Қазақстанның барлық өңірінде "Әділет" партиясының филиалы ашылады
"Әділет" партиясының II съезінде сөз сөйлеген партия төрағасы Айбек Дәдебай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құруға бағытталған саяси реформаларын толық қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, партияның болашағы мен табысы орталықта емес, өңірлердегі белсенді жұмысқа байланысты болады.

II съез қатысушыларының алдында сөз сөйлеген партия төрағасы Айбек Дәдебай Қазақстанның жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын атап өтіп, саяси күштерден реформаларды қолдау ғана емес, халықпен тығыз жұмыс жүргізу және азаматтардың сұраныстарына нақты жауап беруді талап ететінін айтты.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті Қазақстан құру бағытын толық қолдаймыз және оны мемлекетті ұзақ мерзімді нығайтудың стратегиялық бағдары деп санаймыз. Алайда реформалардың табысы тек мемлекеттік шешімдерге ғана байланысты емес. Ол қоғамның өзгерістерге қатысуға дайындығымен және саяси күштердің жауапкершілікпен әрі жасампаздықпен әрекет ете білуімен айқындалады. "Әділет" партиясы құрылған кезде біз бір қарапайым әрі қағидатты ұстанымды негізге алдық. Әділетсіз тұрақты даму болмайды. Әділ ережелер орнаған жерде сенім қалыптасады. Сенім бар жерде инвестиция келеді, кәсіпкерлік дамиды, азаматтық белсенділік артып, қоғамдық бірлік нығаяды", – деді Айбек Дәдебай.
Съездегі маңызды шешімдердің бірі – Қазақстанның барлық өңірінде партия филиалдарын құру. Делегаттар тиісті шешімді қолдап, филиалдардың қызмет тәртібін айқындайтын ережені бекітті.
Партия саяси кеңесінің мүшесі Бурихан Нұрмұхамедовтің айтуынша, партияның болашақтағы дамуы өңірлердегі тиімді жұмыс және азаматтармен тұрақты диалогқа тікелей байланысты.
“Партияның тағдыры өңірлерде шешіледі. Біздің жұмысымыздың негізгі алаңы да сол жерде. Азаматтардың сенімі де өңірлерде қалыптасады. Адамдар партияны күн сайын нақты істеріне, бастамаларына және нәтижелеріне қарап бағалайды. Сондықтан облыстық филиалдар қоғамдық және саяси өмірдің толыққанды орталығына айналуы тиіс", – деді Бурихан Нұрмұхамедов.
Партия өкілдерінің айтуынша, өңірлік желіні дамыту қоғамдық жұмысқа жаңа көшбасшыларды тартуға және азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.
"Партиялық желінің дамуы азаматтарға мемлекеттік шешімдерді қабылдауға ықпал етіп, азаматтық қоғамды нығайтуға мүмкіндік береді", – деді Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры әрі партия саяси кеңесінің мүшесі Дмитрий Павленко.
Съез барысында адами капиталды дамыту, білім беру саласы, заманауи технологияларды дамыту және азаматтық қоғам институттарын нығайту мәселелері де талқыланды.
Съез жұмысын қорытындылай келе, қатысушылар партия құрамын кеңейту және саяси қызметтің тиімділігін арттыру арқылы партияның әлеуетін одан әрі күшейту мәселесін қарастырды.
Amanat партиясының "Әділет" партиясына қосылуы мәселесі бойынша сөйлеген Айбек Дәдебай қазіргі заманның сын-қатерлері қоғам алдында тұрған нақты міндеттерді шешуге бағытталған сындарлы диалог пен нәтижелі практикалық жұмысты талап ететінін атап өтті.
"AMANAT партиясының "ӘДІЛЕТ" партиясына қосылуы – тар партиялық мүддеден жоғары тұрған, ұлттық жауапкершілікке негізделген парасатты шешім. Бұл – Қазақстан қоғамының ел мүддесі үшін біріге алатындығымыздың нақты дәлелі. Қоғам мен мемлекет алдындағы және келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен туындаған, елдік берекеге бастайтын байлам", – деді партия төрағасы Айбек Дәдебай.
Талқылау қорытындысы бойынша делегаттар Amanat партиясының "Әділет" партиясына қосылуы туралы шешімді қолдады. Тиісті шешім II съездің қаулысына енгізілді.


