Азық-түлік қауіпсіздігін нығайтатын маңызды жоба

Түркістан облысының Түлкібас ауданында инвесторлардың бастамасымен тың жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, жуырда Күмісбастау ауылында сусындар өндіретін үлкен зауыт іске қосылса, Жабағылы ауылында құс шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа құс фабрикасының құрылысы басталғалып отыр. Жобаны жүзеге асырушы – «Қарқын Трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Серіктестік өкілдерінің айтуынша, бұл жоба құс етіне ішкі және сыртқы нарықтарда өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға бағытталған. Аталған жобаның жалпы құны 53,7 миллиард теңге тұрады. Ал жаңа зауыттың жылдық қуаты 48 мың тонна. Бұл жобаға қолдау көрсету мақсатында «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» тарапынан 5 миллиард теңге несие берілмек. Қалған қаражаты инвесторлардың көмегімен жүзеге асырылу көзделген. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. Жоба іске қосылғанда 1200-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Осынау маңызды нысан құрылысының басталу салтанатына Түлкібас ауданына арнайы жұмыс іссапармен барған облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, Жабағылы ауылындағы серіктестіктің құс етін өндіру зауытының капсуласын салу рәсіміне қатысты. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл нысандар тек қана кәсіпорын емес, бұл – жаңа жұмыс орындары, заманауи технологиялар, азық-түлік қауіпсіздігі мен өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізетін маңызды жобалар. Жаңа фабрика болашақта өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, экспорттық әлеуетімізді де арттыруға мүмкіндік береді, – дей келіп, облыс басшысы аталған жобаның сәтті жүзеге асуына ниет білдірді.
Өндіріс қуатын кеңейту жобасы 5 жылға есептелген. 2026 жылы бірінші кезеңде 16 мың тонна құс еті өндірілсе, 2028 жылы өндіріс қуаты 32 мың тоннаға, ал 2030 жылға қарай 48 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Бүгінгі таңда жобаны іске асырудың барлық аспектілерін қамтитын егжей-тегжейлі бизнес-жоспар әзірленіп, қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін әлеуетті инвесторлармен және қаржы институттарымен келіссөздер жүргізілуде.
Облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың айтуынша, жаңа нысанның жалпы аумағы 517,7 гектарды құрайды. «Жоба аясында 96 құс фермасын, инкубатор, құрама жем зауыты, газ-электр станциясы, құс сою және қалдық өңдеу цехі және тоңазытқыш қоймалар салу көзделген. Жоба үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 2026-2027 жылдары жүзеге асырылып, 21,9 миллиард теңге инвестиция салынады. 550 жұмыс орны құрылып, 15 мың тонна өнім өндіру жоспарлануда. Жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру 2028-2029 жылдарға белгіленген. Бұл кезеңде 15,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, 325 жұмыс орны ашылады деп болжануда. Ал бұл кезеңде өндірілетін өнім көлемі 24 мың тоннаға жеткізіледі. Зауыттың үшінші кезеңінің құрылысын 2029-2030 жылдары жүзеге асыру жоспарланған. Бұл кезеңге тартылатын инвестиция 16 миллиард теңгені құрайды. Сөйтіп соңғы кезеңде жылдық қуаты 48 мың тонна шығады», – дейді Қанат Шонбасов.
Қорыта айтсақ, сарапшылардың болжауынша, инвесторлардың қаржысымен салынатын жаңа фабрика болашақта өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, экспорттық әлеуетімізді де арттыруға мүмкіндік бермек.






