Жол құрылысы жұмыстары аяқталып келеді

Oinet.kz 03-10-2025 10

Screenshot_7.jpg

Түркістан облысында жол құрылысына бөлінген қаржы мақсатты игерілуде. Оны бұл салада істелген жол құрылысының сапасына қарап аңғару қиын емес. Облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, биыл Түркістан облысында 1235,6 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Оның ішінде елдімекендердегі көше жолдары да бар. Жалпы жыл қорытындысымен биыл 951,4 шақырымы пайдалануға беру межеленген.

– Президент тапсырмасына сәйкес көлік логистикасын дамыту Түркістан облысында жоспарлы түрде іске асырылуда. Жалпы облыс аймағында көлік қозғалысын реттеу және тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жылсанап жақсара түскен. Мәселен, биыл облыстық маңызы бар 225,2 шақырым жолдың құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, аудандық маңызы бар 130,7 шақырым көшеге, елді мекендердегі 885,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 140 елді мекенде жалпы ұзындығы 395,5 шақырым көшеде құрылыс жұмыстары басталып, бүгінде аяқталуға таяды. Жыл қорытындысымен жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайын 94,7 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл салада жол құрылыс жұмыстарының сапасы «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТО филиалы бақылауында ұстап отыр, – деді Қуатжан Жұматаев.

Жол құрылысында серпінді жобалар облыс орталығы Түркістан қаласында да атқарылуда. Мәселен, қала тұрғындарының жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында шаһардағы Бекзат тұрғын алабында ұзындығы 8,4 шақырымды құрайтын 5 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары барысында жол негізін дайындау, ірі және ұсақ түйіршікті асфальт жабындысын төсеу, жол жиектерін ретке келтіру, жаяу жүргінші жолдары салу құрылыс талаптарына сәйкес атқарылу үстінде. Сонымен қатар, Отырар тұрғын алабында жалпы ұзындығы 24,6 шақырым болатын 28 көшені орташа жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл көшелердің қатарында Шаян, Ойсылқара, Келес және оларға іргелес өзге де көшелер бар.

«Түркістан қаласы аумағында жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Өткен  жылдың қорытындысы бойынша олардың 50,3 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда деп бағаланған. Биыл қосымша 138,5 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Аталған жұмыстар толық орындалған жағдайда, қаладағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7 пайызға жеткізілетін болады. Сонымен қатар, басқарма тарапынан қаржыландыруды қажет ететін 4 көпір және жалпы ұзындығы 132,6 шақырымдық 7 жолды күрделі жөндеуден өткізу жобасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған», – дейді басқарма басшысы. Бұдан бөлек, жаңадан 33,4 шақырым жолға жоба әзірленуде. Айта кетерлігі, Түркістан облысы аумағында автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнатуға 7 жол аймағы белгіленген. 2024-2025 жылдары Арыс қаласындағы Арыс-Темірлан, Арыс-Қабылсай жолдарына орнатылды. Биыл Сайрам ауданында Қарамұрт-Ақсукент автомобиль жолының бойына 2 жерге аталған станцияны орнатуға қаржы қаралды. Қазіргі таңда мердігер мекеме анықталып, жұмыстар басталған.

Жол құрылысын күрделі және орта жөндеуден өткізі жұмыстарымен облыста тұрақты айналысып келе жатқан отызға жуық мердігер бар. Оның онға тартасы құрылыс жұмыстарымен айналысатын ірі компания қатарынан. Бүгінгі таңда бұл компаниялар жол құрылысы жұмыстарын биыл да талапқа сай жүргізіп аяқтағалы отыр.

Облыста мол өнім жиналуда
Облыста инвестициялық жобаларды қаржыландыру көлемі артып отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу