Индустриалды аймақтардың жандануы – Түркістанды экономикалық орталыққа айналдырады

Oinet.kz 03-10-2025 14

Screenshot_5.jpg

Түркістан облысында өндірістік алаңдардың кеңеюі, инвестиция тарту көлемінің артуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы өңір экономикасын дамытудың жаңа белесіне көтеруде. Бұл аймақтағы өндірісті әртараптандыру мен еңбек нарығын тұрақтандырудың айқын көрінісі. Осының аясында шет мемлекеттерден инвестиция тарту, тәжірибе алмасу жұмыстары да қанат жайып келеді. Бұл алдымен өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін арнайы өнеркәсіптік алаңдар құрылған сеп болуда.

Облыс әкімдігінің өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың айтуынша, бүгінгі күні аймақта инженерлік инфрақұрылым желілерімен қамтылған 2443,2 гектарды құрайтын 19 индустриалды аймақ, 580 гектар аумақта орналасқан 3 өнеркәсіптік аймақ пен арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл аймақтарда 52 кәсіпорын жұмыс істеуде. Бүгінгі күні мұнда қосымша жалпы құны 195,4 миллиард теңгені құрайтын 57 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Мәселен, соңғы екі жылда Ордабасы ауданындағы индустриалды аймақта 9 өндіріс орны ашылған. Қазір өңірде шығарылған құрылыс материалдары мен ауыл шаруашылық техникаларына сұраныс артып, өзге аймақтарға жеткізілуде. Ал Ордабасы ауданының «Бадам» индустриалды аймағында өндіріс ошақтарының жұмысы жандана түскен. Мұнда құрлыс материалдарынан бастап, ауыл шаруашылығы тауарлары, тіпті арнайы техникаларға дейін шығарылып жатыр. Өндіріс аймағында жалпы құны 20 миллиард теңгені құрайтын 7 инвеститциялық жоба жүзеге асырылған. Соның бірі – ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын трактор зауыты. Өзбекстандық инвестордың қаражатына салынған кәсіпорын жылына екі мың трактор құрастырады. Бұл трактор зауытының өкілі Жансая Базарбекованың айтуынша, бүгінгі күні мұнда трактордың өзін ғана емес, басқа бөлшектерін де шығарылады. Тіпті зауыт ауыл шаруашылығы техникасына орнатылатын шыныларды да өздері дайындайтын деңгейге жеткен. Жалпы мұнда жиналған техника ауыл шаруашылығына қажетті барлық қызметті атқара алатындығымен ерекшеленеді. Ендігі кезекте зауыт жаңбырлатып суару алқаптарына қажет қондырғыларды да шығара бастаған.

Атап өтуге боларлық тағы бір жаңалық, Жетісай ауданында жалпы ауданы 59 гектарды құрайтын «Жетісай» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ құрылуда. Бүгінгі күні аталған аймаққа қажетті инфрақұрылымдарды жеткізіп беру мақсатында жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаржыландыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылу үстінде.

– Оқырманның есінде болса, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен Жетісай ауданында инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету және бірқатар жобаларды жүзеге асыру қолға алынып отыр. Соның бірі – осы индустриалдық аймақтың құрылуы. Бүгінгі күні аталмыш аймақта шетелдік инвесторлардың күшімен бірнеше зауыттың құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтар болсақ, мұнда жалпы құны 31,2 миллиард теңгені құрайтын 9 жобаның 6 жобасы іске асырылуда. Жалпы құны 29,9 миллиард теңгені құрайтын бұл жобалар аясында алдағы (2026 жылы) сүт өңдеу, мақта өңдеу зауыттары, жіп иіру фабрикасы, су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыты мен полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу зауыттары іске қосылмақ. Бұл жобалар сәтті жүзеге асырылған жағдайда аталған индустриалдық аймақта 1083 жаңа жұмыс орыны ашылатын болады, – дейді облыс әкімдігінің өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов.

Жоғарыда айтылған индустриалды аймақтағы ауыл шаруашылығы саласына қажетті тамшылатып суғару әдісін жүзеге асыруға арналған құрал-жабдықтар мен пленкаларды шығаратын зауыттың жобалық құны 15 миллион АҚШ долларын (7,5 млрд теңге) құрайды екен. Тәуелсіздік алғалы бергі уақытта ауданда алғаш рет іске қосылғалы тұрған зауыт аудан экономикасының дамуына тың серпіліс берері деген сенімдеміз. Дегенмен, бұл ауданға 2022 жылы 14,9 миллиард теңге, 2023 жылы 25,4 миллиард теңге, өткен жылы 43,7 миллиард теңге, ал, биылғы 8 айда 22,3 миллиард теңге қаржы тартылып, соңғы 5 жылда инвесторлар есебінен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 94,5 миллиард теңгеге жеткен. Ал 2024-2030 жылдар аралығында бұл бағытқа 419,6 миллиард теңгенің инвестициясын тарту көзделген.

Тағы бір атап өтетін жаңалық, биыл облыста алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы құрылды. Жобаның бірінші және екінші кезеңі аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 миллиард теңге инвестиция тарту және 5840 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылып, кәсіпорындар жұмысын бастап кетті. Нәтижесінде, 790 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл қосымша 29 ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылады деп күтілуде. Нәтижесінде 136,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1950 жаңа жұмыс орны ашылады.

– Облысқа инвестиция тарту жұмыстары әлі де жалғасын тауып келеді. Былтыр және биыл шетел компаниялармен жүргізілген келіссөздер аясында облыста бірқатар жобаларды индустриалды аймақтарда жүзеге асыру жоспарлануда. Ол жобалардың ішінде қытайлық «AVATAR AGRICULTIRAL TECHNOLOGY DEVELOPMENT» компаниясының өнеркәсіптік парк аумағында жүзеге асыру көзделген ауыл шаруашылығы мақсатында дрон шығару зауыты бар. Бұл жобаның құны шамамен 5 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұдан бөлек, биыл аталған парк аумағында «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халықаралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытын іске қосты. Зауыттың жылдық қуаты 140 мың тоңазтқышты құрайды. Жалпы «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, бұл тәжірибені бірқатар аудандарда жүзеге асыру жұмыстары басталды. Ол аудандар қатарында әлеуеті жоғары Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас Сайрам және Сарыағаш аудандары бар. Әңгімеміздің басында айтқанымыздай Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік парктің құрылысы басталды. Мұнда кәсіпкерлер 5 өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытып отыр. Бұдан бөлек, Сауран ауданындағы Иассы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарында 4 өндірістік алаңда 105 ғимарат салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 22 ғимараттың құрылысы жоспарға сәйкес жүргізілуде, – дейді басқарма өкілі.

Сонымен бүгінгі күні облыста жаңа құрылып жатқан және жұмысын бастаған индустриалды аймақтардың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға отандық және шетел инвесторлары тартылуда. Жалпы Түркістан облысындағы индустриалды аймақтардың жандануы – бұл өңірдің экономикалық картасында жаңа парақтың ашылғанын білдіреді. Инфрақұрылым, инвестиция және инновация тоғыса отырып, бұл бастама еліміздің оңтүстігін ірі өндірістік-логистикалық орталықтардың біріне айналдыруға негіз болмақ.

Азық-түлік қауіпсіздігін нығайтатын маңызды жоба
Облыста мол өнім жиналуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу