Жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда

Oinet.kz 04-10-2025 10

Screenshot_9.jpg

Жолдың жайын жүрген біледі. Бүгінгі күні Түлкібас ауданында жол жөндеу жұмыстары жалғасын тауып, жолмен бірге көшелер де жарықтандырылуда. Аудан әкімі Асқар Естібаевтың айтуынша, биыл аудан аумағындағы тозығы жеткен 21 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 18 көше «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде жөндеуден өткізілуде. Бұдан бөлек, Түлкібас кентіндегі 3 көше облыстық бюджет есебінен толық жөндеуден өткен.

 Түлкібас ауданында ішкі көшелерді реттеу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан көше жолдарының сапасын аудан әкімі өзі арнайы бақылап-қадағалады. Атап өтерлігі аудан әкімі Асқар Естібаев жауапты мамандармен бірлесе тексеру барысында анықталған кемшіліктерді тез жоюды мердігерлерге қатаң тапсырды. «Президентіміз тапсырғандай жол еліміздегі маңызды стратегиялық нысан. Оның сапасын үнемі қадағалап отыру біздің басты міндетіміз. Жол құрылысын жүргізуді өз міндетіне алған әрбір мердігер жол сапасының талаптан шығуына жауап береді» дей келіп, аудан басшысы мердігерге бірқатар ескертулер беріп, құрылыс жұмысын жоспарланған уақытында аяқтауды, тұрғындар қауіпсіздігі үшін құрылыс жұмыстары аяқталған соң жол белгілерін толық орнатуды, қажеттілігіне қарай бейнебақылау камераларын қоюды тапсырды.

Мердігердің айтуынша, ауыр жүк көліктері көп жүретін Шыңғысбеков көшесінің астынғы жабындысына 15 сантиметр бетон арнайы техника күшімен құйылып, үстіне 6 сантиметр асфальт жабындысы түспек. Ал, кент орталығынан өтетін Көбей көшесіне жөндеу жұмыстары барысында жаңбыр суы ағып кетуге жағдай жасау мақсатында науа орнату жұмыстары қатар жүргізілуде. Аталған жұмыстар толық аяқталған соң өңірдегі ішкі жолдардың қанағаттанарлық жағдайы 86,6 пайыздан 89 пайызға жоғарыламақ.

Жоғарыда айтқанымыздай Түлкібас ауданында жол жөндеу құрылысымен қатар көше жарықшамдарын орнату жұмыстары да жалғасын табуда. Аудан әкімінің сөзінше, ауданда 300-ден аса көшеге жарық шамдары орнатылған. Бүгінгі күні бұл жұмыс Түлкібас ауданында жүргізілуде. Мұндағы мақсат – елді мекен тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру, елдімекендердің инфрақұрылымын жақсарту. Жалпы жыл басынан бері аудан көлемінде жергілікті тұрғындардың өтінішіне сәйкес 28 көшеге жарықшамдар орнатылған.

 Түлкібас ауданында 15 кент, ауылдық округтерде 59 елдімекен бар. Бұл елдімекендерде жалпы саны 464 ішкі көше болса, бүгінгі күнге дейін олардың 309-ы жарықтандырылған. Бұл жұмыстар ауылдық округтердің жергілікті бюджеті мен демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылуда. Көшелердің басым бөлігі мектептер мен балалар жиі жүретін қоғамдық орындарға жақын орналасқан. Сол себепті жарықтандыру жұмыстары тұрғындардың, әсіресе балалардың кешкі және таңғы уақыттарда қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп отыр.

Облыста инвестициялық жобаларды қаржыландыру көлемі артып отыр
Су үнемдеу технологиялары көптеп егіс алқаптарына енгізілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу