Сарыағаш: Әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде

Oinet.kz 08-11-2025 8

Screenshot_3.jpg

Сарыағаш ауданы аумағында бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бағытталған медициналық нысан да бар. Бұл әлеуметтік маңызы бар нысандар Жылға және Әлімтау ауылдық округтерінде салынуда.

Жылға ауылдық округіне қарасты Шайхана елді мекенінде бой көтеріп жатқан медициналық нысан жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылуда. Оның жобалық құны 77 миллион теңгені құрайды. Жаңа нысанның құрылыс жұмыстарын «ВВ-Manap Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.

Сарыағаш ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалардың құрылысымен аудан әкімі Арман Абдуллаев пен  аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы бірге Жылға және Әлімтау ауылдық округтеріндегі жаңа нысандардың құрылыс барысы мен сапасын тексерді. Аудан әкімі Арман Абдуллаев нысанның жай-күйімен танысып, сапалы әрі уақтылы аяқтау қажеттігін атап өтті. «Бұл ғимарат пайдалануға берілген соң, тұрғындар орталыққа бармай-ақ алғашқы медициналық көмекті өз ауылынан ала алады. Сондықтан құрылыс сапасы мен медициналық құрал-жабдықтардың заманауи талаптарға сай болуын тапсырамын», – деді аудан басшысы. Жаңа медициналық нысан алғашқы жедел жәрдем көрсетуге және ауыл тұрғындарын сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Әлімтау ауылдық округінде тұрғындар ұсынысына сәйкес жаңа балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Алаңша заманауи талаптарға сай жабдықталып, қауіпсіздік стандарттары толық сақталған. Құрылыс жұмыстарын «Alsar Gold» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Жоба аудандық бюджет есебінен қаржыландырылған.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев жаңа нысанның сапасын тексеріп, оны күтіп-ұстау және тиімді пайдалану жауапкершілігін ауылдық округ әкімі Берік Тайменовке жүктеді. Алаңша балалардың бос уақытын тиімді өткізуге, спортпен шұғылдануына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

 Жалпы елімізде спорт нысандарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында да қаралған болатын. Бүгінгі күні Үкіметіміз спорт инфрақұрылымын дамыту және бұқаралық спортты қолдау мәселелеріне баса көңіл бөлуде. Сол жиында Премьер-министр басты мақсат халықтың спортпен қамтылу деңгейін арттыру және кәсіпқой спортшылар даярлау үшін қажетті жағдай жасау екенін атап өтті.

«Әрбір қазақстандықтың өмір салтына айналуға тиіс спорттың дамуы Мемлекет басшысының үнемі назарында. Бұл орайда еліміздің барлық өңірінде спорттық инфрақұрылым мен бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Басты мақсат – халықтың дене шынықтыру және спортпен қамтылу деңгейін арттырып, кәсіпқой спортшыларды даярлау үшін қажетті жағдай жасау. Барлық өңірде спорт инфрақұрылымын біркелкі дамытып, тұрғылықты жерлерге жақын спорт алаңдарының желісін құру қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов. Премьер-министр тапсырғандай Түркістан облысында да спорт нысандары көптеп салынып, ел игілігіне берілуде.

Жаңа ашылған спорт кешені Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылдық округінде орналасқан. Оның ашылу салтанатына Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтады. Бұл Спорт кешенінің құрылысы жеке инвестор «Sport Arena Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Нысанның жалпы аумағы 1 гектарды құрайды, ал жоба құны 55 миллион теңге. Кешенде футзал, волейбол және күрес секілді спорт түрлерімен шұғылдануға арналған залдар, киім шешу бөлмелері және қажетті инженерлік жүйелермен жабдықталған инфрақұрылым бар. Қазіргі таңда онда 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Қазығұрт: Тұрбат және Қызылқия ауылдық округтерінің инфрақұрылымын жақсартуға көңіл аударылды
Сарыағаш: Жылға жән Әлімтау ауылдық округтеріне инфрақұрылым жүйелері жаңғыртылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу