Сарыағаш: Таскескендіктер үшін ауыз су игілігін көретін күн жақын

Oinet.kz 05-10-2025 2

ceb9ftop_10_kovarnyh_zhiteley_pitevoy_vody_iz_pod_krana_1600_880.jpg

Сарыағаш ауданында елді мекендерді таза ауыз сумен және көгілдір отынмен қамту бағытындағы құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні Тегісшіл ауылдық округіне қарасты Таскескен елді мекеніне таза ауыз су құбыры тартылуда. Оның құрылыс жұмысын «FS Development Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Тапсырыс беруші Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.

Бөлім қызметкерлерінің айтуынша, бюджеттен бөлінген қаражат мақсатты игеріліп, құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Қазір Таскескен елді мекенінің Т.Омаралиев, Ақбосаға және Жетіқыр көшелерін сапалы ауыз сумен қамту бойынша құрылыс жұмыстары атқарылуда. Нысанның құрылысы осы жылдың сәуір айында басталған, енді оны жыл соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі күні сусорғы станциясы, су құбырларын тарту және су құдықшаларын орнату жұмыстары аяқталған.

«FS Development Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестік өкілдері нысанның құрылыс жұмыстарын жақында аяқтап, тапсырғалы отырғанын жеткізді. «Жоспарланған құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтап, жыл соңына дейін тапсырамыз деген ойдамыз. Бүгінгі күні сусорғы станциясының айналасында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құбырмен су жіберіп тексерілуде. Қалай дегенмен, жұмысты уақтылы аяқтап, нысанды ел игілігіне тапсыратын боламыз. Жаңа жылда ауыл тұрғындары сапалы су тұтынатын болады», дейді серіктестік қызметкерлері.

Бұл нысанның басы-қасында болып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан аудан әкімі Арман Абдуллаев ондағы атқарылған шаруаның сапасына назар аударып, нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, жобаларды егжей-тегжейлі зерделеп, олардың тұрғындар өміріне тигізер оң әсеріне тоқталды. Құрылыс-монтаж жұмыстарының белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ аудан әкімі Тегісшіл елді мекеніндегі Ш.Ибрагимов көшесінде салынып жатқан 3 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолағының құрылысымен танысты. Екі шақырымына бордюр қойылып, ішіне шағал төселуде. Алдағы уақытта асфальт жабынын төсеу жұмыстары  жоспарланған. Оның құрылыс жұмыстарын «Bairkum company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мойнына алған. Ол құрылыс алаңының мердігері бюджет қаражаты мақсатты игеріліп, жұмыс уақтылы тапсырылатынын айтты.

Бұдан бөлек, Тегісшіл ауылдық округі аумағындағы егістік алқаптарды ағын сумен қамту мақсатында су арналарын механикалық тазалау жұмыстарын жалғасуда. Округтегі Сарыүйсін каналының механикалық тазалау жұмыстарың барысымен танысқан әкімі Арман Абдуллаев су шаруашылығы мекемесіне нақты тапсырмалар жүктеді.

Жыл соңына дейін Сарыағаш ауданындағы 11 ауылдық округте жалпы ұзындығы 185 шақырым болатын су арналары механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда, бюджет қаражаты есебінен 120,9 шақырымды құрайтын канал тазартылып, 65 шақырым жыл аяғына дейін толық аяқталады деп күтілуде. Аталған жұмыстарға арнайы 3 техника жұмылдырылған. Жалпы Тегісшіл ауылдық округінде атқарылып жатқан құрылыс нысандары аудан әкімінің тұрақты бақылауына алынған.

Түлкібас: Ауданында ауыз су тапшылығын жою жұмыстары жалғасуда
Сауран: Егін және мал шаруашылығы қатар дамуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу