Сарыағаш: «Өндірістік парк» ашылды

Сарыағаш ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар көп. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Сарыағаш қаласының кіре берісінде жаңа «Өндірістік парк» жобасының құрылыс жұмыстары да басталып кетті. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша, бұл жобалардың басты мақсаты – аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру.
Бүгінгі күні Түркістан облысында аудан, қала әкімдіктері мен басқармаларының жұмысын бағалайтын рейтингтік жүйе енгізілген. Бұл жүйе аясында әр мекемеге нақты индикаторлар бекітіліп, олардың орындалу нәтижесі тоқсан сайын сараланып, тұрақты түрде талқыланаып отырады. Осы талқылау көрсеткендей ауданның 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуында ілгерілеу бар.
Бұл көрсеткіштің жоғарылауына негіз болған жобаның бірі, ол – «Өндірістік парк». Бұл «өндірістік парк» – аудандағы шағын және орта бизнесті дамытуға, өндірістік инфрақұрылымды жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған маңызды бастама. Жоба аясында түрлі бағыттағы өндіріс орындарын орналастыру, кәсіпкерлерге қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылған алаң ұсыну көзделіп отыр.
Жалпы алаңы 6,5 гектар аумақты құрайтын алаңның қазығын аудан әкімі Арман Абдуллаевтың өзі қақты. Осы бір стратегиялық маңызы бар нысанның бұл салтанатына аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы, аудан әкімдігінің салалық бөлім басшылары және халық қалаулылары қатысқан болатын. «Бүгін біз аудандағы кәсіпкерлікті қолдау бағытында нақты қадам жасадық. «Өндірістік парк» – Сарыағаштың экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа инвестиция тартуға және жұмыс орындарын көбейтуге бағытталған маңызды жоба. Алдағы уақытта бұл аумақ шағын және орта бизнес өкілдерінің орталығына айналады деп сенеміз», – деген болатын аудан әкімі.
Өңір басшысы айтқандай, бұл паркте қазірден-ақ жұмыс істеуге ниетті шағын және орта кәсіпкерлер қызығушылық танытуда. Бүгінгі күні ол аумақта жер тегістеу және инфрақұрылымға қажетті дайындық жұмыстары басталып кеткен. Ондағы жобады кезең-кезеңімен жүзеге асырылу жоспарланған.
Сондай-ақ Сарыағаш ауданын дамыту стратегиясын бекіту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Аудан әкімдігінде алдағы бес жылға дейінгі өңірдің даму жоспары жан-жақты талқыланып, негізгі бағыттары мен басымдықтары сараланды. Сөйтіп ауданның даму жоспарына сәйкес 2030 жылға дейінгі нақты жобалар тізімі әзірленуде. Аталған құжатта бірқатар басым бағыттар қамтылған. Атап айтқанда, өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыру, туризм саласын дамыту. Соның ішінде «өндірістік парк»-те бар.


