Түлкібас: Көшелерді жарықтандыру жұмыстары жалғасуда

Елдімекендерді жарықтандыру – тек жайлылық емес, ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шарасы. Осы бағытта Түлкібас ауданында көшелерді жарықтандыру жұмыстары жалғасын табуда. Аудан әкімі Асқар Естібаевтың айтуынша, биыл жыл басынан бері аудан көлемінде жергілікті тұрғындардың өтінішіне сәйкес 28 көшеге жарық шамдары орнатылып, тұрғындар игілігіне берілген.
– Көшелерді жарықтандыру бойынша ауданда көп жұмыс атқарылды. Оған ауыл тұрғындары мен демеушілер де үлес қосты. Өздеріне бекітілген жұмысты осы жобаға жауапты мердігерлер талапқа сәйкес орындап шықты. Жалпы жыл басынан бері облыстық бюджет есебінен үш көшеге жарық шамдары орнатылды. Атап айтқанда Түлкібас кентіндегі Б.Момышұлы көшесі, Машат ауылдық округінің Келтемашат ауылындағы Ш.Уалиханов көшесі, Алғабас ауылындағы Абралиев көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін тағы үш көшені жарықтандыру жоспарланып отыр. Олар, Састөбе кентіндегі Айдарбеков көшесі, Шұқырбұлақ ауылындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолы бойы, Машат елдімекеніндегі Баймахан көшесі. Қазіргі таңда бұл көшелерде құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кеткен. Жоспар бойынша, жұмыстар жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігіне беріледі, – дейді аудан басшысы.
Қалай дегенмен Түлкібас ауданында көше шамдарын орнату қарқынды жүргізілуде. Мәселен, аудан аумағында 15 кент және ауылдық округке қарасты барлығы 59 елдімекен бар. Ондағы көше саны 464. Бүгінгі күнге дейін олардың 309-ы жарықтандырылған. Бұл аудан әкімдігінің жарықтандыру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі екені анық.
Атап өтерлігі жарықтандырылған көшелердің басым бөлігі мектептер мен балалар жиі жүретін қоғамдық орындарға жақын орналасқан. Сол себепті жарықтандыру жұмыстары тұрғындардың, әсіресе балалардың кешкі және таңғы уақыттарда қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп отыр. Аудан әкімінің айтуынша алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.
Бұдан бөлек, аудан әкімдігі мен ауылдық округ әкімдіктерінің бастамасымен биыл 11 елдімекеннің 25 көшесіне жарық шамдары орнатылған. Бұл жұмыстар ауылдық округтердің жергілікті бюджеті мен демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылыпты. Атап айтқанда Майлыкент ауылдық округі – Рысқұлов ауылы, Садықов көшесі, Мичурин ауылдық округі – Момышұлы көшесі мен Таусағыз ауылындағы Аубакиров көшесі, Келтемашат ауылдық округі – Сесловино ауылының Аубакиров, Жангелді көшелері және Кершетас ауылындағы Абай көшесі, Тастұмсық ауылдық округі – Тастұмсық ауылының Самал, Бірлік көшелері және Амангелді ауылындағы Жамбыл, Есентаев көшелері, Ақбиік ауылдық округі – Құлан ауылының 7 көшесі, Састөбе кенті – Победа және Поселковое көшелері, сондай-ақ 4 тұйық көше, Түлкібас кенті – Сергенов, Шевцов, Пернебаев және Жанеліби көшелері жарық шамдарымен қамтылған.


