Сауран: Сапалы ауыз су игілігін көретін күн жақын

Oinet.kz 07-10-2025 2

news-pure-water.jpg

Ауыз су мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Сауран ауданында да бұл бағыттағы жұмыстар жылсанап жандана түскен. Қазір көптеген елдімекендер орталықтандырылған сапалы ауыз су жүйесіне қосылған. Таза судан тапшылық көріп отырған елдімекендерге сапалы ауыз су желілерін тарту жұмыстары жалғасуда.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, бүгінгі күні сапалы ауыз су магистралі Ескі Иқан елді мекеніне тартылуда. Ол нысанның құрылыс жұмысы өткен жылы басталып, биыл аяқталуы тиіс. Жоба құны да қомақты. Бюджеттен бөлінген қаржы мақсатты игерілуде. Барлығы да елдің игілігіне бағытталған. Атап өтерлігі бұл нысанның негізгі мақсаты – Ескі Икан және оның маңайдағы елді мекендерді тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында халықты 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді басты міндет ретінде айқындаған болатын. Бұл бағытта ауданда жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Соңғы жылдары ауданымызда бірнеше жоба жүзеге асырылды. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамту деңгейі артып келеді. Аудан тұрғындарының басым бөлігі сапалы суды тұтынуда. Мемлекет халыққа сапалы ауыз су жеткізу шығындарының 98 пайызын субсидиялап отыр, сондықтан халық тек 55-70 теңге көлемінде ғана төлейді. Жыл соңына дейін ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту жоспарда тұр. Бұл – ең маңызды әлеуметтік басымдық, және бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғаса береді, – дейді аудан әкімі.

Мұндағы жұмыс аудан әкімінің тұрақты бақылауына алынған. Құрылысшылардың мәліметі бойынша жобаның техникалық көрсеткіштеріне сәйкес, су құбырының жалпы ұзындығы 45898 метрді құрайды. Құрылғының есептік өнімділігі тәулігіне 3135,3 текше метр, сағатына 188,23 текше метр немесе 42,29 литр/секунд, ал қуаттылығы 60 киловат шамасында. Аталған жобаның тапсырыс берушісі – Сауран ауданы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі.

Ол нысанның басында болған аудан әкімі тиісті бөлім басшыларымен және мердігер ұйым өкілдерімен бірге құрылыс барысын егжей-тегжейлі қарап, жұмыс сапасына және белгіленген мерзімнің сақталуына баса назар аударды.

– Су – тіршілік нәрі. Сапалы ауыз су – әрбір тұрғынның басты қажеттілігі. Бұл бағыттағы жобалардың сапалы әрі уақтылы орындалуы – аудан басшылығының тұрақты бақылауында. Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру үшін мұндай инфрақұрылымдық жобалардың маңызы зор. Біз не істесек те ел тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін істейміз. Бұл жұмыс та мерзімінде аяқталып, ауыл тұрғындары жыл соңына дейін сапалы ауыз су тұтынатын болады деген сенімдемін. Ең бастысы, нысанның құрылыс жұмыстары сапалы атқарылып, мерзімінде тапсырылуы тиіс, – деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.

Сауран: Өндіріс парктерінің жұмысы жандана түскен
Созақ: Еңбек адамы – елді алға бастайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу