Сауран: Егін және мал шаруашылығы қатар дамуда

Oinet.kz 06-10-2025 2

Screenshot_12.jpg

 Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыс ауқымы кең. Егіншілік пен мал шаруашылығы қатар дамуда. Диқандар бүгінде мақта алқаптарында жұмыс істеуде. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, Биыл аудан көлемінде 11975,6 гектар алқапқа мақта дақылы орналастырылған. Оның басым бөлігі Ескі Иқан ауылдық округінде егілсе, қалған аумақ Жүйнек, Қарашық, Шаға, Жібек Жолы, Шорнақ, Жаңа Иқан, Иассы, Оранғай және Үшқайық ауылдық округтерінде орналасқан. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1054 гектарға артық.

Аудан әкімі жоғарыда аталған ауылдық округтерде болып, мақта терімі жүріп жатқан алқаптарды аралап, шаруалардың жұмысымен танысты. Шаруалармен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдаған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров агроөнеркәсіп саласында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталып, еңбеккерлердің қажырлы еңбегіне табыс тіледі. Сондай-ақ өнімділікті арттыру және жиналған мақтаны дер кезінде өткізу бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді.

 Бүгінгі таңда шаруаларға мемлекет тарапынан беріліп отырған қолдау көп. Субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер, қаржылық ұйымдардың төмен пайызбен ұсынған қаржылық қолдауы шаруалардың жаңа технологияларды егіс алқаптарына батыл енгізуге мүмкіндік беруде. Осының арқасында созақтық шаруашылықтар өнімділікті арттыру мақсатында тамшылатып суару әдісі кеңінен алқаптарға енгізілуде. Бұл тәсіл суды үнемдеуге, жер құнарлылығын сақтауға және мақтаның сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.

– Жаңа технологияларды батыл енгізудің арқасында шаруалар биыл мол өнімге қол жеткізуде. Мәселен, өткен жылы аудан бойынша орташа түсім 31,2 центнерді құрап, 34174 тонна мақта жиналған болатын. Биыл бұл көрсеткіш тамшылап суару жүйесін қолдану арқылы жақсарып, мақта алқаптарынан жалпы 38320 тонна өнім алу жоспарлануда. Қазіргі таңда шаруалар 4434 гектардан өнім жинап үлгерді. Орташа түсім 37 центнерден айналуда. Бүгінгі таңда 11963 тонна мақта қамбаға құйылды. Өңірде мақта қабылдау жұмыстарын «Goldеn Cotton», «Қазақстан мақта» және «Нұр Агро-73» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, «Картекс» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мен «Казтекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда, – дейді аудан басшысы.

Сондай-ақ ауданда мақта шаруашылығымен қатар мал бордақылау ісі де жанданып келеді. Ірі агроқұрылымдарда жүздеген бас мал бордақылануда. Алдағы уақытта бордақылау алаңын көбейту үшін аудан әкімінің тапсырмасымен Ескі Иқан ауылдық округінде агроөнеркәсіптік бағыттағы ірі жоба – мал бордақылау алаңдарының құрылысы басталған болатын. Қазіргі таңда ауданға қарасты 12 ауылдық округ аумағынан жалпы көлемі 185 гектар жер телімі бөлініп, 292 мал бордақылау алаңының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 30 нысан Ескі Иқанда бой көтеруде. Бүгінгі күнге дейін 25 алаңның құрылысы басталып кеткен. Жоба толық іске қосылғанда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

– Ауданымызда мал бордақылау алаңын салу бойынша ірі жоба қолға алынып, қаржыландырылуда. Мұндағы мақсатымыз салада сервистік қызметтерді орталықтандыру арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Ең бастысы бұл жоба – ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың табысын арттыруға, өңірдің экономикалық белсенділігін көтеруге ықпал етпек. Бір атап өтерлігі бұл бастаманың басты ерекшелігі – мал бордақылау алаңдарының бір орталықта шоғырлануы. Мұндай тәсіл инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, шығындарды азайтуға әрі жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ санитарлық және ветеринарлық талаптар бірыңғай бақылауда ұсталып, ет өнімдерінің сапасы мен көлемін арттыруға жол ашады, – дейді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.

Сарыағаш: Таскескендіктер үшін ауыз су игілігін көретін күн жақын
Сарыағаш: «Өндірістік парк» ашылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу