КИМ БОҢ КЁН: Орталық Азиядағы жаңа технологиялық хаб Түркістаннан басталады
Оңтүстік Кореяның беделді оқу орындарының бірі – Woosong университетінің жаңа кампусының киелі Түркістан қаласында ашылуы өңірді білім мен ғылымның маңызды орталығына айналдыру жолындағы үлкен қадам болды. Инновациялық білім беру жүйесімен танылған Woosong University Korea жаңа академиялық стандарттарды қалыптастыруда алдыңғы қатардан көрініп келеді.
Рухани шаһарда кампус ашу арқылы WSUK Орталық Азияға заманауи білім беру үлгісін алып келді деуге толық негіз бар. Биыл оқу орны алғашқы студенттерін қабылдап, өз жұмысын бастады. Жасанды интеллект пен деректер ғылымы бағытында мамандар даярлайтын халықаралық университетте бүгінде тәжірибелі шетелдік және отандық оқытушылар еңбек етуде.
Солардың бірі – университеттің академиялық директоры Ким Боң Кён. Ол бүгінде Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы білімді дамытуға атсалысып жүр. ІТ саласы және цифрлық трансформация бағыттарында мол тәжірибесі бар халықаралық сарапшымен университеттің оқу жүйесі мен алдағы жоспарлары жайында әңгімелескен едік.

– Ким мырза, айтыңызшы универсиеттің негізгі миссиясы қандай?
– Жеті жыл бұрын Woosong университеті Кореяда халықаралық студенттерге арналған Жасанды интеллект және Үлкен деректер бағдарламасын құрды. Бұл бағдарлама бүгінде жаһандық ІТ білім берудің ең сәтті үлгілерінің біріне айналды. Бағдарламаның бірінші ерекшелігі – нақты мәселелерді шешуге негізделген оқыту жүйесі. Екіншісі – жобалар арқылы оқыту. Біз енді дәстүрлі лекциялар өткізбейміз. Оның орнына студенттердің тәжірибе жасап, сабақ барысында көбірек практикалық білім алуына жағдай жасаймыз. Бұл – біздің білім беру жүйеміздің басты артықшылығы. Яғни біз енді осы табысты жобаны Қазақстанға алып келіп отырмыз. Мұндағы студенттерге ІТ саласындағы ең үздік білім беру жүйелерінің бірін ұсынудамыз. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды әлеммен байланыстыратын білім көпірін қалыптастыру.
Университетке қабылданғаннан кейін алғашқы екі жылда студенттер бағдарламалау және басқа да негізгі пәндер бойынша мықты база қалыптастырады. Осы уақыт ішінде біз студенттердің шығармашыл ойлауын және шешім қабылдай алатын маман болып қалыптасуын қамтамасыз ету үшін проблемаға негізделген оқыту әдісін қолданамыз.
Қазіргі таңда Woosong университетінің кампусы тәжірибеге бағытталған Жасанды интеллект және Деректер ғылымы бағыттары бойынша білім береді. Бірінші және екінші курстарда барлық студенттер бағдарламалау дағдылары мен базалық теориялық білімді қалыптастыруға арналған ортақ оқу бағдарламасын меңгереді. Үшінші курсқа өткеннен кейін студенттер екі бағыттың бірін таңдайды: Жасанды интеллект немесе Деректер ғылымы.
Жасанды интеллект түлектеріне деген сұраныс бүгінде тек ІТ саласында ғана емес, барлық салада жоғары. Жасанды интеллект бағытын таңдаған студенттер нақты өмірдегі мәселелерді шешетін бағдарламалық жасақтама әзірлеушісі ретінде дайындалады. Ал Деректер ғылымы бағыты бойынша білім алған түлектер өндірістен бастап бизнес стратегиясына дейінгі мәліметтерге негізделген шешім қабылдау үдерісінің негізгі маманына айналады. Барлық сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Студенттердің оқуды алғашқы күннен бастап тиімді меңгеруі үшін бірінші семестрден бастап Интенсивті ағылшын тілі бағдарламасы (AIEP) ұсынылады.
Біздің миссиямыз – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағындағы жетекші халықаралық университетке айналу.
– 90-нан астам елдің студенттеріне білім беретін Оңтүстік Кореядағы ең беделді Woosong университетінің кампусын Қазақстаннан ашуда таңдау неге Түркістан қаласына түсті?
– Біз Түркістанды үш себепке байланысты таңдадық. Біріншіден, Түркістан өңірі мәдени мұраның орталығы екенін естідік. Екіншіден, мұнда жастар саны өте көп. Үшіншіден, біздің мақсатымыз – Орталық Азиядағы жаһандық университетке айналу. Ал Түркістан Орталық Азияның басқа елдеріне өте жақын орналасқан. Дәл осы себептерге байланысты біз Түркістанды таңдадық.
Менің өндіріс саласында үлкен тәжірибем бар және сегіз жыл бұрын университетке жұмысқа ауыстым. Жоғарыда атап өткенімдей, Кореядағы Woosong университетінде мен «Жасанды интеллект және Үлкен деректер департаментін» құрдым. Бұл өте үлкен жетістік болды. Енді мен осы жетістікті Қазақстанда, Түркістанда қайталағым келеді.
– Университет студенттерді халықаралық мансапқа қалай дайындайды?
– Шын мәнінде бізде көптеген жаһандық мүмкіндіктер бар. Әсіресе біздің университетке түскен студентер үшін 2+2 бағдарламасы үлкен артықшылық. Студенттер алғашқы екі жылды Қазақстанда оқып, кейінгі екі жылын Кореяда жалғастыра алады. Осылайша олар екі елдің білім беру жүйесін де тәжірибеден өткізіп, халықаралық академиялық ортада білім алады. Мен Кореяда оқуға ниет білдірген барлық студенттер осы жаһандық мүмкіндікті толық пайдаланып, халықаралық тәжірибе жинап, өз болашағына мықты қадам жасайды деп сенемін. Университетте студенттердің Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне дайын, болашаққа бейімделген маман болып қалыптасуына бар күшімізді салудамыз.
– Университетке түскісі келетін студенттерге қандай кеңес берер едіңіз. Қабылдау комиссиясы қандай негізгі критерийлерді бағалайды?
– Біздегі қабылдау процесі екі негізгі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең құжаттарды қарау. Бұл кезеңде қабылдау комиссиясы талапкердің академиялық үлгерімін, GPA көрсеткішін және жалпы оқу әлеуетін бағалайды. Екінші кезең – сұхбат. Сұхбат барысында талапкердің академиялық дайындығы, сыни ойлау қабілеті және ағылшын тілінде еркін әрі түсінікті қарым-қатынас жасау дағдылары бағаланады. Жалпы түлекті бағалаудың 20 пайызы GPA көрсеткішіне, ал 30 пайызы сұхбаттың нәтижесіне байланысты болады.
– Қабылдау комиссиясында ҰБТ балы қаншалықты маңызды рөл атқарады?
– ҰБТ нәтижесі талапкердің академиялық қабілетін бағалауда өте маңызды көрсеткіш болып табылады. Жалпы бағалаудың 50 пайызы ҰБТ нәтижесіне негізделеді. Бұл студенттің теориялық дайындығын, білім деңгейін және оқу бағдарламасын меңгеруге қаншалықты дайын екенін анықтауға мүмкіндік береді.
– Егер талапкердің ҰБТ нәтижесі жоғары болса, бірақ IELTS cертификаты болмаса, ол бәрібір тапсыра ала ма?
– Әрине егер талапкердің ҰБТ нәтижесі өте жоғары болса, мысалы ол «үздік түлектердің» 15 пайызының қатарында болса, онда ағылшын тілінен халықаралық сертификат (IELTS және т.б) тапсыру талабынан босатылуы мүмкін. Бірақ сұхбат ағылшын тілінде өтеді.
– Сіздің кәсіби жолыңыз қалай қалыптасты?
– Менің академиялық қызығушылығым күрделі жүйелердің табиғатын түсінуге ұмтылыстан басталды. POSTECH университетінде физика саласында білім ала отырып, деректерді талдау мен уақыттық қатарларды болжау бағытында зерттеулер жүргіздім. Бұл ғылыми негіз мені цифрлық индустрияға алып келді. Онда мен 20 жылдан астам уақыт бойы технология, бизнес, және стратегиялық басқару саласында қызмет атқардым. YAHOO компаниясында мен интернет дәуірінің қалыптасу динамикасын тікелей бақыладым, ал Сheil WorldWide-де цифрлық трансформация жобаларын басқару арқылы бизнес пен технологияның өзара ықпалдасуын терең түсіндім.
– Ал академиялық салаға қалай келдіңіз?
– Академиялық салаға бет бұруым – білімнің болашақты қалыптастырудағы шешуші рөлін терең түсінуден туындады. 2018 жылы Woosong университетінде Endicott College аясында AI & Big Data бөлімін негіздеп, оны халықаралық студенттер үшін Кореядағы жетекші бағдарламалардың біріне айналдырдық. Қазақстандағы қызметім – елдің жасанды интеллект саласындағы стратегиялық даму бағытын қолдау және Woosong University Kazakhstan-ды Орталық Азиядағы зияткерлік және технологиялық хаб деңгейіне көтеру. Сонымен қатар, мен Қазақстан жастарының әлеуетін тек аймақтық емес, жаһандық деңгейде жоғары бағалаймын.
– Сіздің ойыңызша, қазіргі білім беру жүйесінің басты ерекшелігі қандай болуы тиіс?
– Қазірігі білім беру жүйесі теориялық біліммен шектелмеуі тиіс – ол нақты құндылық қалыптастыратын тәжірибеге негізделуі қажет. Университетте біз жобалық оқыту моделін басшылыққа аламыз. Онда студенттер тек білім алып қана қоймай, нақты мәселелерді шешу арқылы қолданбалы нәтижелерге қол жеткізеді. Бұл тәсіл оларда сыни ойлау, бейімделу және жауапкершілік қабілеттерін қалыптастырады.
Әңгімелескен Айнұр ОҢҒАРБАЙ


