Су үнемдеу технологиялары көптеп егіс алқаптарына енгізілуде

Oinet.kz 04-10-2025 12

Screenshot_10.jpg

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын отандық технологиялармен қамту шаралары қолға алынған. Осы мақсатта облысқа тартылған инвесторлар күшімен трактор, ауыл шаруашылығы техникаларын жасау, қала берді тамшылатып және жаңбырлатып суару қондырғыларын шығаратын өндіріс ошақтары көптеп ашылуда. Соның бірі – Отырар ауданында жұмыс істеп тұрған «Таймас-2024» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Серіктестік директоры Төлеген Серікбаевтың айтуынша, жүзеге асырып отырған жоба құны 2 миллиард теңгені құрайды. Аталған жұмыстар инвестор тарапынан қаржыландырылуда. Серіктестікке қарасты аумақ 5 мың гектарды алып жатыр. Оның ішінде 2300 гектар алқапқа мақта, 500 гектарға күріш, қалған 200 гектар алқапқа пісте дақылдары орналастырылған. Алқап жұмыстарына 45 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Жоба қуаттылығына келсек, әр гектардан 50 центнер күріш алу көзделген. Мұнда 25 маусымдық жұмыс орны ашылған.  Жаңа әдіс арқылы су бірнеше есе үнемделген.

– Әділін айту керек, бұл шаруаны бір өзім атқара алмас едім, егер облыс әкімінің қолдауы болмаса мұндай дәрежеге жетпес едік. Біз облыс әкімдігінің үйлестіруімен шетелге іссапарға шығып, инвесторлармен келісіп, осы арқылы жаңа жобаны жүзеге асырдық. Сөйтіп егін алқабына су үнемдеу технологиясын енгізу арқылы күріш, мақта, пісте дақылдарынан алынатын өнімділікті жоғарылаттық. Мұның барлығы өзімізде өндіріліп жатқан отандық технологияның арқасында мүмкін болып отыр, – дейді серіктестік директоры Төлеген Серікбаев.

Сонымен Түркістан облысында су тапшылығын жою мақсатында су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстары кеңінен қолданылып келеді. Соның бірегейі осы Отырар ауданы, Қарғалы ауылында жүзеге асырылып, тамшылатып суару әдісі арқылы күріш және мақта шаруашылығы қолға алыған «Таймас-2024» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы көпке үлгі болыуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Отырар ауданына арнайы жұмыс сапарымен барған кезде серіктестіктің жаңа технологиямен ылғалдандырылған алқабының жұмысымен жақынырақ танысты. Инвесторлармен және алқап иесімен кездесіп, егістік жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Тың жобаларды қолдауға әрдайым дайын екенін жеткізген болатын.  

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнімінің көлемін ұлғайту бағытында бірқатар тапсырмалар берген еді. Бұл бағытта Түркістан облысында мақсатты жобалар қолға алынып, бүгінде сапалы жұмыстар атқарылуда. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы алқаптарына су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, қазіргі уақытта 59 мың гектар жерге ендірілген. 2028 жылға дейін жыл сайын 27 мың гектарға енгізу жоспарланса, облыста мүмкіндігіне қарай су үнемдеу технологияларын жыл сайын 50 мың гектарға ендіру көзделуде. Бұл әдіс ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді облыс әкімі өңір кәсіпкерлерімен болған кездесуде.

Бүгінгі күні тамшылатып және жаңбырлатып ылғалдандыру технологиясы ауыл шаруашылығы саласында кеңінен қолдана бастады. Оған қажетті құрал-жабдықтар өңірдегі арнайы экономикалық аймақтарында дайындалып, сұранысты арттырды. Кейбір үлкен серіктестіктер оған қажетті құрал-жабдықты өздері шығаратын деңгейге жетіп отыр.

Жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда
Маңызды инвестициялық жобалар бойынша келіссөздер жүргізіліп, тиісті жұмыстар басталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу