Арыс қаласы: Диқанның еңбегі елеуге тұрарлық

Oinet.kz 15-11-2025 6

581323238_18295257508279436_6949564144603030298_n.jpg

Арыс қаласында ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан еңбек адамдарына үлкен құрмет көрсетілді. Күзгі жиын-терім мен қатар келген «Алтын күз – 2025» салтанатты іс-шарасы қатар аталып өтті. Ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлеріне арналған жиын аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Жылдың төрт мезгілінде тыным таппай еңбек етіп, берекелі күздің ырысын еселеген диқандар мен малшылардың мәртебесі асқақтаған кеш көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.

Қала әкімі Қайсар Маңқараев шаһардың экономикасының артуына үлес қосқан ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерін тебірене жиын-терімнің аяқталуымен құттықтады. «Арыс үшін еңбек еткен әр адамның маңдай тері – біздің ортақ байлығымыз. Көктемде жер жыртып, жазда күтіп-баптап, күзде мол өнім алған ағайынның еңбегі қашан да құрметке лайық. Бүгінгі жетістіктер – сіздердің тоқтаусыз тіршілік пен табанды еңбектеріңіздің нәтижесі. Баршаңызға алғыс айтамын», – деді ол өз құттықтау сөзінде.

Марапаттау рәсімінде сүт өндірісі, жылыжай, балық шаруашылығы, мал басын асылдандыру, дәнді дақылдар өндірісі саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар азаматтарға «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілері, Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетуге үлес қосқан бірқатар шаруа қожалық жетекшілері мен ауылдық округ әкімдері де лайықты марапаттарға ие болды.

 Қала әкімі Қайсар Маңқараев еңбеккерлерді қолдау бағытындағы игі бастамалардың бірі ретінде «Каз Киоти» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен мемлекеттік жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында «Оспан» шаруа қожалығына 5 пайыз жеңілдікпен 7 жылға берілген су жаңа Dong Feng 904 маркалы тракторының кілтін салтанатты жағдайда тапсырды. бұл маңызды іс-шарада Amanat партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков те сөз алып, аграрлы саланың дамуына үлес қосып жүрген озат шаруаларға партия мен мәслихат атынан Алғыс хаттар табыстады. Салтанатты кеш Арыс өнерпаздарының әсерлі концерттік бағдарламасына ұласып, әуелеген ән мен мың бұралған би көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ал «Алтын күз – 2025» мерекесі аясында Арыс қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Күзгі маусымның берекелі шарасына қатысқан қала әкімі Қайсар Маңқараев сауда сөрелерін аралап, жергілікті еңбек адамдарының жай-күйін сұрап, диқандар мен малшылардың жыл бойғы еңбегінің нәтижесімен танысты. Әл-Фараби алаңында өткен жәрмеңке таңертеңнен-ақ халыққа лық толды. Арыс қаласына қарасты барлық ауылдық округтен келген шаруалар, жеке кәсіпкерлер өздері өндірген табиғи өнімдерін көпшілікке ұсынды. Сауда қатарына күзгі өнімдер – картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, бақша өнімдері, алма, жүзім, қауын-қарбыз, сонымен қатар ет, құс еті, қымыран, дәнді дақылдар секілді 40-тан астам өнім түрі қойылып, нарықтағы бағадан әлдеқайда 15-20 пайыз төмен өткерілді.

Жәрмеңке барысында шаруалардың маңдай терімен жеткен жетістіктері аталып, тұрғындар өнімнің сапасы мен қолжетімділігіне оң бағасын берді. Келушілер жергілікті тауар өндірушілерге шынайы алғысын айтып, өз өңірінің адал өнімін тұтынуға мүмкіндік берген шараның маңыздылығын ерекше атап өтті. Шара көркін ауыл өнімдерінен жасалған креативті көрме бұрыштары мен күзгі молшылықты паш ететін ерекше композициялар аша түсті. Сондай-ақ, алаңда ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі саладағы жаңашылдықты, заманауи мүмкіндіктерді және техникалық әлеуеттің артқанын көрсетті.

Сарыағаш: Жылға жән Әлімтау ауылдық округтеріне инфрақұрылым жүйелері жаңғыртылуда
Созақ: Округтерде кешенді даму жоспары жүзеге асырылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу