Сауран: Өндіріс парктерінің жұмысы жандана түскен

Сауран ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барлық жағдай жасалған. Ауданда өңірдегі маңызды инвестициялық жобалар шоғырланған өндірістік парк те жұмыс істейді. Ондағы өндіріс ошақтары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына соны серпін беруде. Мұнда жұмыс істейтін компаниялардың бірі – жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» брендімен ауыл шаруашылығына арналған заманауи айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналарды өндіруде.
Бұдан бөлек, өндірістік алаңда орналасқан білім беру мекемелеріне арналған жиһаз шығаратын «Aqniet Holding» кәсіпорны да табысты жұмыс істеуде. Соңғы үш жылда бұл компания 50-ге жуық мектепті қажетті жиһазбен қамтамасыз етіп үлгерген. Мұнда «Жайлы мектеп» ұлттық стандартына сәйкес жиһаз түрлері жасалса, сондай-ақ «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлескен жобалар аясында медицина мекемелеріне арналған жабдықтар өндіріледі.
Сондай-ақ өндіріс көлемін арттыру мақсатында ауданның бірнеше ауыл округтерінде өндіріс аймақтары құрылуда. Бірінші кезеңде Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен 55 гектар жер бөлініп, 5 өндіріс алаңы құрылды. Осы алаңдарға 115 цех салу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілген, 30 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Мұндағы жобалар толық іске асқанда 30 миллиард теңге көлеміндегі инвестиция тартылып, 1094 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сауран ауданының тәжірибесі көпке үлгі. Ауданға арнайы іссапармен келген облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков те аудан аумағында ауыл округтерде бой көтеріп жатқан өндіріс аймақтарының жұмысына жоғары бағасын берді. Өңір кәсіпкерлермен кездесуде ол жобалардың жүзеге асуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына кең жол ашатынын атап өтті.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Иассы және Қарашық өндіріс аймақтарындағы құрылыс жұмыстарын көрді. Ең бірінші кезекте Еңбекші Дихан ауылында орналасқан «Иассы» өндіріс алаңымен танысты. Мұнда 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 24 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 16 кәсіпкермен меморандум түзілген, құрылыс жұмыстары басталған. Жобаның толық іске қосылуы арқылы 600-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ. Өндіріс аймағының жалпы инвестициялық көлемі 6,3 миллиард теңгені құрайды.
Ал Қарашық ауылында шағын өндіріс алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 20 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 12 кәсіпкермен меморандум түзілген, мұнда да құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Жобаның толық іске қосылуы арқылы 170-ке жуық тұрғын жұмыспен қамтылмақ. Өндіріс аймағының жалпы құны – 4,5 миллиард теңге.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Жүйнек ауылдық округінде «ASIA BREND» жиһаз кәсіпорнын аралады. Онда 30 қызметкер тұрақты түрде еңбек етеді. Кәсіпорын жатын бөлмеге, қонақ бөлмеге, балаларға арналған жиһаз түрлерін, ас үй сөрелерін, шкафтар мен шифоньерлерді шығарады. «DIVALUX» жиһаз цехында болды. Цех 2 гектар аумақта 120 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазақстанның әр өңірінен тапсырыс қабылдайтын кәсіпорын айына 500-ге жуық жиһаз түрін шығарады. Өндіріске қажетті шикізат Түркиядан жеткізіледі, ал мамандарды кәсіпорынның өзі оқытып, даярлайды. Кәсіпорын жиһаздың 40-қа жуық түрін әзірлейді.
Саурандағы өндіріс аймағындағы жұмыстар облыс әкімінің орынбасарын таң қалдырмай қоймады. Ауданда атқарылған жұмысты көріп, жергілікті билік өкілдеріне өндіріс аймақтарындағы кәсіпкерлерге қолдауды арттырып, өңірде шағын және орта бизнесті дамытуды тапсырды.


