүгінгі күні облыста жиын-терім жұмыстары аяқталып келеді. Биыл аймақта 3,3 миллион тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдерін жинау жоспарланған. Жоспар орындалуға жақын. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің артуына жылыжайлардың да қосып отырған үлесі зор. Жалпы облыстағы жылыжайлардың көлемі 1715 гектарды құрайды. Осы жылыжайлар есебінен 101,5 мың тонна көкөніс жиналған. Сондай-ақ, облыста құны 530,8 миллиард теңгені құрайтын, көлемі 512 гектар болатын екі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
– Облыста «Басым дақылдардың өндірісін субсидиялау» бағдарламасы арқылы агроқұрылымдарға 4,4 миллиард теңге қаралған болатын. Бағдарлама аясында жылыжай шаруашылықтарын қолдау нәтижесінде жылыжай өнімдерінің бағасы тұрақтанып, егіс көлемі мен алынған өнім көлемі артуда. 2023-2025 жылдары жылыжай өнімдерінің бағасы маусымаралық кезеңде төмендеген. Сондай ақ 2023 жылы 78 мың тонна өнім алынса, бүгінде жылыжайлардан 101,5 мың тонна өнім жиналып, ол 1,3 есеге артқан, – дейді Файзулла Байдуллаев.
Егіс алқаптарына тыңайтқыш сіңіру жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылған. Осы мақсатта биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егіс алқаптарына минералды тыңайтқыш сіңіруі үшін бюджеттен 12,2 миллиард теңге бөлінді. Сөйтіп бүгінгі күні егіс алқаптарына 206 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңірілген.
Одан бөлек, облыста суды үнемдеу мақсатында 3 кәсіпорын іске қосылған. Биыл су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, бүгінгі күнге 59 мың гектар алқапқа жаңа технология орналастырылған. Оның 44 мың гектары тамшылатып, 15 мың гектары жаңбырлатып суару жүйелері. Жалпы облыста жаңа технологияны 114 мың гектарға жеткізу жоспарланған.
– Облысымызда мал басының өсімі байқалады. Мәселен, республика бойынша мүйізді ірі қараның 13 (1143,6 мың бас), қой-ешкінің 22 (4947,6 мың бас), жылқының 11 (495,8 мың бас) және түйенің 14 пайызы (43,2 мың бас) Түркістан облысының үлесінде. Өткен сегіз айда 123 мың тонна ет, 367 мың тонна сүт, 177 миллион жұмыртқа өндірілді. Мал шаруашылығында 25 бағытта қолдау көрсетіледі. Өткен жылдан бастап, бағдарлама арқылы асыл тұқымды аналық мал бастарын сатып алуға басымдық берілуде. Нәтижесінде жылдан-жылға асыл тұқымды мал саны артуда. 2023 жылмен салыстырғанда асыл тұқымды мүйізді ірі қара саны 117 пайыз, ұсақ мал 3,9 есе, жылқы 101,2 пайызға артты. Қайта өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялау бағдарламасы бойынша 2023 жылы 1,3 миллиард теңге, 2024 жылы 1,85 миллиард теңге, биыл 1 миллиард теңге бөлінді. Бағдарлама облыстың тамақ өнімдерінің көлемін арттыруға оңды әсерін тигізуде, – дейді басқарма басшысы.
Мал басының өсуі ет өндірісінің ұлғюына алып келіп отыр. Жалпы республикада экспортқа шығарылатын мүйізді ірі қара етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы облыстың еншісінде. Осы жылы 8 айында 20,8 мың тонна мүйізді ірі қара еті, 13,4 мың тонна қой еті экспортқа бағытталған. Бұдан бөлек, өңірде ет кластерін дамыту бағытында құны 48,9 миллиард теңгені құрайтын ірі 7 инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Осы жобаларды жүзеге асыру арқылы ет өндірісін 31,5 мың тоннаға, ет экспортын 2 есеге ұлғайту көзделген. Сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын арттыру бағытында тауарлы сүт фермаларын ашу жұмыстары жалғасуда. Бұл бағытта құны 6 миллиард теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылып, қосымша 20 мың тонна сүт өндіріледі деп жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығында алдыға қойылған жоспар, бағыт-бағдар ауқымы кең. Облыста ауыл шаруашылығы бағыттарын дамыту жұмыстары тоқтаусыз жалғаса бермек. Ол үшін қабылданған жобалар мен бағдарламалар ауыл шаруашылығын көтеруге бағытталған.






