Созақ: Демеушілер күшімен тұрғын үй салынып, ауыз су тартылуда

Созақ ауданында халықты қажетті инфрақұрылыммен, сапалы ауыз сумен, тұрғын үймен қамтамасыз етуге жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтың жеке бақылауында.
Аудан әкімінің айтуынша, бүгінгі күні құрылыс саласына бөлінген қаржы есебінен әлеуметтік, мәдени, денсаулық нысандарымен қатар инфрақұрылым жүйелері жаңартылуда. Сондай-ақ тұрғын үй құрылысына да көңіл бөлінген. Мәселен, ауданда 200 орындық заманауи «Спорттық-сауықтыру кешені» бой көтеруде. Уақыт талабына сәйкес нысанда жүзу бассейні, футбол, бокс және күрес залдары жобада қаралған. Сондай-ақ Жеткіншек мөлтек ауданында жеке инвесторлардың қолдауымен 2 қабатты 3 тұрғын үй мен екі пәтерлі 13 тұрғын үй салынуда. Олардың құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Нысандарда түсқағаз жапсыру, әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Биыл ауданда 2 қабатты 3 тұрғын үйдің (әрқайсысында 8 пәтерден, барлығы 24 пәтер) және екі пәтерлі 26 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса, демеушілердің қолдауымен 2 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Бұл үйлерде 16 пәтер орналастырылады. Осылайша, қазіргі таңда аудан орталығында бой көтеріп жатқан жаңа тұрғын үйлердің жалпы саны 92 пәтерді құрап отыр.
Сондай-ақ биыл Қыземшек кентінде бірқатар әлеуметтік нысандар мен орталық саябақтар жаңғыртылып, жаңа демалыс және спорт алаңшалары пайдалануға берілді. Атап айтқанда, кенттің Орталық көшесінде шағын футбол алаңы салынды. Сондай-ақ №20, №22 және №23 үйлердің алдынан балалар ойын алаңшалары бой көтеріп, тұрғындардың игілігіне ұсынылды. Сонымен бірге, Шұғыла көшесі мен 2 мөлтек ауданында да осындай ойын алаңшалары орнатылды.
Қыземшек кенті әкімі аппаратының жанындағы (28х17 м) жаңа шағын футбол алаңының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ал 1-2 мөлтек аудандар аумағында воркаут алаңдарын орнату жұмыстары мен мектепке апаратын бағытта велосипед жолағы бар аяқжол төсеу жұмыстары жақын күндері толық аяқталмақ.
Бұдан бөлек, №21 және №20 үйлердің маңындағы аллеяларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тротуар төселіп, қоршаулар мен урналар жаңартылды. Кенттің орталық саябағында бір мың шаршы метрден астам аумақ абаттандырылып, жаяу жүргіншілер жолдарына плитка төселді және қоршаулар жөнделді.
Қыземшек кентіндегі жаяу жүргіншілер жолдары мен баскетбол алаңында да жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Мұнда 750 шаршы метр аумаққа тротуар плиткасы төселіп, 150 шаршы метр қоршау орнатылады. Сонымен қатар, атауы жоқ айналма жол, Сарыарқа және Шұғыла көшелеріне жарық шамдары орнатылды. Тайқоңыр елді мекенінің Ақжайық көшесіне де жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, елді мекенге қоқыс контейнерлері орнатылуда. Сондай-ақ Тайқоңырда жаңа футбол алаңы салынып, пайдалануға берілді.
Тағы бір атап өтерлігі ауданда демеушілер есебінен 5 елді мекенді сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің бастамасымен және «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде кәсіпорынның демеушілігімен Қызылкөл, Құмкент, Бабата, Қарақұр және Қаратау елді мекендерінде қосымша ұңғыма қазу жұмыстары жүруде.
Атап өтерлігі, бұл елді мекендерде жаз айларында ауыз су көлемі азайып, тұрғындар тарапынан мәселе көтерілген болатын. Осыған орай аудан басшысының ұсынысын қолдаған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бұл бастамаға өз үлесін қосуда.
Қазіргі таңда Бабата ауылында тереңдігі 507 метр болатын ұңғымадан сағатына 100 текше метрге жуық су шығып, ауыл тұрғындарының қуанышына себеп болды. Сондай-ақ мұнда екінші құдықтың бұрғылау жұмыстары 400 метр тереңдікке дейін жетті. Ал босап жатқан бұрғылау техникасы ендігі кезекте Қызылкөл және Құмкент ауылдарында жұмысын жалғастырады. Бұл елді мекендерде 350 метр шамасында ұңғыма қазу жоспарлануда.
Сонымен қатар Қаратау және Қарақұр ауылдарында да алғашқы ұңғымалар 180 метр тереңдікке дейін қазылып, қазіргі таңда су көзін тазалау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Қарақұрда қосымша 180 метр, Қаратауда 780 метр тереңдікте жаңа құдықтар қазылмақ.


