Халықтың жайлылығы басты орында

Түркістан облысында инженерлік инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жалғасуда. Оның ішінде Түркістан қаласын Түркі әлемінің орталығына айналдыру, туристік әлеуетін көтеру, «Ақылды қала» тұжырымдамасына сай дамыту мәселесі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауына алынған.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан жобалармен танысып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысыпқан болатын. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, Түркістан қаласында 875 көше бар. Оның жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайды. Олардың 50,3 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Биыл қалада 138,5 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Аталған жұмыстар толық орындалған жағдайда, қаладағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7 пайызға жеткізілмек.
– Бүгінгі күні шаһарда көлік қозғалысын реттеу және тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Бекзат тұрғын алабында 5 көше орташа жөндеуден өткізілуде. Ол көшелердің ұзындығы 8,4 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстары барысында жол негізін дайындау, ірі және ұсақ түйіршікті асфальт жабындысын төсеу, жол жиектерін ретке келтіру, сондай-ақ бір жақты аяқжол салу жұмыстары қатар атқарылуда. Сонымен қатар, Отырар тұрғын алабында 28 көше орташа жөндеуден өткізілу үстінде. Ондағы жолдың жалпы ұзындығы 24,6 шақырым. Сондай-ақ мұндай жұмыстар Шаян, Ойсылқара, Келес және оларға іргелес өзге де көшелерде атқарылуда, – дейді қала әкімі.
Сондай-ақ қалада бюджеттен бөлінген қаржы есебінен жол салу мен абаттандыру жұмыстары да талапқа сәйкес атқарылуда. Қалада жаңадан салынып жатқан ипподромға апаратын жолдың құрылысы жандана түскен. Ұзындығы 1,3 шақырымды құрайтын бұл жолда екі қабатты асфальт төселіп, жарық шамдары орнатылған. Қазіргі таңда жолдың екі жағында аяқжол төсеу жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар Б.Саттарханов даңғылы мен Әуежай тас жолы бойындағы көгалдандыру және гүл егу жұмыстары атқарылып, қаланың негізгі магистральды көшелерінің бойында түрлі ағаш түрлері отырғызылып, жасыл аймақтардың көлемі ұлғаюда.
Түркістан қаласында қоғамдық көлік қатынасы да жолға қойылған. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ұлан Жамбылұлының айтуынша, бүгінгі күні Түркістан қаласында 22 бағытта 204 автобус тұрақты түрде қатынайды. Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 20,3 миллион жолаушы тасымалданған. Оның 82,7 пайызы электронды төлем жүйесін, ал 17,3 пайызы қолма-қол төлем тәсілін пайдаланған.
Қаладағы қоғамдық көлік паркін кезең-кезеңімен жаңарту жалғасуда. Биылғы жылы 16 жаңа жоғары сыйымдылықтағы автобус алынған болса, 2026 жылы ұзындығы 10 метр, сыйымдылығы 75–90 адамға дейінгі автобустар сатып алу жоспарланып отыр. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында 1965 жол белгісін орнату көзделіп, оның 667 данасы бүгінде қойылған. 53 орында жасанды жол кедергілерін орнату жұмыстары басталған. Сондай-ақ, биыл 28 мың шаршы метр жаяу жүргінші өтпелі жаңартылып, 60 негізгі көшені қамтитын 300 шақырым жол сызықтары сызылған. Қала аумағындағы 93 бағдаршам нысанының алтауы жаңартылып, екеуі жаңадан орнатылған. Жыл соңына дейін тағы бес орында бағдаршам қою жоспарланған.
Ал жарықтандыру жүйесі де жаңарып келеді. Қала бойынша 38430 жарық шам орнатылған, 936 көше жарықтандырылған. Жыл басынан бері 1737 жарық шам ауыстырылып, қосымша 263 шам қорда сақтаулы тұр.
«Қалада көп жұмыс атқарылуда. Дегенмен кемшіліктер де жоқ емес. Құрылыс нысандарында болған кезде мердігерлерге сапаға мән беру, құрлыс талаптарын сақтау тапсырылды. Сондай-ақ құрылыс нысандарын мерзімінде тапсыру міндеттелді», дейді облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев.


