5 жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды немес қауіп-қатерсіз, бейбіт өмір – әр адамның арманы

Oinet.kz 12-11-2025 5

_gluster_2025_11_10_1e11774163d5820ab14f5b6049b3aa32_1280x720.jpg

Соңғы жылдары әрбір ауылдық округте ерікті құтқарушы жасақтары құрылып, жергілікті жерде алғашқы көмек көрсететін құрылымдар күшейтілуде. Мұның айқын дәлелі – Түркістан облысында жақында ашылған жаңа 5 өрт сөндіру бекеті. Игі бастаманың жалғасы ретінде Сайрам ауданында екі бірдей жаңа өрт сөндіру бекетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл жаңа нысан республикалық «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында бой көтеріп отыр.

Жаңа нысандар Сайрамдағы Қарамұрт және Құтарыс ауылдарында орналасқан. Ашылу салтанатына ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық ТЖД бастығы, полковник Асқар Төлешев, Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев, сондай-ақ, ардагерлер мен жергілікті тұрғындар қатысты. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында іске қосылған жаңа нысандар өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өрт пен төтенше жағдайлардың алдын алуға зор мүмкіндік береді деген сенімде. Атап айтсақ, Қарамұрт ауылындағы жаңа бекет 20 мыңға жуық тұрғыны бар Қарамұрт, Низамабад және Аққала ауылдарының тұрғындарын өрт және басқа да төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған. Ал Құтарыс ауылындағы өрт сөндіру бекеті 8 мыңға жуық тұрғыны бар 6 елді мекенді қамтиды. Атап айтқанда, Құтарыс, Қызылжар, Ақарыс, Оймауыт, Жусансай және Аққойлы ауылдарының қауіпсіздігі жаңа нысанның ашылуымен едәуір нығаймақ.

Құтарыс ауылдық округінде бой көтерген нысанның жалпы ауданы – 225 шаршы метр. Құрылысы «OZEN» қоғамдық қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асқан. Жоба құны – 65 миллион теңге. Ал Қарамұрт ауылдық округіндегі нысанның ауданы – 300 шаршы метр, жеке кәсіпкердің қолдауымен салынған.

«Бүгінгі күні біздің алдымыздағы басты міндет – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдай болған сәтте уақыт жоғалтпай әрекет ету. Әр ауылда мұндай өрт сөндіру бекеттерінің салынуы – мемлекеттің халыққа жақын болуының, қауіпсіздікке деген жауапкершіліктің нақты көрінісі», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов.

Салтанатты шарада ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов құттықтау сөз сөйлеп, өңірде азаматтық қорғаныс жүйесін жетілдіруге бағытталған жұмыстарға оң баға берді. Министр ауылдық жерлерде жаңа өрт сөндіру бекеттерін салудың маңыздылығын атап өтіп, Түркістан облысы әкімдігі мен ТЖД қызметкерлеріне алғыс білдірді. Ал облыс әкімі Нұралхан Көшеров ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды.

– Бүгін Түркістан өңірінде қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайлардың санын азайту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды күшейтуді тапсырған болатын. Облыста осы тапсырма аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы шеңберінде Түркістан облысында 5 жаңа өрт сөндіру бекеті салынды. Солардың қатарында бүгін іске қосылып отырған осы Қарамұрт, Құтарыс және Бөген бекеттері бар. Бұл нысандар аймақ тұрғындарын өрт және басқа да төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған. Осындай бекеттердің ашылуы – азаматтардың өмірі мен мүлкін сақтаудың кепілі. Өрт сөндірушілердің еңбектері – ерлікке пара-пар. Күн сайын қауіптің ортасында жүріп, халықтың амандығын күзетесіздер.

Облыс әкімдігі сіздердің қызмет жағдайларыңызды жақсартуға, техникалық базаны нығайтуға және бұл салаға тұрақты қолдау көрсетуге басымдық береді. Соңғы 2 жылда төтенше жағдай қызметіне облыс бюджетінен 30-ға жуық техника алынды. Сондай-ақ Сауран және Төлеби аудандарында жалпы құны 1 миллиард 612 миллион теңгені құрайтын екі өрт сөндіру бөлімі пайдалануға берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Біздің басты мақсатымыз – әрбір ауылдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді Нұралхан Көшеров.

Жаңа өрт сөндіру бекеттері техникамен және арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қажетті штаттар бекітілген. Облыс бойынша «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы шеңберінде барлығы 32 өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланған. Соның бесеуі биыл тапсырылуда.

