Түлкібас: Ауданында ауыз су тапшылығын жою жұмыстары жалғасуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елдімекендерді таза ауызсумен қамту жұмыстары жалғасуда. Міне, бүгінгі күні мұндай жұмыстар Түркістан облысының Түлкібас ауданында да өңірдің бас жоспарына сәйкес шешімін табуда.
Жалпы елдімекендерге таза ауыз су жүйесін тарту құрылысына мемлекеттен қомақты қаржы қаралған. Бөлінген қаражат есебінен ауданда сапалы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған елді мекендер қатары артып келеді. Аудан әкімі Асқар Естібаевтың айтуынша, бүгінгі күні Күмісбастау ауылының маңындағы тау бөктеріндегі бұлақтан 1,8 шақырымға 200 диаметрдегі құбыр тартылып, бастау басында суды жинақтау мақсатында бетондау жұмыстары іске асырылуда.
– «Су – тіршілік көзі» деген салмақты сөзді дана халқымыз бекер айтпаған. Тіршілік дүниесіне терең үңіліп қараған адам бұл ұғымның растығын, қара судың қадірін аңғармай қалмайды. Осыған орай ауданымызда елдімекендерді сапалы су жүйелеріне қосу жұмыстары қарқын алып келеді. Оған еліміздегі құқық қорғау органдарының араласуымен қайтарылған активтер есебінен таза ауызсумен қамтамасыз ету міндеті бүгінде өз жемісін беріп отыр. Мәселен, бүгінгі күні Күмісбастау ауылындағы ауыз су құрылысының 80 пайызы аяқталып, құбырларды су жинайтын орынға жалғау және ауылдың су жүйесіне қосу жұмыстары ғана қалып отыр, – дейді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, мұндай жұмыстар Көктерек ауылында да іске асырылуда. 120-ға жуық түтіні бар елдімекендегі таза ауыз су тапшылығын жою мақсатында ұңғыма қазылып, қазіргі таңда, айналасын қоршау, мұнара, трансформатор орнату жұмыстары атқарылуда. Аталған жұмыстар аяқталған соң орталық жүйеге қосу жұмыстары іске асырылмақ.
– Бүгінгі күні сапалы таза ауызсумен қамту жұмыстар ауданға қарасты, халқы тығыз орналасқан Састөбе кент ауылында да жалғасуда. Мұнда су ұңғымасын қазу, трансформатор орнату жұмыстары мәресіне жетіп қалды. Ендігі кезекте, істен шыққан екі мұнараны қайтадан іске қосу, бұдан бөлек екі жаңа мұнара орнатып, жалпы 4 мұнараны ауылдың су жүйесіне қосу және ескірген су реттегіш бұрандыларды ауыстыру жұмыстары атқару кезекте тұр. Қазіргі таңда, мұнда тиісті жұмыстың 40 пайызы жүзеге асырылып, құрылыс жұмыстары жалғасын табуда. Ал Жыланды ауылында мүлдем ауыз су жүйесі тартылмаған 28 үйге тіршілік нәрі жеткізіліп, елді мекендегі өзекті мәселенің бірі болып келген ауыз су тапшылығын жою мақсатында ауыл шетінен ұңғыма қазылып, мұнара орнатылып, айналасы толық қоршалды. Қазіргі таңда мұндағы атқарылған жұмыстар 80 пайызға жетіп отыр, – дейді аудан әкімі.
Атап өтерлігі, аталған елді мекендерде соңғы жылдары таза ауыз су тапшылығы түйінді мәселенің болып келген. Міне, биыл тұрғындарды мазалаған бұл мәселе рет-ретімен шешімін тауып келеді. Сондай-ақ мұндай мәселе аудан орталығында да бар. Соның бірі аудан орталығына қарасты Қараағашты ауылы. Мұнда жаңадан су ұнғымасы қазылуда. Аталған ұнғыма Күншуақ (ДСУ) шағын ауданында ауыз су тапшылығын жою мақсатында қазылып отыр. Жалпы аудан орталығы Кемербастау бастауының таза ауыз суына тәуелді. Аудан әкімі аудан орталығының таза ауызсусыз қалып қоймауы үшін қосымша ұңғымалар қазу керектігін көтеріп отыр.
Бұлақ суына тәуелді болып отырған аудан орталығын, негізгі су тасымалдап тұрған құбырлар жарылған жағдайда уақытша жөндеу жұмыстары жүрген уақытта және жаз мезгілінде сумен қамти алатындай жағдай жасау керектігін аудан әкімі су жүйелерін аралау барысында ескерткен де болатын. Ондағы мақсат, Майлыкент округіндегі абонентерді Кемербастау бұлағына тәуелді болмау мақсатында қосымша мұнаралар орнатып, ұңғымалар қазу керектігін еске салды. Дегенмен ауданда ауыл тұрғындарын таза ауызсумен қамту жұмыстары жалғасуда.


