Облыста инвестициялық жобаларды қаржыландыру көлемі артып отыр

Oinet.kz 04-10-2025 13

Screenshot_8.jpg

Президентіміз халыққа арнаған Жолдауларында индустриалдық экономикалық аймақтарды құру, өңір экономикасын, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында инвестиция тартуды өңір басшыларына тапсырған болатын. Бұл бағытта Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар көп. Жалпы облыс аумағында 20 арнайы экономикалық аймақ құрылған.

Ал облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталар болсақ, өткен сегіз айда жалпы өңірлік өнім көлемі 3 триллион теңгеге жетіп, қысқа мерзімді экономикалық өсім 115,8 пайызды құраған. Өнеркәсіп саласында 982,3 миллиард теңгенің өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,1 пайызға артқан. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында биыл өңдеу саласында 61 миллиард теңгені құрайтын 18 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, 8 айда 3 ірі зауыт іске қосылған. Бұдан бөлек, Созақ ауданында жоба құны 74,7 миллиард теңгені құрайтын табиғи уранды өңдеу зауыты ашылған. Жалпы 100 гектар аумаққа Шағын өнеркәсіптік парк жобасы аясында 152 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Өткен жылы 11 ғимарат салынып, құны 36,5 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба іске қосылған.   

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен, өңірімізде өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы» құрылды. Мұнда кәсіпорындар ашылып, 3000 жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Жыл басынан өңірге 783 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,3 есе жоғары.

Бір атап өтерлігі Түркістан облысында инвестициялық жобаларды қаржыландыру көлемі артып келеді. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, осы жылдың 9 айында 33 инвестициялық жоба іске қосылып, 4793 жұмыс орны құрылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 48 жобаға жетеді деп күтілуде. Облыста 2028 жылға дейін 111 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Бұл межеге қол жеткізу 23915 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді. Өткен жылы жүзеге асқан 16 инвестжобаның аясында 1358 жұмыс орны құрылған болатын.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Шайхы Жандоспен кездескенде өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын бірге талқылағаны бар еді. Сол кездесуде облыс әкімінің орынбасары қаржыландыру барысында кездесетін түйткілдерге де тоқталып, өзекті мәселелерді ортаға салған болатын. Сондай-ақ, халық тығыз орналасқан аудандарда арнайы кеңсе ашу, несиелендіру мен қаржылық сауаттылыққа қатысты кеңес беру орталығын жасақтау жайын да бірлесе талқылаған. Сондай-ақ Жандос Шайхы облыс әкімінің орынбасарымен бірге мақталы алқаптарды аралап, инвестициялық жобалардың жұмысымен танысқан.

Бір атап өтерлігі жыл басынан бері «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» арқылы өңірден ұсынылған құны 500,8 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба мақұлданған. Бұл жобалар қайта өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым және агроөнеркәсіптік кешен салаларына қатысты шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытталған болатын. Бүгінгі күні бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып келеді.

Жол құрылысы жұмыстары аяқталып келеді
Жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу