Дәния Еспаева "Ақ жол" партиясының жаңа төрайымы болды
Дәния Еспаева Қазақстанның "Ақ жол" Демократиялық партиясының жаңа төрайымы болып тағайындалды. Бұл шешім Астанада өткен кезектен тыс партия съезінде қабылданды.

Делегаттардың көпшілігі Дәния Еспаеваның үміткерлігін қолдап дауыс берді. Ол бұл қызметте бұған дейін съезд барысында өкілеттігін тоқтатқан Азат Перуашевты алмастырады.
Перуашев Еспаеваның кандидатурасын ұсынып, оны "Ақ жолдың жарқын жұлдызы" деп атады. Бұған дейін ол партия төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
Дәния Еспаева Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған саяси партияны басқарып отырған алғашқы және жалғыз әйел атанды. 2019 жылы ол Қазақстан тарихында алғаш рет президенттікке үміткер болған әйел ретінде де елге танылған еді.
Дәния Еспаева Ақтөбе облысында дүниеге келген, экономика саласында білім алған. Парламентке келгенге дейін ол банк жүйесінде қызмет атқарған. Бір кездері БТА Банкі мен Қазкоммерцбанкінің Ақтөбедегі филиалдарында басшылық қызметте болды. Ол банк саласында 34 жыл жұмыс істесе, соның 17 жылында басшылық лауазымда отырған.
Парламентке сайланғанға дейін Еспаева екі рет Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты болған. Ол алғаш рет 2016 жылы "Ақ жол" партиясынан Мәжіліске өтті, қаржы және бюджет комитетінде жұмыс істеді, ал 2023 жылдың наурызында Мәжіліс төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Депутаттық қызметінде Еспаева шағын және орта бизнестің мәселелерін, қаржы саясатын, әлеуметтік қолдауды және кәсіпкерлер құқығын қорғау тақырыптарын жиі көтеріп жүрді. 2019 жылы "Ақ жол" атынан президенттік сайлауға қатысқанда, ол экономикаға, көпбалалы аналардың мәселелеріне, әйел кәсіпкерлерді қолдауға және елдің Ұлттық қорын нығайтуға басымдық беретінін айтқан.


