Арыс қаласы: Әлеуметтік-инфрақұрылым нысандарының қатары округтерде артып отыр

Oinet.kz 29-11-2025 14

Screenshot_9.jpg

Арыс қаласының әкімі Қайсар Мақараев ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездесіп, ондағы әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысуда. Қала әкімі жұмыс сапары аясында Жиделі ауылдық округіндегі құрылыс нысандарының барысын көрді.

Жиделіде соңғы жылдары ауыл инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылуда. Биыл ауыл ақсақалдары мен тұрғындардың қатысуымен Жиделіге табиғи газ беріліп, көптен күткен қуанышты сәт орын алды. Ендігі кезекте, округке қарасты Аққала елді мекенін газға қосу бойынша жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар Жиделі елді мекенінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Тұрғындар ұсынысына сәйкес, футбол алаңшасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аққала елді мекенінде балалар ойын алаңы орнатылып, балалар үшін жаңа демалыс орны ашылды. Бұдан бөлек, Жиделі мен Аққала елді мекендерінің негізгі көшелеріне тас төселіп, жол инфрақұрылымы жақсарды.

Мұндай игі істерден Байырқұм ауылдық округінің тұрғындары да қалыс қалмаған. Атап айтқанда, биыл Байырқұм және Көкжиде елді мекендерінде көптен күткен қуанышты жаңалық – табиғи газ беріліп, алғашқы алау жағылды. Бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, өмір сүруге қолайлы жағдай қалыптастырды. Ендігі кезекте «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Байырқұм елді мекенінде жаңа заманауи спорт залдың құрылысы жүргізілуде. Нысан пайдалануға берілген соң ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне және спортпен шұғылдануына мүмкіндік туады. Сонымен қатар, тұрғындар сұранысына сәйкес, Байырқұм ауылындағы Абай, Б.Майлин және Тұрғынбаев көшелеріне, Көкжиде елді мекеніндегі М.Мәметова және Алматы көшелеріне тас төселді. Қазіргі таңда Байырқұмдағы орталық – Тұрғынбаев көшесінде жаяу жүргінші жолын салу жұмыстары жүргізілуде. Ал, Көкжиде елді мекенінде балалар ойын алаңшасы орнатылып, ауыл балаларының қуанышына айналды. Байырқұм ауылында электр желілері мен трансформаторлар жаңартылуда. Бүгінде жарамсыз бағаналар ауыстырылды.

Игі істерді, жүзеге асырылған жобалардың нәтижесін Қожатоғай ауылдық округінен де көруге болады. Яғни, бұл округте «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қожатоғай елді мекеніндегі Исабекқожа және Жаңа көшелеріне асфальт жабыны төселуде. Және Ә.Елекеев, А.Есқожа және Майлықожа көшелерінде аяқ жол салу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Қожатоғай мен Байтоғай елді мекендерінің арасындағы аудандық маңызы бар жолдың су шаю қаупі бар аймағына тюбинг орнатылып, жол қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Байтоғай ауылында №3 көшеге асфальт төсеу жұмыстары қолға алынған. Шөгірлі елді мекенінде балалар ойын алаңшасы орнатылып, ауыл балалары үшін қолайлы демалыс орны пайда болды. Қожатоғай елді мекенінде қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған жаңа полигон құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Ауыз су жүйелерін жаңарту бағытында да жұмыстар атқарылды. Байтоғай ауылындағы су құбырлары мен сорғылар жаңартылып, Шөгірлі елді мекенінің су жүйесіне сүзгі орнатылды. Сонымен қатар, Қожатоғай ауылдық округі аумағында дала өртіне қарсы уақытша өрт сөндіру бекеті орнатылды.

Алдағы уақытта Қожатоғай елді мекенінде 120 орындық клуб пен кітапхана ғимаратын салу көзделіп отыр. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, республикалық бюджетке ұсынылды.

«Айта берсе, аудан округтеріндегі жұмыс ауқымы кең. Әлеуметтік-инфрақұрылым саласындағы жобалардың игілігін ел көруде. Мәселен, Монтайтас ауылдық округінде де атқарылған жұмыстың аз еместігін көруге болады. Осы және жоғарыда аталған Жиделі, Байырқұм және Қожатоғай, енді міне Монтайтас ауылдық округіндегі нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, ол кездесулер барысында тұрғындардың ұсыныстарын мұқият тыңдап, көтерілген мәселелердің шешімін табу бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, кейбіріне өзім жауап бердім. Алдағы атқарылатын жұмыс барысымен де таныстырып өттім. Жалпы округ тұрғындарымен кездесуде ашық форматта ұйымдастырылып, онда өткен жиында округ аумағында атқарылған жұмыстар таныстырылып, алдағы жоспарлар айтылды және тұрғындардың ұсыныс-тілектері тыңдалды. Негізінен инфрақұрылымды дамыту, ауыз су, жол, жарықтандыру, қауіпсіздік және инженерлік жүйелер бойынша жүзеге асқан жобаларға жеке тоқталып, әр бағыттағы нәтижелерді баяндадым», – дейді аудан әкімі.

Ал Монтайтаста биыл, тұрғындардың сұранысына сәйкес, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Монтайтас елді мекеніндегі тозығы жеткен таза ауыз су жүйесіне күрделі жөндеу жүргізіліп, жоба толық аяқталған. Нысан биыл шілде айында пайдалануға беріліп, қазіргі таңда ауыл тұрғындары 24 сағат таза ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ, Бақырша елді мекенінде Арғынбай құдығындағы ауыз су жүйесінің ескірген бөліктері жаңартылды. Және №42 разъезд және Қабылсай елді мекендерінде ішкі ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Нысан 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланған.

Монтайтаста ауыл шаруашылығы қажеттілігіне арналған мал тоғыту ваннасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жазғы маусымға уақытша өрт сөндіру бекеті ұйымдастырылып, жұмыс істеуде. Спорт инфрақұрылымын жақсарту бағытында Монтайтас елді мекеніндегі футбол алаңына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық қалпына келтірілді. Жолдағы қауіпсіздікті арттыру үшін облыстық маңызы бар «Арыс–Монтайтас» тас жолының бойындағы Аршабай, Қабылсай және Ақтас елді мекендерінің тұстарына жасанды жол кедергілері орнатылды.

Шағыр елді мекенінде күн сәулесінен қуат алатын көше жарық шамдарын орнату қолға алынуда. Ал Монтайтас, Атамекен, Шағыр, Ақтас, Қабылсай, Бақырша және №42 разъезд елді мекендеріндегі газ жүйесінің ішкі желілеріне арналған жобалар дайын. Қазіргі уақытта негізгі газ жеткізу құбырының жобалық құжаттамасы сараптама кезеңінен өтіп жатыр.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан айтылған барлық ұсыныс-сауалдар хаттамаға енгізіліп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Ордабасы: «Рамазан-Агро» серіктестігі өнімі шет елге экспортталуда
Түркістан қаласы: Шағын аудандарда маңызды жобалар жүзеге асырылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу