Шардара: Демеушілер Көксуға таза ауызсу мен жаңа ойын алаңын салып берді

Oinet.kz 23-11-2025 9

2020su.jpg

Шардара ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі – халықты таза ауызсумен қамту болса, екіншісі диқандардың егіс алқаптарына ағын су жеткізу. Қала берді елдімекендерді көгілдір отынмен қамту. Мәселен, жуырда Көксу ауылдық округіне қарасты Баспанды елді мекенінде таза ауыз су қондырғысы пайдалануға берілді.

Жоба «Азиялық Газ құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен және құрылысы «Рахым-Сауап» қоғамдық бірлестігі арқылы жүзеге асырылды. Жаңа су қондырғысының қуаттылығы сағатына 500 литрді құрайды.

Елдімекенді таза ауызсу құбырына қосу салтанатына Көксу ауылдық округінің әкімі Бақтыбай Қошқарбаев, «Шымкент» газ тасымалдау басқармасының директоры Асхат Бадырақов, Баспанды елді мекенінің биі Бердіқұл Сарбасов, «Рахым-Сауап» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зәуре Ешбаева, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында ауыл ақсақалдары елді мекенге таза ауыз су жеткізу ісіне ұйытқы болған аудан басшылығына және құрылыс жұмыстарына атсалысқан азаматтарға ризашылықтарын білдірді.

Сондай-ақ осы «Азиялық Газ құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен Көксу ауылдық округіне қарасты Баспанды елді мекенінде жаңа балалар ойын алаңшасы салынды. Оның да ашылу салтанаты дүркірете атап өтілді. Сол салтанатты іс-шара барысында округ әкімі Бақтыбай Қошқарбаев ауыл тұрғындарын жаңа ойын алаңшасының ашылуымен құттықтап, бұл нысанның ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ашылу рәсімінде «Шымкент» ГТБ директоры Асхат Бадырақов пен ауыл биі Бердіқұл Сарбасов ойын алаңшасының лентасын қиып, жиналған қауымды қуанышты оқиғамен құттықтады. Іс-шара барысында демеушілік жасаған «Азиялық Газ құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бірқатар қызметкерлеріне және ойын алаңшасын салуға атсалысқан «Рахым-Сауап» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зәуре Ешбаеваға алғыс хаттар, сондай-ақ «Шардара ауданына 60 жыл» және «Ерен еңбегі үшін» медальдары табысталды.

Арыс қаласы: Жаңа өндірістік парктің құрылысы жандана түсті
Шардара: Негізгі басымдық – су шаруашылығы инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу