Қарашөкеевтің командасында ірі шенеунік сотталды
Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовке үкім шықты. Оны құзырлы органдар биыл сәуірде ұстаған болатын. №2 Тараз қалалық соты шенеунікті ірі көлемде пара алды деп таныды. Іс материалдарына қарағанда, шенеунік қарамағындағы мекеме директорынан мемлекеттік сатып алулар бойынша тұрақты түрде «қайтарым ақша» талап етіп отырған.

2026 жылдың басынан бастап басқарма басшысы өзіне бағынышты мекеменің директоры Мұрат Бердалиевтен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алу бойынша өткізілген мемлекеттік сатып алулар сомасының 5 пайызын беріп отыруды талап еткен. Тергеу мәліметінше, заңсыз сыйақының жалпы көлемі 4 миллион теңгені құраған.
Алайда мекеме басшысы шенеуніктің талабымен келіспей, Жамбыл облыстық ҰҚК департаментіне арызданған. Осыдан кейін іс арнайы бақылауға алынған.
Үкімде көрсетілгендей, 2026 жылдың 13 сәуірінде Тараз қаласындағы басқарма ғимаратында кездесулердің бірі өткен. Сол кезде Еркін Келесов ақшаны өзі тікелей алмай, үшінші адам арқылы беруді тапсырған. Тергеу нұсқасы бойынша, ақша жеткізуге тартылған азаматша оның қылмыстық әрекетінен бейхабар болған.
Сол күні Мұрат Бердалиев делдал ретінде пайдаланылған әйелге 4 миллион теңгені берген. Сот барысында Е.Келесовтің кінәсі куәгерлердің жауабы, жәбірленушінің түсініктемесі және жиналған материалдар арқылы толық дәлелденген. Еркін Келесов те өз кінәсін мойындап, іс бойынша дәлелдерге қарсылық білдірмеген. Мемлекеттік айыптаушы соттан шенеунікке 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Сот Келесовті дәл осы 3,6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, Еркін Келесов 1964 жылы туған. Ол ұзақ жылдар бойы қаржылық органдарда қызмет атқарып, Тараз қаласындағы салық басқармасының басшысы деңгейіне дейін көтерілген. 2016 жылы әлеуметтік салаға ауысқан. Сондай-ақ біраз уақыт Жамбыл облысы әкімдігі мемлекеттік сатып алу басқармасының жетекшісі болып жұмыс істеген.


