«Спорт басқармасының басшыларына береміз» Шымкентте директор қызметкерлерінен осылай деп ақша жинаға
Шымкент қаласындағы «Дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Аип Асанов сотталды. Тергеу материалдары мен сот үкіміне қарағанда, қызметіне былтыр маусымда тағайындалған басшы ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарына барған.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың тамыз айында директор диспансерге жалған қызметкерлерді рәсімдеу арқылы заңсыз табыс табуды көздеген. Ол мекемеге УДЗ дәрігері, уролог, екі психолог, медбике, электрик және қосалқы жұмысшыны жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарға қол қойған. Алайда бұл адамдардың бірқатары іс жүзінде жұмыс атқармаған. Ал олардың аттарына ай сайын жалақы мен өзге де міндетті төлемдер аударылып отырған. Бюджеттен бөлінген қаражат жалған қызметкерлердің банк шоттарына түсіп, кейін қолма-қол түрде директорға жеткізіліп отырған. Осы тәсіл арқылы Асанов шамамен жеті миллион теңгеге жуық қаражатты иемденген.
Бірақ директордың заңсыз әрекеті мұнымен тоқтамаған. Кейін ол мекеме қызметкерлеріне берілетін сыйақыларды пайдалану арқылы да пайда табуды көздеген. Ол Тәуелсіздік күніне орай 55 қызметкерге бір айлық жалақы көлемінде сыйақы тағайындау жөнінде бұйрық шығарған. Жалпы сыйақы көлемі 9 миллион 267 мың теңгені құраған. Алайда сыйақы тағайындалған қызметкерлерге алдын ала оның бір бөлігін қолма-қол қайтару қажеттігі айтылған.
Директор бұл ақшаның қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасындағы басшыларға «алғыс ретінде» берілетінін түсіндірген. Нәтижесінде қызметкерлер арасында ақша жиналып, жалпы көлемі 810 мың теңгеге жеткен. Тергеу барысында бұл қаражаттың да директордың жеке қалтасына кеткені анықталған.
Диспансер директоры мекеменің заңгерінен және хатшы болып жұмыс істеген оның жұбайынан ақша талап еткен. Себебі бұған дейін заңгер қызметкерлерден сыйақы ақшасын жинауға қарсы болған және өзінің де сыйақысынан ақша бергісі келмеген көрінеді.
Директор олардың әрқайсысынан 90 мың теңгеден талап етіп, егер белгіленген мерзімге дейін ақша берілмесе, жұмыстан босатылатынын айтқан. 2025 жылдың 17 желтоқсанында директор өз жұмыс кабинетінде заңгерден пара ретінде келісілген соманың бір бөлігін — 100 мың теңгені алған сәтте құқық қорғау органдарының назарына іліккен. Осыдан кейін оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған. Сот барысында Асанов өз кінәсін толық мойындаған. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты оны «сеніп тапсырылған мүлікті иемдену», «алаяқтық жасау» және «пара алу» баптарымен төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. .