Сонымен бірге Ордабасы ауданында да жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Ордабасы ауданындағы бекетке келсек, мұнда да өрт сөндірушілерге қолайлы жағдай жасалған. Арнайы техника мен құрал-жабдықтармен қамтылған. Бөген ауылындағы бұл бекет те өрт қауіпсіздігін сақтауға үлес қоспақ.

  Осы өрт сөндіру пункітінің де ашылу салтанатына да Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Нұралхан Көшеров те қатысты. Бұл нысан ерікті өрт сөндіру құралымдар желісін дамытуға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында құрылды. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұралхан Көшеров, жергілікті билік өкілдері, ауыл тұрғындары мен меценаттар тілектерін жеткізді.

  Жаңа пункт ТЖМ берген өрт сөндіру техникасымен, байланыс құралдарымен және тәулік бойы кезекшілік атқаруға арналған жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бөген, Кемер және Жеңіс ауылдарында тұратын шамамен сегіз мың тұрғынға қызмет көрсетуді жергілікті бюджет есебінен еңбекақы алатын еріктілер құрамындағы штат қамтамасыз етеді. Нысанды жабдықтауға аудандық мәслихат депутаты Әбілда Әлібеков айтарлықтай қолдау көрсетті.

«Мұндай құралымдар бүгінде шалғай елді мекендердің өзінде де құрылуда. Түркістан облысында 800-ден астам ауыл бар, біз олардың әрқайсысында өз өрт сөндіру пункті ашылуына ықпал ететін боламыз»,  – деп Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов атап өтті. Оның айтуынша Төтенше жағдайлар министрлігі ерікті бөлімшелерді техникамен, байланыс құралдарымен және арнайы киіммен қамтамасыз ету жұмыстарын, сондай-ақ олардың материалдық-техникалық базасын жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып нығайту ісін жалғастыруда. Бұл өңірлердің төтенше жағдайларға дайындық деңгейін және ауыл халқының қауіпсіздігін арттырады.

Сондай-ақ ол жаңа пункттің ашылуы ауылдың ғана емес, бүкіл ауданның қауіпсіздігіне оң ықпал ететінін атап өтті. «Мемлекет басшысы ауылдың дамуына, тұрғындардың алаңсыз өмір сүруіне ерекше назар аударып отыр. Бүгінгі ашылып отырған нысан – соның айғағы. Бұл пункт тек өртке қарсы қызмет қана емес, жалпы ауылдық жердің тұрақтылығы мен тыныштығына үлес қосатын маңызды мекеме болмақ. Ең бастысы енді Бөген тұрғындары өздерінің қауіпсіздігі сенімді қолда екенін сезінеді», – деді.

Мұндай өрт сөндіру бекеттері Созақ ауданындағы Жуантөбе мен Қаратау ауылдарында да ашылды. Бұл нысандар да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында салынған. Оның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, сала қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Жиын барысында министр Шыңғыс Әрінов тұрғындарды жаңа нысандардың ашылуымен құттықтап, олардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңыздылығына тоқталды. Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өз сөзінде шалғай ауылдарда мұндай бекеттердің ашылуы – тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғауға, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін маңызды әрі тарихи қадам екенін атап өтті. Жуантөбе мен Қаратау ауылдарында ашылған өрт сөндіру бекеттерінің әрқайсысы 144 шаршы метрді құрайды. Заманауи талаптарға сай салынған нысандар қажетті техника және құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Әр бекетке жергілікті 10 адамнан тұрақты жұмыс орнымен қамтылады.

Жаңа бекеттер іргелес елді мекендерге де қызмет көрсетеді. Бұл аудан орталығынан алыс орналасқан елді мекендердің қауіпсіздігін арттырып, өрт және төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарын жою ісін жеделдетуге мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындары «Қауіп-қатерсіз, бейбіт өмір – әр адамның арманы. Осы жолда атқарылып жатқан жұмыс – бәріміз үшін үлкен қуаныш. Жаңа бекет ауылымыздың қорғанына, сеніміне айналсын», – деді.

Мұндай бастамалар жалғасын тауып, ерікті құтқарушылар жасақтарының жұмысы кеңейе берсе, өңірдің қауіпсіздігі де, елдің көңілінің тыныштығы да арта түспек.

Созақ: Округтерде кешенді даму жоспары жүзеге асырылуда
Туризм саласында шетелдік әріптестермен тығыз әріптестік байланыс орнатылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу