Маңызды инвестициялық жобалар бойынша келіссөздер жүргізіліп, тиісті жұмыстар басталды

Түркістан облысында инвесторлардың күшімен бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Соның бірі – облысы аумағында ірі жанар-жағармай және мұнай өнімдерін сақтайтын қойма салу. Бұл жобаны «ҚазМұнайГаз-Аэро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвесторлардың күшімен жүзеге асыруға ниетті.
Серіктестік директоры Ильдар Шамсутдиновтың айтуынша, аталған жобаның жүзеге асыру мерзімі 2026-2028 жылдарға белгіленген. Резервуарлық парк (мұнай базасы) салынып, онда 20 000 текшеметр мұнай өнімдері сақталмақ. Оның 12 мың текше метрі – авиаотын. Жоспарланған инвестиция көлемі – 5 миллиард теңгені құрайды. Осы жоба аясында облыстың отын қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әуе компанияларын тарту арқылы жолаушы және жүк ағындарын молайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, авиация саласының халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкес отын инфрақұрылымын жаңарту көзделген.
Бұл жобаны Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровте қолдап, қуаттап отыр. Аймақ басшысы инвестормен кездесу барысында Түркістан өңірінде жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, әріптестік орнату жолдарын сөз етті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында көлік логистикасын одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берді. Осы орайда, облыстың географиялық жағынан қолайлы орналасуы транзитік көлік дәліздерін дамытуға үлкен мүмкіндіктер беретіні сөзсіз. Сіздің тарапыңыздан ұсынылған мұнай өнімдерін сақтайтын инвест-жобаның өңіріміз және еліміз үшін үлкен маңызы бар. Жоба жүзеге асса, көліктің барлық түрі бойынша өңіріміздің халықаралық көлік байланысын, логистика және көрші елдердің өңірлерімен ынтымақтастығымыздың күшейуіне септігін тигізеді. Өз тарапымыздан инвестициялық жобалар бойынша ұсыныстарды қарауға және қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді аймақ басшысы Нұралхан Көшеров.
Сондай-ақ облыс әкімі өндірістік парк аумағында мақта, күріш және басқа да дақылдарды жинауға арналған ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын зауыт салу туралы ұсыныс тастаған «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамының президенті Динара Шүкіжановамен кездесіп, келіссөз жүргізді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кездесу барысында ынтымақтастықты нығайту жайы талқыланып, агроөнеркәсіп саласында жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыру жайы пысықталды. Аймақ басшысы өңірдің инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, ортақ бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
– Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені еліміздегі жетекші орынға ие. Мемлекеттік аграрлық саланы ауқымды қолдауларының нәтижесінде, саланының инвестициялық тартымдылығы жылдан жылға еселеп артуда. Осы жылдың 8 айының өзінде салаға 125 миллиард теңге инвестиция тартылды. Облыста ауыл шаруашылығы саласында қолданылатын жалпы техника саны – 17487. Мемлекет қолдауымен биыл шаруа қожалықтары 618 техника сатып алып отыр. Жалпы алғанда біздің облысы ауыл шаруашылығы саласын дамытуда Қазақстандағы ең қолайлы өңір. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы агроөнеркәсіп кешені – ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты экономиканың стратегиялық саласы екенін бірнеше рет атап өтті. Әлемдік азық-түлік тұрақсыздығы жағдайында ауыл шаруашылығын инновациялық дамыту, салаға жаңа технологияларды енгізу – ортақ басымдығымыз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
«АгромашХолдинг KZ» компаниясының президенті агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту үшін өңірдің әлеуетін тиімді пайдалану жөнінде бірқатар ұсынысын айтып, жобаны бастауға дайын екенін жеткізді. Облыстың ыңғайлы логистикалық орналасуы оңтүстік өңірлерге ауыл шаруашылығы техникаларын осы кәсіпорынан жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты. Бүгінде аталған бастаманы жүзеге асыру бағытында жұмыстар басталып кетті. Бұл жобаны бүгінгі күні жүзеге асыру «Jer Arys Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырылған. Серіктестікке «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тарапынан қолдау шаралары көрсетілуде.


