Келес: Үш елдімекен таза ауызсуға қосылады

Oinet.kz 08-10-2025 5

IMG_7982.jpg

Келес ауданында мемлекет қаржысы есебінен жүргізіп жатқан жобалар көп. Соның ішінде ауыл халқының жайлылығын қамтамасыз ету мақсатта елді мекендерге сапалы ауыз су, көгілдір отын тартылып жайлы жол салынуда. Келес аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Алмас Абдуллаевтың айтуынша, аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамту мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

– Бүгінгі күні аудандағы 13 елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында орталықтандырылған су құбырын тарту құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып, жалпы құны 7 миллиард теңгеден асты. Жыл соңына дейін ауданның барлық 79 елді мекені 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз  ету жоспарлануда. Жуырда алғашқы болып Кеңдала ауылы таза ауыз суға қосылды. Мұнда ұзындығы 5 шақырымнан асатын құбыр жүргізіліп, 200-ге жуық отбасы тіршілік нәріне қол жеткізіп отыр, – дейді бөлім басшысы.

Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 66-сы бүгінгі таңда орталықтандырылған сапалы ауыз су жүйесіне қосылған. Ал қалған ауылдардағы құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «Қазіргі таңда 13 нысанның үшеуінің құрылысы 95 пайызға аяқталды. Қалған нысандарды осы айдың соңы мен қараша айларында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Барлық нысандар толық іске қосылған кезде 15 мыңнан астам тұрғын таза ауыз сумен қамтылатын болады», – деді Алмас Абдуллаев.

Ал таза ауыз суға қосылған елді мекеннің тұрғындары атқарылған жұмысқа дән риза. Ауыл қариясы Әбдікәрім Қарабалаев «Бұл күнді біз ұзақ күттік. Ендігі қуанышымызда шек жоқ. Көшенің бәріне су тартылды, қазылған арналар көмілді, крандар қойылды. Енді әр үйге дейін құбырды тартып қойды, ары қарай ішке кіргізіп алуымыз керек. Су келіп жатыр, ұзағынан сүйіндірсін. Осыны атқарып жатқан жігіттердің бәріне үлкен рахмет. Бұдан кейін бізге келген суымыз тоқтамай, жақсы істеп тұрса болды», – деп қуанышымен бөлісті.

Бөлім басшысы айтқандай, үш елді мекенде тұрғындарды таза ауыз сумен қамтуға бағытталған құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ол ауылдар Жуантөбе, Жаңадәуір және Ынтымақ елді мекендері. Мұнда жалпы құны 10,4 миллиард теңгені құрайтын 12 нысанның құрылысы қолға алынған. Жобалар Ақтөбе, Бірлік және Жүзімдік ауылдық округтерін қамтиды. Қазіргі таңда ондағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Осы үш елді мекендегі нысандардың құрылыс жұмысымен арнайы барып танысқан аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жақында оларды ел игілігіне беруді жоспарлап отырғанын айтты. «Бүгінгі күні халықтың тұрмыс сапасының басты көрсеткіші – таза ауыз суға қолжетімділік. Сондықтан әрбір ауылдағы құрылыс жұмыстарын қатаң бақылап, сапасына ерекше көңіл бөліп отырмыз», – деді аудан басшысы.

Жалпы Жуантөбе ауылындағы су жүйелерінің 86 пайыз жұмыстары орындалып, екінші көтермелі сусорғы станциясы мен жаңа резервуар салынуда. Жаңадәуір елді мекенінде де сорғы станциясы орнатылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ал Ынтымақта 100 текше метрлік қосымша резервуар пайдалануға берілген. Жалпы аудан көлемінде 278 шақырым құбыр тартылып, 2620 метр тереңдікте ұңғымалар қазылған. Құрылыс жұмыстарының орташа көрсеткіші 98 пайызға жеткен.

Түлкібас: Көшелерді жарықтандыру жұмыстары жалғасуда
Келес: Елдімекендерде көгілдір отын тартылып жайлы жол салынады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу