Созақ: Еңбек адамы – елді алға бастайды

Созақта ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлеріне деген құрмет жоғары. Өйткені диқандардың күшімен өндірілген өнім, аудан экономикасының дамуына өз әсерін тигізуде.
Мәселен, биыл ауданда 7371 гектар алқапқа егін себілген. Оның ішінде бидай, арпа, жүгері, мақсары, картоп, көкөніс және бақша өнімдерімен қатар, жаңа жоңышқа егістігі бар. Бұдан бөлек, 7267 гектар алқапта ескі жоңышқа өсірілуде. Сондай-ақ шаруалар су үнемдеу технологиялары да кезең-кезеңімен егіс алқаптарына енгізілуде. Биыл егіс алқаптарының 197 гектарына тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістері орнатылып, өнімділікті арттыруға жол ашылды.
Сондай-ақ ауданда ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту ісі де жүйелі жалғасуда. Жыл басында 33 жаңа техника алу жоспарланса, бүгінгі күнге дейін 26 техника жеткізілген. Бұл шаруалардың еңбегін жеңілдетіп, өнім көлемін арттыруға ықпал етуде. Аудан аумағында балық шаруашылығы да қарқынды дамуда. Қазіргі таңда 15 шаруашылық жұмыс істеп, онда сазан, форель, дөңмаңдай секілді балық түрлері өсірілуде. Мал шаруашылығы саласында да тұрақты даму байқалады. Осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша ауданда 42490 мүйізді ірі қара, 266329 қой, 27818 ешкі, 36497 жылқы, 16873 түйе және 28247 құс өсірілуде.
Осындай жұмыс атқарылғанын Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығындағы Орталық алаңда ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері күніне арналған дәстүрлі «Алтын күз – 2025» мерекелік жәрмеңкесі нде үлкен мақтанышпен жеткізген болатын. Сондай-ақ өңір басшысы аталған сала бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген округтердің әкімдерін марапаттады. Яғни жәрмеңкеде Шолаққорған ауылдық округі І орын, Қарақұр ауылдық округі ІІ орын, Сызған ауылдық округі ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов ауыл еңбеккерлеріне жүрекжарды лебіздерін білдіріп, үздіктерді марапаттады.
Осынау ауыл шаруашылығы күніне орай ұйымдастырылған жәрмеңке барысында аудан еңбеккерлерінің маусымдық өнімдері тұрғындарға қолжетімді бағада ұсынылды. Шаруалардың жетістіктері көпшілік назарына ұсынылып, еңбек адамдары марапатталды.
– Бұл мереке – бір жыл бойы төккен тердің, адал еңбектің жемісін көпшілікпен бірге бөлісетін қуанышты күн. Ауыл шаруашылығы – ауданымыздың негізгі тірек салаларының бірі. Қиындығына қарамастан, Сіздер еңбекқорлық пен табандылық танытып, жердің ырысын арттырып, мал басын көбейтіп, агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытып келесіздер. «Еңбек адамы – елді алға бастайды» деген сөз бар. Осы мерекелі күні баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін. Алдағы күндеріміз берекеге толы болып, еңбегіміздің жемісі еселене берсін», – дей келіп, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков еңбек озаттарын құттықтап, саланың дамуына үлес қосқан азаматтарға марапаттар табыс етті.
Шара аясында асыл тұқымды мал мен ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі, асыл тұқымды қошқардың салмағын өлшеу рәсімі өтті.


